16 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2015 жылғы 16 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

16 қазан. ЖҰМА

Бүкіләлемдік азық-түлік күні. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының құрылған күніне орай, ұйым шешімімен тойланады (1945 жылғы қазанның 16-ы).

Дүниежүзілік анестезиологтар күні

Анестезия - жүйке сезімталдығының жоғалуы. Жасанды анестезияны хирургиялық операцияны ауыртпау үшін қолданады. Анестезия жалпы, жергілікті және жұлын-ми сұйықтығы анестезиясы болып бөлінеді. Тарихтың айтуынша 1846 жылғы қазанның 16-ында тіс дәрігері Томас Мортон эфир наркозымен операция өткізді. Бұл күнді дүниежүзі Анестезиолог күні деп есептейді.

Бастық күні (Босс күні)

1958 жылы американ хатшысы Патриция Хароски жаңа мейрам - Бастық күнін ұсынды. 1962 жылы Иллинойс штатының губернаторы бұл мейрамды ресми түрде бекітті. Бұл дәстүрді көптеген елдер қолдады және мейрам дүниежүзіне тез тарады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

8 1 жыл бұрын (1934) Ф.Достоевский атындағы Семей орыс драма театры құрылды.

75 жыл бұрын (1940) Семей қаласында қазақтың ұлы ақыны, жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ, ағартушы, композитор Абай Құнанбайұлының мұражайы ашылды. Республикада алғашқылардың бірі болып ашылған бұл мұражай орталық Шығыс пен Батысты байланыстырып отыр. Абай мұражайына 20 мың жәдігер қойылған. Олардың қатарында Абайдың көзін көріп, өзі тұтынған заттар да кездеседі. Сондай-ақ, мұнда 13 мың кітап қоры бар кітапхана жұмыс істейді.

54 жыл бұрын (1961) Өскемен аспаптар зауыты өзінің алғашқы өнімдерін шығара бастады.

43 жыл бұрын (1972) О. Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды баларға арналған физика-математика орта мектеп-интернаты ашылды. Республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайысынан жүлделі орындарға ие болып, жоғары көрсеткіштерге жеткен Қазақстан мектептерінің бірі болып табылады. Аталған оқу орнында 9-11 сынып оқушылары білім алады.

24 жыл бұрын (1991) Қазақ КСР-інің Президентін сайлау туралы Заң қабылданды. Осы Заңға сәйкес ел көшбасшысын таңдау жолындағы бүкілхалықтық бірінші сайлау өтті.

23 жыл бұрын (1992) Өскемен қаласындағы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Шығыс бөлімшесі ашылды.

21 жыл бұрын (1994) 16-17 қазанда Н.Ә. Назарбаев Түркияға ресми сапармен барды. Сапар барысында Түркия мен Қазақстан арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы келісім-шартқа қол қойылды.

15 жыл бұрын (2000) Семейдегі Ертіс өзенінің үстіне салынған көпірдің ашылу салтанатына Елбасы Н.Ә.Назарбаев қатысып, таспасын қиды. Бұл алып көпірдің жалпы ұзындығы - 205 метр, биіктігі - 90 метр, ені - 35 метр. Көпір үстіндегі алты қатар жолдың әрқайсысының ені 4 метрге жуық.

14 жыл бұрын (2001) Тараз қаласында «Жабағылы-Манас» тау клубы» республикалық қоғамдық бірлестігі тіркелді. Төрағасы - Рауф Сәбитов. Аталмыш бірлестіктің негізгі мақсаты әлеуметтік-экономикалық және экологиялық бағдарламаларды жүзеге асыру, туризм, альпинизм, парапланеризм, дельтапланеризм сияқты тау спорты түрлерін дамыту арқылы табиғи ресурстар мен биологиялық әралуандылықты сақтауға атсалысу болып табылады.

9 жыл бұрын (2006) Мәскеуде ресейлік оқырмандар мен әдебиеттанушылар тобына 1890 жылы Ф.Павленков негізін қалаған «Тамаша адамдардың өмірі» топтамасына кірген «Мұхтар Әуезов» кітабы таныстырылды. Оның авторы - Николай Афанасьев.

8 жыл бұрын (2007) Шымкентте «Абай» деп аталатын ұлттық әдеби, мәдени, қоғамдық басылымның алғашқы нөмірі жарық көрді. Оны шығарған Халықаралық «Абай» клубы. «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай туралы сөз» деп аталатын мақаласымен ашылған жаңа басылым 20 бет көлемінде 10 күнде бір рет шығады. Онда қазақ ақын, жазушылары ғана емес әлем әдебиетінің көрнекті тұлғаларының шығармалары басылады. 30 мың данамен жарық көрген басылымдағы материалдар «Әлем поэзиясы», «Поэзия», «Сын», «Нобель сыйлығының лауреаттары», «Салт-дәстүр», «Дала кемеңгерлері», «Тұлға», «Біздің қонағымыз», «Отбасы», «Детектив», «Спорт», «Халықаралық Абай клубының кітапханасы» деген айдарлар бойынша жарық көріп отыр.

8 жыл бұрын (2007) Қазақстан, Иран және Әзербайжан темір жол тармағының құрылысы туралы келісімге қол қойды. Тегеранда Каспий маңындағы мемлекет басшылары саммиті шеңберінде, Нұрсұлтан Назарбаев, Ильхам Әлиев, Махмуд Ахмадинежад келісімге қолдарын қойды. Бұл жоба темір жол құрылысын Қазақстаннан Иранға Түркменістан арқылы Өзен-Қызылия-Берекет-Этрек-Горган бағытында қарастырылған.

7 жыл бұрын (2008) Астанада Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұсынысымен «Қазіргі жағдай және тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге Қазақстанның үлесі» тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Форумға Бельгия, Чехия, Франция, Германия, Түркия және Моңғолия сияқты елдерден, сондай-ақ Ресейден саясаткерлер, сарапшылар, журналистер, әскери мамандар қатысты.

6 жыл бұрын (2009) Оралда қазіргі қала жастарының өмірі туралы түсірілген «Хочу тепла» атты толық метражды көркем фильмнің таныстырылымы болды.

Продюсері Дәурен Сәтқанов - «NIDS» компаниясының жетекшісі. Фильмнің авторы - Идрис Ғалимуллин, режиссері - Аманат Рзағалив. Қазіргі жастардың өмірі туралы түсірілген кино идеясының авторлары - И. Ғалимуллин және А. Рзағалив, техникамен қамтамасыз еткен - Д.Сәтқанов.

Фильмнің сюжеті Асқар, Ләйлә, Роман және Фатима туралы. Махаббат және достық, сатқыншылық - жастар аталмыш тақырыптағы сұрақтарға жауап іздейді. Актерлер құрамасы - Құрманғазы атындағы музыкалық колледжнің және М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері.

5 жыл бұрын (2010) Павлодарда танымал орыс этнографы Григорий Потаниннің 175 жылдығына арналған барельеф салтанатты түрде ашылды. Ямышевский кентінде дүниеге келген зерттеуші әрі ғалымның қола портреті бар гранит тақтасы оның есімімен аталған облыстық мұражайдың қабырғасында орнатылған.

2 жыл бұрын (2013) Парижде «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары - ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев бастаған қазақстандық делегация Халықаралық көрмелер бюросының Атқарушы комитеті жұмысына қатысты.

«ЭКСПО-2017» комиссары қазақстандық тараптың көрмеге сапалы дайындалу және өткізу үшін барлық қажетті шараларды қолданып отырғанына сендірді.

Бір жыл бұрын (2014) ҚР Президенті Н.Назарбаев Миландағы «Азия-Еуропа» Форумының Х саммитіне қатысты

Басты тақырыбы «Тұрақты даму және қауіпсіздікті нығайту үшін жауапты серіктестік» болған форумның жұмысына шамамен 50 елдің мемлекет және үкімет басшылары қатысты. Қазақстан Орталық Азияда аталған форумның мүшесі дәрежесін алған жалғыз ел болып табылады.

Бір жыл бұрын (2014) Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Нидерланды Корольдігінің Премьер-министрі Марк Рюггемен кездесуі өтті. Оның барысында екіжақты ынтымақтастық, соның ішінде инвестициялық, энергетикалық, сауда-экономика салаларындағы көптеген мәселелер қарастырылды. Кездесуде сондай-ақ халықаралық күн тәртібінің басты аспектілері талқыланды.

Бір жыл бұрын (2014) Шымкентте азық-түліктегі гендік модификацияланған ағзаларды анықтау зертханасы ашылды.

Қандай да бір өнімдегі ГМА-ның үлесін анықтауға Германияда шығарылған «Роттерджинни» аппараты көмектеседі. Ол өнімнің қауіпті немесе қауіпсіз екенін графикалық түрде көрсетеді.

Бір жыл бұрын (2014) Миландағы «Азия-Еуропа» Форумының Х саммиті сессиясының аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Германияның Федералдық канцлері Ангела Меркельмен кездесті.

Екі елдің көшбасшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және өзге де салалардағы өзара ықпалдастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Бұдан басқа, тараптар өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің маңызды мәселелері бойынша пікір алмасты.

314 жыл бұрын (1701) АҚШ-тың Коннектикут штатындағы Нью-Хейвен қаласында Йель университеті құрылды. Бүгінгі таңда аталмыш білім ордасы Америкадағы беткеұстар университеттердің бірі.

86 жыл (1929) бұрын Тәжік КСР құрылды.

8 жыл бұрын (2007) 1912 жылы «Титаник» апатында тірі қалған Барбара Уэст қайтыс болды. Ол кеменің екінші класында жатқан жолаушылардың арасында аман қалған соңғы адам еді.

ЕСІМДЕР

112 жыл бұрын (1903-1964) Қазақстанның халық ақыны АХМЕТБЕКОВ Нұрхан дүниеге келді.

Қазіргі Қостанай облысы, Жанкелдин ауданындағы Тосын ауылында туған. Әкешешеден ерте айрылып, жетімдік қасіретін шеккен болашақ ақын жалшылықта жүрсе де, тиіпқашып ауылдық молдадан хат таниды. Халықтың ауыз әдебиетімен танысу Нұрқан талантының көзін ашып, көңілін оятады. Ол он жасынан өз бетімен өлең, жыр айтуға машықтана бастайды. Халық ақындарының Алматыда 1943-1946 жж. өткізілген айтыстарында ол Қазақстан жұртшылығына суырыпсалмалығымен танылды. Біренеше поэмалардың авторы. «Есім сері», «Жасауыл қырғыны», «Амангелді», т.б. көлемді дастандар тудырған.

85 жыл бұрын (1930-1973) журналист, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері БАҒАЕВ Ұзақ дүниеге келді.

Алматы облысының Райымбек ауданында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

1952-1962 жылдары - «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі. 1962-1969 жылдары - Қызылорда облыстық «Ленин жолы», «Октябрь туы» газеттерінің редакторы қызметтерін атқарған. 1969 жылдан өмірінің соңына дейін «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы болды. Оның «Халық бастамасы - қайнар бұлақ», «Жан сұлулығы», «Дала жұлдыздары», т.б. кітаптары жарық көрген.

Құрмет Белгісі, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. КСРО Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты.

Алматы облысы Райымбек ауданындағы Алғабас ауылында Ұзақ Бағаев атындағы орта мектеп, көше бар, және онда мұражай-үйі ашылған. Жыл сайын еліміздің үздік деп танылған журналистеріне Ұзақ Бағаев атындағы арнаулы жүлде бар.

84 жыл бұрын (1931-1980) ақын, аудармашы МҰХАМЕДЖАНОВ Шәміл дүниеге келді.

Бұрынғы Торғай облысының Жангелдин ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Ақын «Жұлдыз» журналында, «Жазушы» баспасында қызмет еткен. Оның алғашқы топтама өлеңі жас ақындардың «Жас қанат» жинағында 1959 жылы басылған. Бұдан кейінгі жылдары ақын қаламынан оннан астам өлең-дастан жинақтары, балаларға арналған кітапшалары жарық көрді. Аударма саласында М.Лермонтовтың, Я.Райнестің, Л.Украинканың, Т.Шевченконың, Р.Ғамзатовтың, Я.Смеляковтың, т.б. шығармаларын қазақ тіліне тәржімалауға қатысты.

71 жыл бұрын (1944) жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі АМАНТАЙ Боранқұл дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында туған.

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Жымпиты (қазіргі Сырым) аудандық «Қызыл ту» (қазіргі «Қайнар») газетінің тілшісі, жауапты хатшысы, редактордың орынбасары, бөлім меңгерушісі, «Орал өңірі» газетінің тілшісі болған. 1994-2001 жылдары - Сырым аудандық зейнетақы қорының меңгерушісі, аудандық мұрағаттың директоры. 2001-2002 жылдары - Бөрлі аудандық «Бөрлі жаршысы» газетінің жауапты хатшысы, редактордың орынбасары. 2002-2003 жылдары - облыстық «Ұстаз» журналының жауапты редакторы, тәуелсіз «Еділ-Жайық» газетінің жауапты хатшысы. 2005-2007 жылдары аралығында Орал қалалық «Жайық үні» газетінің тілшісі, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған.

«Жазықсыз жазаланған боздақтар», «Алашорда - тәуелсіздік бастауы», «Тәуелсіздік тірегі - Алашорда» кітаптарының авторы. Амантай Боранқұл 1990 жылдан бері Алашорда, оның ішінде күнбатыс Алашорданың беймәлім беттерін зерттеп, жарыққа шығаруда өнімді еңбек етуде.

1974 жылдан КСРО және Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

70 жыл бұрын (1945) режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ТӘПЕНОВ Ерсайын Қандержанұлы дүниеге келді.

Семей қаласында туған. Мәскеу қаласындағы Мемлекеттік театр өнері институтын (қазірігі Ресейдің театр өнері академиясы) бітірген.

1968-1974 жылдары - Семей облыстық драма театрының (қазірігі Семей музыкалық драма театры) режиссері. 1976-1979 жылдары - бұрынғы Торғай облыстық музыкалық драма театрының, 1979-1990 жылдары - Қарағанды облыстық қазақ драма театрының бас режиссері болды. 1990 жылдан бастап Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театрының бас режиссері болған. Өнер университетінің театр бөлімінің доценті, студенттерге режиссура мен актерлық шеберлік жайынан дәріс береді.

М.Әуезовтің «Айман - Шолпан», «Дос - Беделдос», Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоты», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» («Махаббат туралы поэма» деген атпен), Е.Г. Брусиловский мен Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», Б. Майлиннің «Шұға», Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», Т.Ахановтың «Махаббат мұңы» мен «Күшік күйеу», Ә. Таразидің «Жақсы кісі», Д. Исабековтың «Әпке», О. Сүлейменов пен Б. Мұқайдың «Заманақыр», М.Шахановтың «Отырар дастаны», Н.В. Гогольдің «Үйлену», А.П. Чеховтың «Шағала», Еврипидтің «Медея», У. Шекспирдің «Асауға тұсау», «Король Лир», т.б. авторлардың шығармаларын сахнаға шығарды.

Поэзияға, пластикалық және біртұтас сахналық әсерлі шешімге ден қою оның режиссурасына тән қасиет. 1986 жылы оған С.Жүнісовтің «Өліара» спектаклінің қойылымы (1982) үшін Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығы берілді.

6 1 жыл бұрын (1954) «Паң Нұрмағамбет» киностудиясы» ЖШС директоры және көркемдік жетекшісі ӘЛІМЖАНОВ Баянғали Тоқанұлы дүниеге келді.

1954 жылы Көкшетау облысының Степняк қаласында туған. ҚазМУ-дің филология факультетін бітірген (1977). С.Мұқановтың мұражайында, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті», «Кітап жаршысы» газеттерінде, «Қазақфильм» киностудиясында, «Балдырған», «Жұлдыз» журналдарында, «Көкшетау правдасы» газетінде, Еңбекшілдер аудандық мәдениет бөлімінде, Ш.Құсайынов атындағы Көкшетау облыстық қазақ драма театрында қызмет істеген. Қазір «Паң Нұрмағамбет» киностудиясының директоры және көркемдік жетекшісі. 1984 жылдан бері республикалық, облыстық деңгейде өткен айтыстарда сайысқа түсті, жиырма рет бас жүлдеге ие болған, талай дүркін жүлдегер атанған. «Қиқыматтың хикаялары» (1982), «Ұя» (1985), «Жынды Қаратайдың қасиеті» (2000), «Қиқыматтың қиссасы» (1989), «Ауылдың ақ самалы» (2003), «Алаш пен Манас» (2004), «Әзіл шуағы» (2004), «Деген екен» (2005) атты кітаптардың, «Құдалық», «Қожанасыр», «Қайран кемпір-шалдар-ай», «Еркегі бар болғыр», «Жолбарыс пен Пони», «Алтын ноқта», «Қазақы сайлау», «Жас қазақ», «Қазаннан келген қызғалдақ» атты пьесалардың авторы. «Жыраулар», «Асылдың сынығы», «Палуан» атты деректі фильмдердің, «Ән мен анаша» атты көркем фильмнің сценарийін жазған. Көптеген ән текстерінің авторы. Манастың мың жылдығына арналған Халықаралық манасшылар конкурсының арнайы жүлдесінің иегері. Қырғызстан Мәдениет министрлігі мен Композиторлар одағы тағайындаған А.Малдыбаев атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты (1995). «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері».

61 жыл бұрын (1954) Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары БУБЕНКО Владимир Степанович дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын Калинин атындағы кеңшарда аға диспетчер болып бастады. «Молодежный» кеңшарында машина-трактор шеберханасының меңгерушiсi, бас инженер, Булаев аудандық комсомол комитетiнiң бiрiншi хатшысы, «Медвеженский» кеңшарында бас инженер, Соколов аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас инженерi, ААӨП төрағасының орынбасары, төрағасы, МТС базасының басқарушысы, Соколов ауданы әкiмшiлiгi басшысының орынбасары, Соколов ауданы әкiмiнiң бiрiншi орынбасары, Қызылжар ауданы әкiмiнiң орынбасары, әкiмi, Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары департаментi бастығының бiрiншi орынбасары, Есiл ауданының әкiмi, М.Жұмабаев ауданының әкiмi болып жұмыс iстедi. Осы қызметке дейiн Мамлют ауданының әкiмi қызметiн атқарды.

161 жыл бұрын (1854-1900) ирланд ақыны, драматург, жазушы Оскар УАЙЛЬД дүниеге келді.

152 жыл бұрын (1863-1937) ағылшын мемлекет және саяси қайраткері Джозеф Остин ЧЕМБЕРЛЕН дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар