16 жасар қазақстандық спортшы каратэден әлем чемпионы атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Жасөспірімдер арасындағы каратэден әлем чемпионатында отандасымыз Аружан Шәкей ел қоржынына алтын салды. Жапонияда өткен дүбірлі додадан жүлделі оралған спортшы «Бүгін LIVE» студиясында сұхбат берді.

16 жастар қазақстандық спортшы каратэден әлем чемпионы атанды
Фото: Видеодан алынған скрин

— Әлемдік чемпионатқа екінші рет қатысып отырмын. Алғаш рет 2023 жылы Алматыда өткен жарыста бақ сынаған едім. Бұл жолы Токиоға бардым. Жарыс жақсы өтті. Әлемдік дода болған соң, әрине, оңай болған жоқ. Мен Ресей мен Жапонияның қатысушыларымен шықтым. Финалда ресейлік қызбен бәсекеге түскенде кішкене қиынырақ болды, — дейді студия қонағы.

Аружан жеңіске жеткеннен кейінгі әсерін бөлісті.

— Жеңген сәтте эмоциямды ұстай алмай, жылап жібердім. Содан кейін қуанышымды аса қатты білдіре алмай қалдым. Тіпті сөйлей алмадым. Ата-анам да қатты қуанды. Туған-туыстарым да риза болып, көздеріне қуаныштан жас алды. Менің жақындарымның бәрі мені жеңеді деп ойлады. Бірақ ол күні мен өзіме сенбедім. Кішкене күдігім болды. Солай жарысқа тілегімді айтып шыққанмын. Ата-анамның қолдауының арқасында жеңіп келдім, — дейді спортшы.

Ал жас каратэшінің жаттықтырушысы бұл жеңіске жетуі үшін Аружанның тынбай дайындалғанын айтады.

16 жастар қазақстандық спортшы каратэден әлем чемпионы атанды
Фото: Видеодан алынған скрин

— Жалпы әлемдік жарысқа бару үшін алдымен Қазақстан чемпионаты болады. Сол іріктеуден кім бірінші орын алса, сол барады. Сол бірінші нөмірлі спортшылардың ішіне Аружан да кірді. Оған дейін 2 оқу-жаттығу жиынынан өтті. Ал Жапонияға барарда дайындығымызды үдетіп отырдық. Әлемдік дода 2 жылда 1 келеді. 2023 жылы Қазақстанда өткен әлем чемпионатында 14-15 жаста 3-орын алған едік. Содан кейін 16-17 жас аралығындағы спортшылардың жарысына жақсылап дайындалдық. Аружан 16-ға толғандықтан, 17 жасар өзінен үлкен қыздармен шығады. 65+ салмақ болғандықтан, ол жерде қарсыластарының бәрі де мықты болады, — дейді Абдулла Саяхат.

Айта кетейік, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Дүниежүзілік ойындар, Азия ойындары мен сары құрлық чемпионатының жеңімпазы Софья Берульцева Каирдегі каратэден әлем біріншілігінің күміс жүлдесін жеңіп алды. 

Соңғы жаңалықтар