16 млн адамның жеке дерегінің таралуы: ҰҚК тергеу амалдарын жалғастырып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті 16 млн қазақстандықтың жеке дерегінің таралу фактісіне қатысты тергеу амалдары жалғасып жатқанын хабарлады.

Қырғызстанда жеке деректерді қорғау талаптарын бұзғандарға айыппұл салынады
Фото: freepik

- Көрсетілген факті бойынша Қылмыстық кодекстің 208-бабына сәйкес, Ұлттық қауіпсіздік комитеті сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағы аясында өзге ақпарат жария етуге жатпайды, - делінген ҰҚК-ның Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Еске сала кетсек, бұған дейін 16 млн қазақстандықтың жеке дерегінің қайдан тарап кеткені жөнінде жорамал айтылған еді. 

Кейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мемлекеттік дерекқор базасы бұзылмағанын айтып сендірді. 

Биыл маусым айында 16 млн қазақстандықтың жеке дерегінің таралу фактісіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы жазған едік. Сол кезде материалдар Ішкі істер министрлігіне жолданғаны және осы ведомство тергеу шарасын жүргізетіні мәлім болды.

Шілде айында Денсаулық сақтау министрлігі 16 миллион қазақстандықтың жеке дерегінің таралу фактісіне қатысты ресми түсінік берді.

 

Соңғы жаңалықтар