16 маусым. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 16 маусым. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 16 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

16 маусым. ҚАЗАҚПАРАТ  КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

16 маусым, СЕНБІ

Дуань-у цзе (Айдаһар-қайықтардың мерекесі). Бұл Қытайдың маңызды дәстүрлі үш мерекелердің бірі. Бұл күнді тағыда екі бестік мерекесі, Дуань-ян, Ақын күні деп те атайды. Мереке ай күнтізбесі бойынша бесінші айдың бесінші күніне келеді.

Кең таралған пікірлер бойынша, бұл мерекенің пайда болу себебі ежелгі қытайдағы ақын-патриот Цюй Юане атымен байланысты.

Қазіргі кезде Дуань-у цзе мерекесі мемлекеттік демалыс күндері болып табылады (демалыс күндер үш күнге созылады).

Вьетнамда Тэт Доан Нго мерекесі. Халықтардың сенімі бойынша адамдарға ауру және сырқат туғызатын құрттар адам денесінде болады. Бұл құрттар ай күнтізбесі бойынша бесінші айдың бесінші күнінде әлсіз болады екен, сондықтан дәстүр бойынша вьетнамдықтар жыл сайын бұл күні Тэт Доан Нго мерекесін атап өтеді.

Бұл күні таңертенгі астың орнына ерекше рыноунеп тағамын жейді. Бұл тағамды қайнатылған қара және ақшыл-сары түсті күріштен және жемістерден әзірлейді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

19 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Президенті жанынан Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты құрылды. Аталмыш институт Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшылығымен жұмыс істейді. Институт директоры - Сұлтанов Болат Қылышбайұлы.

19 жыл бұрын (1993) Елбасы Н.Назарбаевтың «Үндістан Республикасында Қазақстан Республикасының Елшілігін ашу туралы» және «Қазақстан Республикасы Мүгедектерінің күнін бекіту туралы» Жарлықтары жарық көрді.

12 жыл бұрын (2000) Астанаға «Қалалар - бейбітшілік үшін» ЮНЕСКО сыйлығының сертификаты табыс етілді.

49 жыл бұрын (1963) әлемдегі тұңғыш ғарышкер-әйел Валентина Терешкова басқарған кеңестік «Восток-6» кемесі ғарышқа ұшырылды.

17 жыл бұрын (1995) Мәскеу және Бүкіл Русь патриархы II Алексий (1929-2008) Елбасы Н.Назарбаевтың шақыруымен Қазақстан Республикасына сапары болып өтті.

6 жыл бұрын (2006) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Алматыдағы резиденциясында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевті қабылдады. Екі мемлекеттің басшылары Қазақстан мұнайын Баку-Тбилиси-Жейһан жүйесі бойынша Каспий теңізі мен Әзербайжан арқылы халықаралық рынокқа тасымалдауға көмектесу және қолдау туралы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы келісімге қол қойды. Келісуші екі жақ та қол қойылған мемлекетаралық келісімнің бұл елдер арасындағы жоғары деңгейдегі қарым-қатынастың дәлелі екендігін атап өтті.

6 жыл бұрын (2006) Алматыдағы «Рух-дария» баспасынан Мұхтар Шахановтың «Тілсіздендіру анатомиясы» атты жаңа кітабы жарық көрді. Бұл жинаққа ақынның поэмалары, өлеңдері, балладалары мен әндері енген. «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» аталған, ондаған халықаралық сыйлықтардың иегері, бірнеше шетел академиясының мүшесі, Қазақстанның халық жазушысы, Қырғызстанның халық ақыны, белгілі қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шахановтың бұл кітабында соңғы жылдары дүниеге әкелген шоқтығы биік шығармалары көрініс тапқан, ғаламдық маңызға ие жырлар топтастырылған. Сонымен бірге кітапта ақын Мұхтар Шахановтың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен, 1996 жылы Қытай Халық Республикасының төрағасы Цзян Цземинмен және заманымыздың ұлы қаламгерлері Ғабит Мүсіреповпен, Шыңғыс Айтматовпен, Расұл Ғамзатовпен, басқа да шетелдік қоғам қайраткерлерімен бірге түскен фотосуреттері берілген. Жинақтың соңғы бөлігінде халқымызға кеңінен таралып кеткен ақынның әндері жарияланған. Кітап 5 мың данамен жарық көрді.

3 жыл бұрын (2009) Қазақстанның танымал жазушысы, публицист және аудармашы Герольд Бельгердің қазіргі қоғамның көкейтесті мәселелерін көтеретін «Қазақ сөзі: таңдаулы» («Казахское слово: избранное») атты жаңа кітабы жарық көрді.

Герольд Белгердің қолынан көптеген мақалалар және 30-дан астам кітаптар жазылған. Жазушы қазақ, неміс және орыс мәдениеттерінің саласында қызмет атқарып, қазақ тілін жетік меңгеріп, еркін сөйлейді. Президенттік бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденімен марапатталған. Автор өзінің шығармаларында қазiргi Қазақстан өмiрiнiң көкейкестi сұрақтарын көтерген.

Кiтапқа «Тұйық су», «Разлад» деген екi романы және «Вольные строки» деген үш эссесі енген.

2 жыл бұрын (2010) Қазақстанда тұңғыш технологиялық әдебиеттер баспасы ашылды. Аталмыш баспа елімізге кеңінен танымал «Арыс» баспасымен бірігіп жасалған жоба болып табылады. Бұл жайында «Тәуелсіз басылым редакторларының қауымдастығы» ҚБ-нің президенті, «Жан» баспасының директоры Жангелді Есенбаев мәлім етті. Ж.Есенбаев соңғы деректер бойынша елімізде 800-ден аса баспа ұйымы мен 700-ге жуық полиграфиялық мекеме жұмыс істейтіндігін айтады. «Олардың 80 пайызы көркем әдебиет шығарса, қалғандары түрлі сала бойынша кітап өндіруде. Дегенмен біздің кітап нарығымызды ресейлік басылымдардың өнімдері жаулап алғаны айдан анық», дейді қауымдастық президенті. Сондай-ақ ол қазақ басылымдарының бағыты мен жүйесі жоқтығын айтады. «Біздің баспаның басты бағыты - адам жанының құпиясын зерттеу, қазақи аудиторияны оккультты ғылымен  кеңірек таныстыру және шығыс ғалымдарының еңбектері мен қазақы нанымдарды дәріптеу», - дейді Жангелді Есенбаев.

ЕСІМДЕР

49 жыл бұрын (1963) ақын, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері ӘЛІМБЕК Қайрат дүниеге келді.

Алматы облысының Панфилов ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет етіп келеді. Тұңғыш өлеңдер жинағы 1989 жылы «Жалын» баспасынан «Сезімнің гүлі» деген атпен жарық көрген. Одан бері ақынның «Жоқ іздеген жігітпін», «Намыс найзагері», «Махаббатстан» өлең кітаптары жарық көрді. Бірнеше өлеңдері түрлі топтама жыр жинақтарына енген.

118 жыл бұрын (1894-1981) химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның және Өзбекстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері УСАНОВИЧ Михаил Ильич дүниеге келді.

Украинаның Житомир қаласында туған. Киев университетін бітірген. 1920-1929 жылдары Киев қаласындағы Химия-фармацевтика зауытында басшылық қызметте, сонымен қатар политехникалық институтта оқытушы болды. 1929-1943 жылдары Томск университетінің, Орта Азия (Ташкент) университетінің кафедра меңгерушісі қызметін атқарды. 1944 жылдан  Қазақ мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі болып істеді.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері ерітінділер теориясына арналған. М.Усанович - «Қышқылдар мен негіздердің Усанович теориясының» авторы. Оның 300-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген.

3 мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, медальдармен марапатталған.

83 жыл бұрын (1929-2009) филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі НҰРМҰҚАНОВ Хайролла Мырзағалиұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған. Орал педагогикалық институтын және Қазақ мемлекеттік университетін сырттай оқып бітірген. Еңбек жолын орта мектептің мұғалімі болып бастаған. 1963 жылдан Қарағанды педагогикалық институтының  оқытушысы, кафедра меңгерушісі, деканның орынбасары, деканы  қызметтерін атқарған.

Ғалымның 50-ден аса ғылыми еңбегі, оның ішінде «Сөз және шеберлік» атты монографиясы жарық көрген.

92 жыл бұрын (1920-2008) жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі ОРАЗАЛИН Кәмен дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Семей мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген.

Алғашқы өлеңдері 1938 жылдан бастап жарияланды. Оның Ұлы Отан соғысы туралы «Жексен» повесі мен тың игеру тақырыбына жазылған «Ақжазық», ұжымдастыру кезеңі суреттелген «Көктем салқыны» және «Абайдан соң» романдары, М.Әуезов өміріне арналған «Сахара шымылдығы» пьесасы бар.

2-дәрежелі Отан соғысы, 3-дәрежелі Даңқ, «Парасат» ордендерімен және медальдармен, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

126 жыл бұрын (1886-1973) ғалым-гельминтолог, биология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері ШУЛЬЦ Рихард Соломонович дүниеге келді.

Ресейдің Саратов қаласында туған. Саратов университетін бітірген. 1923-1924 жылдары - Паразиттік ауруларды зерттеу жөніндегі Бұқар экспедициясының қызметкері. 1924-1929 жылдары - Бүкілодақтық эксперименттік малдәрігерлік институты гельминтология бөлімінің ассистенті. 1929-1941 жылдары - Бүкілодақтық Гельминтология институты директорының орынбасары. 1947 жылдан бастап Қазақ малдәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, ғылыми консультанты болған.

Негізгі ғылыми еңбектері гельминттер морфологиясы мен биологиясына, филогенезі мен систематикасына, сондай-ақ мал гельминтоздары иммунологиясы мен патогенезіне, оларды анықтау, емдеу, олардан сақтану мәселелеріне арналған. Ол шошқа аскаридозы мен өкпе гельминтоздары, мал эхинококы кездерінде мал денесіндегі құрттарды айдап шығу әдісін ұсынды. Ішек цестодоздарынан сақтану негіздерін салып, қой өсіретін шаруашылықтарды эхинококтан, тағы да басқа гельминтоздардан арылту жолдарын белгіліп берді.

76 жыл бұрын (1936-1997) әнші, Қазақстанның халық әртісі ЕШЕКЕЕВ Мәдениет Сейітжанұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданында туған. Семей облыстық концерттік-эстрадалық бюросында, «Қазақконцертте» өнер көрсетіп, 1975 жылдан өмірінің соңына дейін Семей облыстық филармониясының әншісі болды. Ол дәстүрлі халық әндерін өз ерекшелігімен аса шебер орындаушы, Жүсіпбек Елебековтің алғашқы шәкірттерінің бірі. Оның репертуарында қазақ халық әндерімен бірге Біржан салдың, Ақан серінің, Абайдың, Жаяу Мұсаның, Балуан Шолақтың, басқа да халық композиторларының әндері кеңінен орын алған. Әсіресе, Мәдениет Ешекеевтің өзіне ғана тән әншілік мәнерін айқын танытатын, оның ерекше нақыш-бояумен орындайтын әндері қатарына Кенен Әзірбаевтың «Бозторғай», Әсеттің «Інжу-Маржан», Балуан Шолақтың «Ғалия», Манарбек Ержановтың «Паравоз», Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ», халық әндері «Сұржекей» мен «Аққұм» жатады. Оның орындауындағы бірқатар әндер Қазақ радиосының алтын қорына жазылып алынған.

64 жыл бұрын (1948) ҚР-ның Венгрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, Босния және Герцеговина, Македония Республикасы, Сербия Республикасы, Черногория Республикасы, Словения Республикасындағы елшісі қызметін қоса атқарушы ЫБЫРАЕВ Рашид Тұрарұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында туған. Ташкент политехникалық институтын, Қоғамдық  Ғылымдар академиясын (Мәскеу) және оның аспирантурасын бітірген. Тарих ғылымдарының кандидаты, Халықаралық психология ғлымдары академиясының құрметті академигі (Мәскеу), Я.Кодолани университетінің (Венгрия) құрметті профессоры. 3 кітаптың, монографиялардың, көптеген мақалалар мен жарияланымдардың авторы. 1978 жылдан - Қазақстан КП Түркістан қалалық комитетінің бірінші хатшысы, 1980 жылдан - Шымкент қалалық атқару комитетінің төрағасы. 1986 жылдан Қоғамдық ғылымдар академиясының аспиранты. 1991 жылдан - Шымкент облыстық әкімшілігі төрағасының орынбасары. 1992 жылдан - «Қазфармбиопром» концернінің бірінші вице-президенті; Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы. 1994 жылдан - 13-сайланған ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. 1995-2006 жылдары ҚР-ның Үндістандағы, Әзірбайжан мен Грузиядағы, Балтық елдеріндегі елшісі. 2006 жылдан - ҚР-ның Венгриядағы елшісі. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдан бері.