168 фашисті жер жастандырған сұрмерген жайлы дерек 35 жылдан кейін табылды

Бір шаңырақ астында тете өскен ағайынды төрт жігіт - Тойғұлы, Қорқытбай, Тінәлі, Түйкен соғыс қарсаңында кіндік қаны тамған Жанықұл ауылында, кейін Аралағашта мектеп бітіріп, ұжымшарда еңбек етті. Әрі қарай оқуларын жалғастыруға жоқшылық, оның үстіне әке-шешесінің сырқаттануы мүмкіндік бермеді. Жастайынан еңбекке араласқан олардың шаруаға мығымдығы, азаматтық мінездері елді сүйсінтті. Шаңырақтың кішісі - Түйкенді қыран мінезді өткірлігі, құралайды көзге атқан мергендігі ерекшелеп тұратын. Ол 1940 жылы міндетті әскери борышын өтеуге алынып, снайперлер мектебіне оқуға жіберілді.
Ел басына қатерлі күн туған шақта ағайындылар бірінен соң бірі майданға аттанды. Ленинград қоршауын бұзып, жаудың бетін қайтару үшін болған сұрапыл шайқаста Тойғұлы мен Қорқытбай ерлікпен қаза тапты. Түйкеннен арагідік хат келіп тұрды. Бір хатында: «Солтүстік-Батыс майданда жүрмін. Ауылда жиі аңға шығып, мергендікке дағдыланғаным кәдеге жарады. Мұнда да «аң» аулаймын. Бірақ екі аяқты жыртқыш аң. Фашистердің қанды балақ солдаттарын, мен сияқты әр жерге жасырынған снайперлерін, кейде маңызды нүктелердегі офицерлерін аңдып, оққа жығамын. Отызшақты немісті өлтіргенім үшін өткен жолы Қызыл Жұлдыз орденімен наградталдым», - деп жазыпты. Бұдан кейін Түйкеннен хат тыйылды.
Ұлдарының екеуінен қара қағаз алып, екеуінің хабар-ошарсыз кеткеніне қатты күйзеліп, қабырғалары қайысқан әке-шешесі соғыс аяқталар жылы қайтыс болды. Бір отбасыдан Тінәлі ғана қалды. Қиыр Шығыстағы шекараны жапон милитаристерінен қорғаған ол елге аман-есен оралған соң шаңырақтың өшіп қалған отын жағып, түтінін түтетті. Бауырларын өлдіге қимай, жан-жаққа іздеу салғанымен нәтижесіз аяқталды.
Арада бақандай 35 жыл өткеннен кейін Тінәлі күтпеген жерден хат алды. Ленинград қаласынан жолданыпты. Отставкадағы подполковник Николай Печкобей өзі соғысқан майданның мұрағатынан Түйке Орынкеновтің Булаев әскери комиссариатынан шақырылғанын біліп, былай жазыпты:
«Солтүстік Батыс майданының 26-шы дивизиясына қарасты 87-ші Карелия атқыштар полкінің даңқты снайпері, қазақ халқының батыр ұлы, комсомол мүшесі, ефрейтор Орынкенов Түйкен туралы сіздерге айтып беруді өзімнің азаматтық борышым деп білемін. Оны Солтүстік-Батыс майданының жауынгерлері жақсы білетін. Суреттері армия мен майдан снайперлерінің слетінде қабырғаға ілінетін.
Алғашқы жауынгерлік награданы - «Ерлігі үшін» медалін траншеяда өз қолыммен тапсырған едім. Бес немісті жер жастандырған оны жау жағы қай жерден оқ атып жатқанын іздестіреді. Алтыншы немісті қалпақтай түсіргенде байқап қалып, тірідей қолға түсіру үшін әрекет жасайды. Бірақ Түйкен екі оқты амбразураға дәл тигізіп, пулеметтің сақылдаған үнін өшіреді. Осы жолы 20 фашисті жер жастандырады.
Тағы бірде Түйкеннің жауынгерлік ержүректігі мен соғыстың айлалы тәсілін жетік меңгергенінің куәсі болдым. Старая Русса ауданына қарасты Лычково теміржол стансасы маңында шөмеле-шөмеле шөп үюлі тұратын. Бірде ол командирі Я.Шадриннен рұқсат алып, шөмелелердің бірінен жасырынатын «ұя» жасайды. Таң алдында сол жерге бекініп, ерсілі-қарсылы жүріп жатқан немістерді нысанаға алып отырады. Шөп алуға келген екі немісті тұтқынға түсіргенін жауынгерлер көпке дейін айтып жүрді. Осы ерліктері үшін Түйкенге ефрейтор атағы беріліп Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды.
Ол 1943 жылдың ақпанында Холм қаласы жанында маңызды бір тапсырманы орындау кезінде немістердің торуылына тап болады. Ержүрек жауынгер соңғы оғы қалғанша атысып, ажал құшады. Оның снайперлік кітапшасына 168 фашистің жер жастанғаны жайлы жазылған».
Ерлік ешқашан ұмытылмайды, халық жадында сақталады. Биыл аяқталғанына 70 жыл толған Ұлы Отан соғысының тарихында жазылмаған шежірелер, ашылмаған ақтаңдақтар баршылық. Соның біріне Түйкен Орынкеновтің батырға лайық ерлігін жатқызуға болады.
Қалай десек те елі үшін, халқы үшін от кешкен қаһарман жауынгердің есімі де, ерлігі де кейінгі ұрпақтың есінде мәңгі сақталары анық.