16 млн қазақстандықтың жеке дерегі медициналық ұйымдардан тараған: министрлік ақпаратты жоққа шығармады
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрлігі 16 миллион қазақстандықтың жеке дерегінің таралу фактісіне қатысты ресми түсінік берді.

– Талдау нәтижесі жарияланған деректер әртүрлі көзден алынғанын көрсетті. Оның ішінде 2024 жылғы 1 сәуірге дейінгі медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйесінен жиналған мәліметтер болуы да мүмкін. Ол жерде азаматтардың медициналық жеке дерегі жоқ, - делінген министрліктің агенттік жолдаған ресми жауабында.
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі қазір жеке деректердің таралу фактісі бойынша уәкілетті органдар тексеру іс-шарасын жүргізіп жатқанын хабарлап отыр. Осыған байланысты қызметтік ақпаратты жариялауға шектеу қойылған. Қосымша мәлімет тексеру аяқталғаннан кейін ұсынылады.
Одан бөлек аталған ведомство Қазақстан Республикасының «Жеке деректер және оларды қорғау туралы» заңына сәйкес медициналық ұйымдар пациенттердің жеке деректерін жинауды, өңдеуді және сақтауды тек заңды негізде және пациенттердің келісімімен жүзеге асыруға міндетті екенін еске салып отыр. Жеке деректерді өңдеу тек нақты мақсат үшін және сол мақсатқа қол жеткізуге қажетті көлемде жүргізілуі тиіс, ал ақпаратқа тек уәкілетті тұлғалар ғана техникалық және ұйымдастырушылық қорғаныс шараларын қолдана отырып қол жеткізе алады.
Министрлік сонымен қатар медициналық ұйымдарда ақпараттық жүйені енгізу немесе жаңарту кезінде ақпараттық қауіпсіздікке баға берілетінін хабарлады. Оның нәтижесі бойынша уәкілетті орган бекіткен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын бірыңғай талаптарға сәйкестігі туралы сынақ актісі толтырылады.
Еске сала кетсек, бұған дейін 16 млн қазақстандықтың жеке дерегінің қайдан тарап кеткені жөнінде жорамал айтылған еді.
Кейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мемлекеттік дерекқор базасы бұзылмағанын айтып сендірді.
Сондай-ақ 16 млн қазақстандықтың жеке дерегінің таралу фактісіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы жазған едік.