1600-ден астам азамат жауапкершілікке тартылды: ІІМ бетті жабуға қатысты норманы еске салды

АСТАНА.KAZINFORM - Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда адамның түр-сипатын тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салынғанын еске салды.

полиция
Фото: ІІМ

Бұл талап «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңда көзделген. Тыйым ауа райы жағдайларына және медициналық ұсынымдарға қатысты қолданылмайды. Сондай-ақ қызметтік міндеттерді атқару, спорттық және мәдени іс-шараларға қатысу кезінде де тыйым салынбайды. ӘҚБтК-нің 434-3-бабына сәйкес, алғаш рет құқық бұзғандарға ескерту жасалады.

Бір жыл ішінде қайталанса, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қазіргі уақытта аталған құқық бұзушылық үшін 1613 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. ️

ІІМ бұл талап қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Бетті толық жабуға қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдеме жасағанын жазған едік.