17 астаналық оқушы Оңтүстік Кореяда конкурсынан жүлделі қайтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дэджон қаласында өткен «Жас ғалым» халықаралық байқауына қатысқан жоғары сыныптардың 32 оқушысы елордаға оралды. Турнир қорытындысы бойынша екі оқушы бірінші орын, жетеуі екінші, сегіз оқушы үшінші орын алды, деп хабарлайды елорданың ресми сайты.

Конкурсқа бес секция бойынша 16 қалалық мектеп оқушылары қатысты. Олар математика, физика, химия, биология, география, тарих, тіл білімі, экономикадан өз жобаларын орыс және ағылшын тілдерінде ұсынды.

№17 мектеп-гимназиясының оқушысы Аида Қасымова химиядан «Қоршаған ортаны қорғау және адам денсаулығы» санаты бойынша және № 51 мектеп-гимназиясының оқушысы Дана Исмағұлова физикадан «Жаңартылатын энергетика - болашақ энергиясы» секциясында бірінші орын алды.

«Фундаментальды математика және қазіргі заманғы экономикадағы математикалық әдістер» санатында Дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің өкілі Абылай Ақылбек, №17 мектеп-гимназиясының оқушысы Аделаида Аллахвердиева мен №75 мектеп-гимназиясының оқушысы Мира Шауали күміс жүлде иеленді. Дарынды балаларға арналған ҚТЛ оқушысы Ақыл Зайділбек қола жүлдеге қол жеткізді.

Оқушылар химия мен биологиядан жобаларды «Қоршаған ортаны қорғау және адам денсаулығы» секциясында қорғады. Бұл салада «күміс» № 60 мектеп-лицейінің оқушысы Жания Баймағамбетова және Дарынды балаларға арналған ҚТЛ оқушысы Әлібек Даркембаевқа бұйырды. № 73 мектеп-лицейінің оқушысы Санжар Ахметов пен Дарынды балаларға арналған ҚТЛ оқушысы Ільяс Ахмурзин үшінші орын алды.

«ХХІ ғасырдағы тіл, мәдениет және құқық: тану сатылары» санатында тарихтан № 3 мектеп-гимназиясының оқушысы Әділ Зейнелғаби және №1 мектеп-лицейінің өкілі Тоты Нұртай «күміс» олжалады, «қола» №59 мектеп-лицейінің оқушысы Аяла Оразбаеваның еншісінде. Дарынды қыздарға арналған ҚТЛ өкілі Данелия Мұсабекова тіл білімі бойынша жобасын қорғап үшінші орын алды, №60 мектеп-лицейінің оқушысы Аңсар Рахметов ағылшын тілінен қола алды. №60 мектеп-лицейінің оқушысы Асан Советқалиев пен №38 мектеп-лицейінің оқушысы Саян Кемеңгер де үшінші орын алды. Бұл екеуі де «Жаңартылатын энергетика - болашақ энергиясы» секциясында физикадан өз жобаларын қорғады.

Жарыс жүлдегерлерінің бірі Жания Баймағамбетова өз пікірімен бөлісті:

«Мен өз жобамды химия пәнінен ұсындым, өзім химия-биология сыныбында оқимын. Шынын айтсам, қиын болды. Жұмысымды орыс тілінде жазғандықтан оны ағылшын тіліне аударып, қорғауға тура келді. Төрт жылдан бері химияны тереңдету тобында оқып жүрмін, олимпиадаларға, турнирлерге жиі қатысамын, мектептен кейін ғылыммен айналыспақпын».

Айта кетейік, оқушылар сапар аясында бизнес мектебінің профессорларының «Кәсіпкерлік шығармашылық» және «Инновациялық менеджмент» тақырыптары бойынша дәрістерін тыңдады.

Соңғы жаңалықтар
telegram