16 ШІЛДЕ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 16 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.
16 шілде, CӘРСЕНБІ Франциядағы Виши режимінің нәсілшілдік және антисемиттік бой көрсетулері құрбандарын еске алу күні. Алғаш рет 1993 жылы атап өтілген осы атаулы күн 2000 жылғы ақпанның 29-да Ұлттық жиналыстың шешімімен ресми бекітілген. Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында Францияда құрылған Виши нәсілшілдік режимінің полициясы 1942 жылы дәл осы күні 13 мыңға жуық шыққан тегі еврей француздықтарды Париж велодромына айдап шығып, оларды гитлершілердің қолдарына табыс еткен. Осы тұтқындардың көпшілігі «өлім лагерлерінде» қаза тапты. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 15 жыл бұрын (1999) Боливияның астанасы Ла-Пас қаласында ЮНЕСКО-ның бас хатшысы Федерико Майор Астана қаласына «Әлем қаласы үшін» халықаралық конкурсы жеңімпазының медалі мен сертификатын табыс етті. Осы күннен бастап Астана «Әлем қаласы» атағына ие. 13 жыл бұрын (2001) Еуразия ұлттық университеті кітапханасы негізінде «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы құрылды. 9 жыл бұрын (2005) Ақтөбедегі Абай атындағы гүлзарда «Темірқазық» рәміздік белгісінің ашылу рәсімі болып өтті. Темірқазық жұлдызы ерте кезде жолаушыларға, қазақ даласымен жүрген керуендерге жол көрсететін белгі болған. Жаңа «Темірқазықта» жаһанның төрт бұрышы, Ақтөбенің географиялық мәліметтері, қаланың әлемнің ірі қалаларымен ара қашықтығы көрсетілген. 7 жыл бұрын (2007) «G4 City» ЖШС Алматы-Қапшағай күре жолына салынғалы отырған қанаттас қалалардың қызметін жетілдіру үшін www.g4city.kz деп аталатын сайтын іске қосты. Сайтта сондай-ақ, түрлі электрондық БАҚ-тар мен мерзімді баспасөз беттерінде қанаттас қалаларға қатысты жариялаған материалдар жүйелі түрде беріліп отырылады. Құрылған компанияның негізгі мақсаты - Үкіметтің қолдауымен салынғалы отырған қалалардың толыққанды дамуына атсалысу. 371 жыл бұрын (1643) голландиялық теңіз саяхатшысы де Фриз Сахалин аралын ашты. 353 жыл бұрын (1661) Стокгольм банкі алғашқы еуропалық банкноталарды шығарды. 105 жыл бұрын (1909) Audi компаниясының негізі қаланды. 91 жыл бұрын (1923) Муссолини Италияда құмар ойындарға тыйым салды. 88 жыл бұрын (1926) Германияда «Броненосец Потёмкин» КСРО фильмінің көрсетіліміне тыйым салынды. 69 жыл бұрын (1945) АҚШ-тың Нью-Мексико штатындағы полигонда атом бомбасының алғашқы сәтті сынағы өтті. 45 жыл бұрын (1969) адамзат тарихындағы Айға тұңғыш сапар басталды - АҚШ-тың «Аполлон 11» ғарыш кемесі ұшырылды.
ЕСІМДЕР 106 жыл бұрын (1908-1985) ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Бүкілодақтық ауыл шаруашылық ҒА-ның академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Социалистік Еңбек Ері БАРАЕВ Александр Иванович дүниеге келді. Санкт-Петерборда туған. Куйбышев (қазіргі Самара) ауыл шаруашылық институтын бітірген. 1950-1953 жылдары Орал астық сұрыптау стансасының директоры, 1953-1957 жылдары Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының директоры, 1957 жылдан өмірінің соңына дейін Бүкілодақтық астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (қазіргі Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты) директоры болды. 1985 жылы 8 қыркүйекте Астана қаласында қайтыс болды. Бараев егіншіліктің топырақ қорғау жүйесінің негізі - топырақты су және жел эрозиясынан қорғайтын сыдыра жыртып өңдеу әдісін тапты. Ол ауыспалы егіс танабында таза сүдігер жерді қолдануды, дәнді дақылдар егісін қысқа мерзімде аяқтауды ұсынды, өнімділігі аз шалғындар мен жайылымдарды түбегейлі жақсарту, көлдетіп суарылатын жерлерді мейлінше тиімді пайдалану, сортаң жерлерді игеру жүйелерін жасап, өндіріске енгізді. Оның ұйымдастыруымен Қазақ ауыл шаруашылық ғылыми-зерттеу институтында топырақ баптайтын және тұқым себетін машиналардың жаңа түрлері (сыдыра жыртатын құралдар, аңызға тұқым себетін сеялкалар, ине тісті тырмалар) сынақтан өткізіліп, тәжірибеге енгізді. 1972 жылы Лениндік сыйлықтың лауреаты. 2 мәрте Ленин орденімен, Октябрь революциясы, Құрмет белгісі және Халықтар достығы ордендерімен марапатталған. 103 жыл бұрын (1911-1996) металлург, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Фрайберг тау-кен академиясының құрметті докторы (ГДР), РКФСР-дің еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Социалистік Еңбек Ері ПОЛУХИН Петр Иванович дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Мәскеу болат институтын және аспирантурасын бітіріп, осы институтта ассистент, доцент, факультет деканының орынбасары болған. Сібір металлургия институтының директоры, КСРО Жоғары және орта білім министрлігінің бөлім бастығы, Бас басқармасының бастығы, министр орынбасары, Мәскеу болат және қорытпалар институтының ректоры, Қазақ КСР Ғылым Академиясының Металлургия және кен байыту институтының ғылыми жетекшісі болған. Негізгі ғылыми еңбектері металлургия мәселелеріне арналған. Ол арнайы қорытпалар мен конструкциялық металдар теориясын тұжырымдап, сол материалдардың пішінін пластикалық жолмен өзгерту технологиясын ұсынды. Қара және түсті металдардың күрделі қорытпаларынан дайындалған металл прокаттарының тиімді технологиясын жасап, өндіріске енгізді, осыған лайық қандай жабдық жасау қажет екенін анықтады. Металл құбырларын ыстықтай прокаттау технологиясы мен винт тәрізді стандарды өндіріске енгізді, алюминий, титан, т.б. түсті металл қорытпаларының, болат пен алюминийден дәл прокат жасау жөнінде кешенді зертттеулер жүргізді. Ғалымның 100 авторлық куәлігі, 12 патенті бар. Ленин, Қазан төңкерісі, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен, сондай-ақ ГДР-дің «Отан алдындағы еңбегі үшін» орденімен марапатталған. 70 жыл бұрын (1944) Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы, Өскемен қаласының және Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданының құрметті азаматы ШАЙЖҮНІСОВ Тоқан Жақиянұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысында туған. Өскемен құрылыс-жол институтын, Шығыс Қазақстан техникалық университетін бітірген. Еңбек жолын Өскемен үй құрылысы комбинатының инженері болып бастаған. 1975-1984 жылдары - «Жөндеуқұрылыстрест» басқармасының бастығы. 1984-1988 жылдары - «Шығысқазкеңшарқұрылыс» трестінің бас инженері, бастығы. 1988-1999 жылдары - «Агроөнеркәсіпқұрылыс» бірлестігінің төрағасы. Т.Шайжүнісовтің тікелей басшылығымен республикамызда және басқа да шет елдерде бірнеше ірі тау-кен кәсіпорындарының, экологиялық, сәулет-қала құрылысы, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік құрылыс кешендері жобаланып, құрылысы салынды. Ол бірнеше мәрте Шығыс Қазақстан аймақтық қайырымдылық қорының «Жыл адамы» атанды. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған. 56 жыл бұрын (1958) Қазақстан Зейнетақы қорларын қауымдастығының президенті ӘЛІБАЕВ Айдар Байдаулетұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Еңбек жолын 1980 жылы Ауыр машина жасау Алматы зауытында кезекші-шебер қызметінен бастады. 1997 жылдан бері Қазақстан Зейнетақы қорларының президенті. 2000 жылдан бастап Зейнетақы қорлары халықаралық федерациясы - FIAP-дың (Чили) директоры қызметін қоса атқарады. Қазақстандағы зейнетақы реформасы мен зейнетақы заңнамасы тұжырымдамасының әзірленуіне қатысты. 54 жыл бұрын (1960) «Эйр Астана» әуе компаниясының президенті Питер ФОСТЕР дүниеге келді. Ұлыбританияда туған. Авиациялық бизнестегі мансабын Cathay Pacific Airways Ltd.-ның құрылтайшысы болып табылатын John Swire and Sons компаниясында стажердің жетекшісі қызметінен бастады. Онда ол 1982 жылы Кэмбриджд университетіндегі оқуын аяқтай салысымен келді. 1982-1999 жылдар аралығында Гонконг, Азия, Австралия және Еуропадағы Cathay Pacific Airways Ltd әуекомпаниясында менеджер, кейін аға менеджер болып жұмыс істеді. 1999 жылы Philippine Airlines Inc әуек омпаниясының жаңғырту тобын басқарды. Одан әрі 2002 жылдан бастап Royal Brunei Airlines компаниясында бас атқарушы директоры лауазымынды жұмыс істеді. 2005 жылы «Эйр Астана» әуекомпаниясының президенті қызметіне кірісті. 50 жыл бұрын (1964) «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы, Директорлар кеңесінің мүшесі ҚАЖИЕВ Бақытжан Төлеуқажыұлы дүниеге келді. 1964 жылы дүниеге келген. 1986 жылы Алматы энергетика институтын электр желілері мен жүйелері мамандығы бойынша бітірген. 1986-1988 жж. «Қазэлектроқұрылыс» ТСО Покровский ҚМУ электрмонтаждаушысы. 1989-1993 жж. «Қазэлектроқұрылыс» ТСО Покровский ҚМУ электр жеткізу желілерінің құрылысы жөніндегі мастер, өндіріске даярлау тобының бастығы, бас инженер. 1993-2000 жж. «Аманат» АҚ бас инженері. 2000-2003 жж. «KEGOC» АҚ пайдалануды ұйымдастыру бөлімінің бас маманы, ЭЖЖ пайдалану бөлімінің бастығы, Пайдалану департаменті директорының орынбасары. 2003-2004 жж. «KEGOC» АҚ Пайдалану департаментінің директоры. 2004-2007 жж. «KEGOC» АҚ «Орталық ЖЭТ» филиалының директоры. 2007-2008 жж. Күрделі құрылыс департаментінің директоры. 2008-2009 жж.«KEGOC» АҚ Атқарушы директоры. 2009 ж. ақпаннан «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы «KEGOC» АҚ Вице-президенті. 2011 жылдың 31 мамырынан бастап - «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы «KEGOC» АҚ Басқарма Төрағасы «Құрмет» орденімен (ҚР, 2010 ж.); «KEGOC» АҚ грамотасымен, «Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің" грамотасымен, «ТМД Электр энергетикасы кеңесінің" грамотасымен марапатталған. 2006 жылы - «ТМД еңбек сіңірген энергетигі» құрметті атағы берілген. KEGOC» АҚ-ның акцияларын иеленбейді. 51 жыл бұрын (1963) ҚР Парламенті Мәжілісінің бесінші сайланымдағы депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ШПАНОВ Еркін Мәжитұлы дүниеге келді.
Атырау қаласында туған. КСРО ІІМ Астрахань МАОМ курсанты. ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды заң институтын бітірген. 1980-1981 жылдары - Гурьев қаласының № 29 жол құрылысы басқармасының 2-разрядтағы жұмысшысы. 1981-1983 жылдары - Ресей Федерациясының Орынбор қаласында КСРО Қарулы Күштерінің қатарында, Беларусь Республикасының Бобруйск қаласында Беларусь әскери округының әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімінің командирі ретінде әскери қызмет өткерген. 1983-1986 жылдары - Гурьев облыстық атқару комитеті ІІБ-ның ішкі істер бөлімінің Жайық өзені мен Каспий теңізі су айдыны қызметін қамтамасыз ету жөніндегі сержант милиционері. 1986-1996 жылдары - Атырау облыстық ішкі істер басқармасының орта және басшы құрамында әртүрлі лауазымдар атқарған. 1996-1997 жылдары - Атырау облыстық МТК департаментінің Аса қауіпті қылмыстарды тексеру басқармасының бастығы. 1997-2002 жылдары - Атырау облысы ІІБ Жылой аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы. 2002-2004 жылдары - Атырау облыстық ІІБ Көші-қон полициясы басқармасының бастығы. 2004-2008 жылдары - Атырау облыстық ІІД бастығының бірінші орынбасары. 2008-2010 жылдары - ҚР ІІМ Криминалдық полиция комитетінің Жеке адамдарға қарсы қылмыстарды ашуды ұйымдастыру басқармасының бастығы. 2010-2012 жылдары - Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы.
2012 жылғы қаңтардан бастап - бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі. «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы құрметіне арналған алғыс хатымен марапатталған. Қазақстан Республикасы ІІМ еңбек сіңірген қызметкері, полиция полковнигі.
118 жыл бұрын (1896-1968) норвег саяси қайраткері, 1946-1952 жылдардағы тұңғыш сайланған БҰҰ Бас хатшысы Трюгве Хальвдан ЛИ дүниеге келді. 92 жыл бұрын (1922-2007) кеңестік ғалым және конструктор, әуе шабуылынан қорғаныс қарулары кешені мен жүйесін жасаушы БУНКИН Борис Васильевич дүниеге келді. 46 жыл бұрын (1968) ресейлік әнші, ақын, ән мәтіндерінің авторы, композитор, Ресейдің Еңбек сіңірген әртісі АГУТИН Леонид Николаевич дүниеге келді.