16 қараша. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 16 қараша. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 16 қарашаға арналған күнтізбесін ұсынады.

16 қараша. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

16 қараша. ЖЕКСЕНБІ

Бүкіләлемдік жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске түсіру күні.

Бұл күннің белгіленуіне 1993 жылы ЖКО нәтижесінде зардвап шеккен адамдарға көмек көрсететін британдық RoadPeace қайырымдылық ұйымы бастамашы болды. 2005 жылғы қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен қарашаның үшінші жексенбісі Бүкіләлемдік жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күні болып белгіленді.

Төзімділіктің (толеранттықтың) халықаралық күні. 1996 жылғы желтоқсанның 12-сінен бастап, БҰҰ Бас Ассамблеясының бастамасымен атап өтіледі.

ЮНЕСКО-ның туған күні. Осыдан 63 жыл бұрын 1945 жылы қарашаның 16-да Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы құрылды. Дәл осы күні Лондонда өткен конференцияда оның Жарғысы қабылданып, оған 37 мемлекет қол қойды.

ЮНЕСКО Жарғысы 1946 жылы 20 мемлекет: Австралия, Англия, Бразилия, Грекия, Дания, Доминикан Республикасы, Египет, Үндістан, Канада, Қытай, Ливан, Мексика, Жаңа Зеландия, Норвегия, Сауд Арабстаны, Америка Құрама Штаттары, Түркия, Франция, Чехославакия және Оңтүстік Африка Республикасы бекіткеннен кейін күшіне енді. 1960 жылы Ұйым құрамына 19 африкалық мемлекет кірді. Ал Кеңес одағы құрамында болған бұрынғы 12 республика 1991-1993 жылдары аралығына ЮНЕСКО-ның мүше-мемлекеттері болды.

Украинада радио, телевидение және байланыс қызметкерлерінің күні. Украинаның радио, телевидение және телекоммуникациялық салалары қызметкерлерінің бастамасын қолдау мақсатында ел Президентінің 1994 жылғы 11 қарашадағы Жарлығымен бекітілген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

73 жыл бұрын (1941) Панфилов дивизиясының 1075-ші атқыштар полкі (бұл дивизия Қазақстанда жасақталған болатын) Дубосеково разъезінің түбінде неміс басқыншыларының 18 танкісін жойып, фашистерді Мәскеуге қарай өткізбеді.

41 жыл бұрын (1973) Қарағанды музыкалық комедия театры Теміртау қаласында құрылып, И.Дунаевскийдің «Еркін жел» опереттасымен шымылдығын ашты. 1980 жылы театр ұжымы түпкілікті Қарағандыға қоныс аударды. Өнер ордасы репертуарында Қазақстан, Ресей және шет ел композиторларының оперетталары орын алған. 2000 жылы аталмыш ұжым облыс театрларының арасында бірінші болып академиялық театр атағын алған.

21 жыл бұрын (1993) Германиядағы Нюрнберг қаласы экономикалық даму және маркетинг гильдиясының Үлкен алтын медалі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді.

13 жыл бұрын (2001) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримов Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы туралы келісімге қол қойды.

76 жыл бұрын (1938) Бүкілодақтық дене шынықтыру және спорт комитеті «Еркін күресті дамыту туралы» шешім шығарды. Осы күн самбоның туған күні ретінде саналады.

10 жыл бұрын (2004) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызды қалалар, астана бюджеттері арасында жалпы сипаттағы ресми трансферттер көлемі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

10 жыл бұрын (2004) Алматыда спорттық гимнастикадан қала әкімінің жүлдесі үшін І ашық турнир өтті.

10 жыл бұрын (2004) Қызылорда облысы Сырдария ауданының Тереңөзек ауылында жаңа мешіт ашылды. Аллаға мінәжат ету үйінің ашылу салтанатына аудан әкімі, облыстық мешіттің діни қызметкерлері, жергілікті қоғамдастықтың өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлері қатысты.

9 жыл бұрын (2005) Түркістанда тоқымалық емес мақта талшықтарын және косметикалық мақта спонждарын шығаратын зауыт іске қосылды. «Фараб» индустриалдық кешені - қазір оңтүстікте жасалып жатқан мақта-мата кластері тізбегіндегі жаңа буын болып табылады. Комбинат ағартылған мақта талшығын, медициналық мақта, тоқымалық емес мақта талшығын, косметикалық және гигиеналық мақта спонждарын шығаруға бейімделген. Кәсіпорын Германияның, Ұлыбританияның, Италияның, Оңтүстік Кореяның жетекші өндірісшілерінің қазіргі заманғы техникаларымен жабдықталған.

7 жыл бұрын (2007) Сарқан қаласында аты аңызға айналған теміржолшы, Түрксібтің Шоқпар нұсқасындағы жобасының авторы мен орындаушысы Мұхамеджан Тынышбаевқа ескерткіш қойылды. Салтанатты бөлімнен кейін облыс әкімі, аты аңызға айналған теміржолшының ұрпағы және саяси қайраткерлер ескерткіш жанына жас шыршалар отырғызды.

Мұхамеджан Тынышбаев (1879-1937) - қоғам қайраткері, қазақтың тұңғыш теміржол инженері, тарихшы ғалым, Қоқан автономиясының басшысы, Алашорда үкіметінің мүшесі. Бұрынғы Жетісу облысының Лепсі уезіне қарасты Мақаншы - Садыр болысындағы Жыланды тауының етегі, қазіргі Алматы облысы Қабанбай ауданында дүниеге келген. 1989 жылы Верный қаласына оқуға кетеді. Оны үздік бітіріп, Александр І атындағы теміржол инженерлері Санкт-Петербор Императорлық институтына түседі. Саяси өмірге белсене қатыса отырып, ол туған өңірінен Ресей Мемлекеттік Думасына ІІ шақырылымның депутаты болып сайланады 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін М.Тынышбаев саяси қызметке кірісті. 1938 жылы М.Тынышбаевтың өмірі қайғылы үзілді. Ол халық жауы ретінде екі рет сотталып, одан кейін ату жазасына кесілген. 2009 жылы Мұхамеджан Тынышбаевтың 130 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілді.

5 жыл бұрын (2009) Астанада Бөгенбай батыр даңғылында орналасқан көпір толықтай іске қосылды. Көпірдің құрылысы 4 жылға созылды, оның жалпы ұзындығы 1825 метрді құрайды және онда 13 мыңнан астам металл және 8 мыңға жуық бетон құрылымдары пайдаланылған. Сондай-ақ эстакадаға 1361 діңгек қосымша қағылды. «Біздің қалада мұндай ұзындықтағы көпірлер әлі салынған жоқ және ол тәулігіне 100 мыңнан астам автокөлікті өткізуге қабілетті. Бұл көпірмен Бөгенбай даңғылы мен Уәлиханов көшелері арқылы Ақжол көшесіне, Павлодар күре жолына және Ағаш зауыты шағынауданына түсуге болады.

Эстакаданың ені 47 метр, ол 8 жолақ қозғалысқа есептелген. Ал 2009 жылдың шілдесінде эстакаданың сол жақ бөлігі іске қосылған болатын.

5 жыл бұрын (2009) Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында белгілі қазақ ақыны Әбділда Тәжібаевтың 100 жылдығына арналған пошта маркасының таныстырылымы өтті. Шараға ақынның туыстары, әріптестері ақын-жазушылар, Алматы қаласының әкімшілігінің қызметкерлері қатысып, естеліктерімен бөлісті

Әбділда Тәжібаев (1909-1998) - көрнекті ақын, драматург, әдебиет, театр зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғары әдеби курсты бітірген. 30-жылдары ақынның «Жаңа ырғақ», «Лирикалар» деп аталған тұңғыш жинақтары жарық көреді. Белгілі «Оркестр», «Абыл», «Толағай» сынды романтикалық поэмалары мен М.Әуезовпен бірігіп жазған «Ақ қайың» деп аталатын тұңғыш пьесасы да сол жылдардың жемісі. 1964 жылы ақынның «Жүректілер» атты пьесалар жинағы жарыққа шыққан. Бұл еңбекте «Майра», «Жалғыз ағаш орман емес», «Көңілдестер», «Қыз бен солдат», «Монологтар» сияқты драмалық туындылары, «Той боларда», «Дубай Шубаевич» тәрізді комедиялары жинақталған. Оның «Өмір мен поэзия» «қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы» атты монографиялық зерттеулері, көптеген сын мақалалары жарияланған. «Жаданның хаттары», «Хаттар сөйлегенде», «Өмір мен ерлік» атты сын, эссе, прозалық кітаптарында әдебиет пен өнерге қатысты толымды пікірлер айтқан. Ә.Тәжібаев жазушылығына қоса біраз жылдар М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, өмірінің соңғы жылдарын бірыңғай шығармашылыққа арнаған.

5 жыл бұрын (2009) Беларуста Қазақстан студенттерінің кеңесі құрылды.

Кеңестің негізгі мақсаты - Беларуста шоғырланған қазақстандық студенттер қауымдастығын қалыптастыру.

Кеңес отансүйгіштік рухты нығайта түсетін қазақ мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын дәріптеуге арналған іс-шараларды Беларуста ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

3 жыл бұрын (2011) Астанадағы Президенттік мәдениет орталығының жанындағы мемлекеттік алтын және бағалы металдар мұражайында «Тәуелсіздік тағылымы» атты фотожұмыстар көрмесі өтті. «ҚазАқпарат» ақпараттық агенттігінің фототілшісі Мұхтар Холдорбеков арнайы жүлдемен және дипломмен марапатталды.

3 жыл бұрын (2011) Петропавлда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Нұрсұлтан Назарбаев - ХХІ ғасырдағы жаһандық энергетика жасау және орнықты даму стратегиясының авторы және бастамашысы» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.

3 жыл бұрын (21011) Тәжікстанның Қорғантөбе қаласында Қазақ киносының күндері ашылды.

2 жыл бұрын (2012) Астанада Ұлттық академиялық кітапханада 45 кітаптан тұратын «Жаңа заман әдебиеті» сериясының таныстырылымы болды.

2 жыл бұрын (2012) ХХ ғасырдың көрнекті ғалымы Лев Гумилевтің жүз жылдығына Астанада ескерткіш күнтізбе басылып шығарылды.

2 жыл бұрын (2012) Астанада «Сарыарқа» велотрегінің аренасында «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезі ашылды. Оның жұмысына Елбасы нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

ЕСІМДЕР

75 жыл бұрын (1939) ғалым, биология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Жаратылыстану Ғылымдары Академиясының академигі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты БЕКЕНОВ Аманқұл дүниеге келді.

Қостанай облысы Жанкелді ауданында туған. ҚазПИ-ді (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институты атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген.

1961-2003 жылдары Зоология институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, лаборатория меңгерушісі, директоры қызметтерін атқарды.

Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстандағы омыртқалы жануарларды (қосмекенділер, бауырымен жорғалаушылар, құстар, сүтқоректілер) қорғау мәселелеріне арналған. Бекеновтің Қазақстанның шөл және шөлейтті аудандарын мекендейтін сүтқоректілердің биологиялық, экологиялық ерекшеліктерін зерттеп, жойылып бара жатқан омыртқалы жануарларды қорғап қалудың теориялық негіздерін ұсынды. Осы сала бойынша республика ғылыми мекемелерінде және жоғары оку орындарында атқарылып жатқан ғылыми зерттеулерді үйлестіруге басшылық жасады. Ол Қазақстанда ақбөкенді қорғау және оның санын қалпына келтіру мәселесін зерттеді.

5 монография, 250 ғылыми мақалалардың, 12 ғылыми-танымдық кітаптардың авторы.

124 жыл бұрын (1890-1983) ғалым-орнитолог, биология ғылымдарының докторы, профессор ХАХЛОВ Виталий Андреевич дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. Әкесі Андрей Степанович Хахлов белгілі өлкетанушы, аңкөс адам болған. Өлке тарихын зерттеумен айналысып, Зайсан арқылы өткен ғылыми экспедицияларға үнемі көмек көрсетіп отырған. Гимназиядағы кезінен бастап Виталий Хахлов Мәскеу академиясының болашақ академигі, доцент П. Сушкиннің құстар топтамасын жинау жайлы тапсырмаларын орындаған. 1917 жылы Мәскеу университетін аяқтағаннан кейін В.А.Хахлов бұрынғы бастаған ісін жалғастыру үшін Оңтүстік Алтайға Зайсан қазаншұңқыры мен Тарбағатай өңіріндегі құстарды зерттеп, диссертация даярлау үшін іссапарға жіберілді. 1921 жылы Томск университетінде қызмет ете жүріп, Сібір орнитологиялық қоғамының қызметін қалпына келтіріп, студенттердің қалың тобын орнитологиялық қызметке тартты. Қоғам зоологиялық топтамаларды сатудан түскен қаражатқа арнайы орнитологиялық «Урагус» журналын шығарды. 1926-1929 жылдары Сібір орнитологиялық қоғамның төрағасы және «Урагус» журналының редакторы болды.1928 жылы «Известия Томского государственного университета» басылымында оның өмірдегі ең үлкен еңбегі «Зайсан қазаншұңқыры және Тарбағатай. Құстар.» зоогеографиялық очеркінің бірінші бөлімі басылып шықты. 1930 жылы Алматыға қоныс аударды. Кейіннен Пермь, Ярославль қалаларында, тағы да Алматыда әртүрлі институттар мен университеттерде қызметтер атқарған.

Медальдармен марапатталған.

109 жыл бұрын (1905-1980) физик, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты НЕМЕНОВ Леонид Михайлович дүниеге келді.

Днепропетровск қаласында туған. Ленинград мемлекеттік университетін бітірген.

1929-1943 жылдары - КСРО Ғылым академиясы Физика-техника институты зертханасының меңгерушісі, аға ғылыми қызметкері, ассистенті. 1943-1962 жылдары - КСРО Ғылым академиясы И.В.Курчатов атындағы Атом энергиясы институтының сектор меңгерушісі. 1962-1968 жылдары - Қазақ КСР ҒА Ядролық физика институтының бөлім жетекшісі. 1963-1967 жылдары - Қазақ КСР физика-математика бөлімшесінің академик хатшысы. 1967-1968 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясы Төралқасының академик-хатшысы қызметін атқарушы. 1968-1980 жылдары - Бүкілодақтық физика-техника және радио-техника өлшеулер ғылыми-зерттеу институтының үдеткіштер орталығының бастығы қызметтерін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері диэлектриктер мен жартылай өткізгіштер физикасына, ядролық физикаға және үдеткіштер техникасына арналған. «Твёрдые выпрямители и фотоэлементы» атты кітабы жарық көрген.

2 рет Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту, 2 рет «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

39 жыл бұрын (1975) ҚР Қаржы вице-министрі БЕКЕТАЕВ Руслан Бақытжанұлы дүниеге келді.

Шымкент қаласында туған. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Бристоль университетін (Ұлыбритания), Оксфорд университетін (Ұлыбритания) бітірген.

1996-2001 жылдары - ҚР Ұлттық құнды қағаздар комиссиясының лицензиялау және қадағалау департаментінде жетекші маман, сектор меңгерушісі, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, департамент директорының орынбасары міндетін атқарушы. 2001-2004 жылдары - ҚР Ұлттық банкінің қаржылық қадағалау департаментінің инспекциялау басқармасының бастығы. 2004-2005 жылдары - ҚР қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі банктерді қадағалау департаментінің инспекциялау басқармасының бастығы. 2005-2010 жылдары - қаржы органдарындағы, ҚР Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіндегі қызмет. 2011 жылғы мамыр-тамыз - «Қазақ гуманитарлық заң университеті» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі. 2011-2012 жылдары - ҚР Қаржы министрлігінің қаржылық мониторинг комитеті төрағасының орынбасары. 2012-2014 жылдары - ҚР Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетінің төрағасы. Қазіргі қызметінде - 2014 жылғы шілдеден бері. «ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

31 жыл бұрын (1983) қазақстандық боксшы, 2005 және 2007 жылғы әлем чемпионы, 2012 жылғы олимпиада чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 2012 жылғы Вэл Баркер кубогының иегері СӘПИЕВ Серік Жұманғалиұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және спорт, экономика факультеттерін бітірген.

әлемнің екі дүркін чемпионы (2005, 2007), Азияның екі дүркін чемпионы (2007,2009), Азия ойындарының жеңімпазы (2010), бірқатар ірі турнирлер медальдары мен жүлделерінің иегері. Қазақстанның атақты боксшыларының бірі.

2008 жылғы Бейжің жазғы олимпиада ойындарына қатысушы, бірақ та жартылай финалға өте алмады. 2012 жылғы Лондон олимпиадасында жапондық Ясухиро Сузукиді, венесуэлалық Габриель Маэстр Перезді, ресейлік Андрей Замковойды, ал финалда жарыс қожайыны -британдық Фрэдди Эвансты жеңіп, 69 келіге дейінгі салмақта олимпиада чемпионы атанды.

77 жыл бұрын (1937) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі КОСАРЕВ Владислав Борисович дүниеге келді.

Қазақстан Коммунистік халық партиясы ОК хатшысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты 1937 жылы Көкшетау облысында туған. Омск ауыл шаруашылығы институтын (1968) және КОКП ОК Жоғары партия мектебін сырттай бітірген (1972). 1954-1956 жылдары - Көкшетау облысы Рузаев ауданының «Боровской» кеңшарында тракторшы. 1956-1959 жылдары Кеңес Армиясында қызмет өткерген. 1959-1961 жылдары - Көкшетау облысы Рузаев ауданының «Боровской» кеңшарында жүргізуші, комсомол комитетінің хатшысы. 1961-1968 жылдары - Көкшетау облысы Рузаев ауданының «Мичурин», «Володар», «Червонный» кеңшарларында партия комитетінің хатшысы. 1968-1970 жылдары - Көкшетау облыстық партия комитетінің нұсқаушысы. 1970-1974 жылдары - ҚЛКЖО Көкшетау облыстық комитетінің бірінші хатшысы. 1974-1980 жылдары - Көкшетау облысы Ленин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1980 - 1990 жылдары - Ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының Көкшетау облыстық комитетінің төрағасы. 1990-1997 жылдары - Көкшетау облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы. 1998-1999 жылдары - Көкшетау қаласындағы «Interteach» Қазақ ұлттық денсаулық сақтау және медициналық сақтандыру корпорациясы өкілдігінің директоры. 1990 - 2004 жылдары - Ақмола облысының № 1 округінен сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты. 2004 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін - Қазақстан Коммунистік халық партиясы ОК хатшысы (жетекшісі). 2007 жылдан бастап - Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның мүшесі. Екі Еңбек Қызыл Ту орденімен(1973 ж.,1979 ж.); үш «Құрмет Белгісі» орденімен (1968, 1971, 1976); екі медальмен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 2012 жылғы қаңтардан бастап - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚКХП партиялық тізімі бойынша сайланған.

56 жыл бұрын (1958) кеңес және ресей эстрада әншісі, Ресей және Украина халық әртісі Александр МАЛИНИН дүниеге келді.

52 жыл бұрын (1962) орыс композиторы және әншісі КОРНЕЛЮК Игорь Евгеньевич дүниеге келді.