1,6 миллионнан аса қазақстандық 90 күннен асқан несиесін өтей алмай жүр
АСТАНА. KAZINFORM — Тек Астана қаласы бойынша 116 мың 189 азамат несиесін 90 күннен асса да өтей алмай отыр.

— Қаржы нарығын реттеу агенттігінің ақпараты бойынша, 90 күннен асқан несиесін өтей алмай жүрген азаматтардың саны 1 млн 600 мыңнан асып отыр. Сондықтан да біздің биылғы басты мақсат — несиесін өтей алмай жүрген азаматтарды толық заңгерлік сүйемелдеп, кеңес беріп, қолдау. Астана қаласы бойынша 116 мың 189 азамат несиесін 90 күннен асса да өтей алмай отыр. Осы орайда астаналық берешек азаматтардың 30 пайызын қамтып, қолдау көрсетсек деген меже қойып отырмыз, — деді «Қарызсыз қоғам» жобасының Астана қаласы бойынша менторы Дулат Мыңбаев Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Ментор келтірген мәліметке сүйенсек, бүгінде 15 972 астаналық қаржылық сауатты арттыру курсынан өтті.
Айта кетсек, Мемлекет басшысы биыл Жолдауында халықтың қаржылық сауатын арттыру және қарыз жүктемесін төмендету мәселесіне айрықша тоқталды және «Қарызсыз қоғам» жобасын жалғастырудың маңызын атап өтті.
Осы орайда елімізде мектеп қабырғасынан бастап қаржылық сауаттылықты арттыру идеясы алға тартылды.