17 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 17 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

Сәт ТОҚПАҚБАЕВ, Қазақстанның Халық қаһарманы, генерал-полковник, ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері

Сәт ТОҚПАҚБАЕВ
Фото: madeniportal.kz

Ол 1939 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 1963 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдаған. 1964 жылы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Минск қаласындағы № 302 Жоғары мектебін, ал 1971 жылы КСРО СІМ Жоғары дипломатиялық мектебін бітірген.

Еңбек жолын 1956 жылы Алматы облысы Іле ауданындағы «Комсомол» колхозында жұмысшы болып бастаған. 1957-1958 жылдары Бурундай кірпіш зауытында вагоншы-жұмыскер болып еңбек етті. 1963 жылы Алматы облыстық прокуратурасының тергеушісі қызметіне тағайындалды. 1963 жылдың қыркүйек айынан бастап КСРО МҚК № 302 Минск мектебінің курсанты, КСРО МҚК кадрлық офицері, жедел өкілден ҚазКСР МҚК басқармасының бастығы лауазымына дейінгі қызмет жолын өткен. 1991 жылдың қараша айынан бастап Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша ҚР МҚК Басқармасының бастығы болды. 1993 жылдың маусым айынан бастап ҚР ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары, 1993 жылдың желтоқсан айынан бастап ҚР ҰҚК төрағасы қызметін атқарды. 1995 жылы ҚР Президенті Күзет қызметінің бастығы, ҚР Республикалық гвардиясының қолбасшысы міндетін атқарушы болып тағайындалды. 1997 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстан Республикасы Республикалық гвардиясының қолбасшысы қызметін атқарды. 1999 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалып, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға атсалысты. 2001 жылдың желтоқсан айынан Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметін атқарды. Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызметшілердің қызметі жөніндегі комиссияға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияға төрағалық етті.

2007-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің IV шақырылым депутаты болып, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ретінде заң шығару жұмысына қатысты.

Сәт Тоқпақбаев мемлекеттік қауіпсіздік, қорғаныс және құқық қорғау салаларындағы көп жылғы еңбегі үшін бірқатар мемлекеттік наградамен марапатталған. 1997 жылы «Даңқ» орденімен, 2008 жылы III дәрежелі «Барыс» орденімен, 2019 жылы I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. 2024 жылы оған «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі — «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордені табысталды.

Сондай-ақ ол «Астана», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері» медальдарымен, сондай-ақ КСРО, Ресей Федерациясы, Тәжікстан және Қырғыз Республикасының медальдарымен марапатталған.

Ғалым БАЙНАЗАРОВ, Ұлттық банктың алғашқы төрағасы, қаржыгер, банкир, экономист

Ғалым БАЙНАЗАРОВ
Фото: kazpravda.kz

1944 жылы Торғай облысында дүниеге келген. 1969 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1969 жылы Торғай бөлімшесі Мемлекеттік банкінің кредит инспекторы қызметінен бастаған. 1969-1976 жылдары аталған бөлімшеде еңбек етіп, кейін оның басқарушысы қызметін атқарды. 1976-1985 жылдары Арқалық қалалық Мемлекеттік банк басқармасының бастығы болды.

1985-1987 жылдары Қазақ республикалық Мемлекеттік банк конторасы бастығының орынбасары, кейін басқарма бастығы қызметтерін атқарды. Банк жүйесі қайта ұйымдастырылғаннан кейін, 1987-1992 жылдары Қазагроөнеркәсіп банкі төрағасының бірінші орынбасары, 1992-1994 жылдары ҚР Ұлттық мемлекеттік банкінің басқарма төрағасы болды. 1994-1995 жылдары ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі, 1995-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің экономикалық саясат бөлімінің кеңесшісі қызметтерін атқарды. 1996-1998 жылдары «Қазпоштабанк» ЖАҚ шетелдік инвестициялар департаментінің директоры, 1997-1998 жылдары «АТРЕМ» қаржы-инвестициялық компаниясының бас директоры болды. 1999-2002 жылдары «Халықтық жинақтаушы зейнетақы қоры» ЖАҚ-ның президенті қызметін атқарды. 2000-2002 жылдары ҚР Көлік құралдарының жүргізушілері одағының Орталық кеңесі төрағасының кеңесшісі, 2002-2004 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланып, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі ретінде қызмет атқарды. 2005-2007 жылдары Парламент Мәжілісі Төрағасының хатшылығын басқарды. 2007 жылдан бастап ҚР Парламенті Мәжілісі аппаратының ақпараттық-талдау бөлімінде консультант қызметін атқарды.

2005 жылы «Парасат» орденімен марапатталған. Сондай-ақ «Мемлекеттік банк үздігі» белгісімен, Қазақ республикалық Мемлекеттік банк конторасының және Торғай облыстық атқару комитетінің Құрмет грамоталары табысталған.

Тимур ЖАҚСЫЛЫҚОВ, Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ТМД Жарғылық органдары жанындағы тұрақты өкілі

Тимур ЖАҚСЫЛЫҚОВ
Фото: gov.kz

1968 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1993 жылы М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тарихшы мамандығы бойынша бітірген. 1997 жылы Францияның Страсбург қаласындағы Саяси зерттеулер институтының магистратурасын еуропалық зерттеулер мамандығы бойынша тәмамдап, магистр дәрежесін алған. 2003 жылы Қазақ экономика және қаржы институтын экономист мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1985-1987 жылдары Ертіс геологиялық барлау экспедициясында жұмысшы болып бастады. 1993-1996 жылдары Семей бизнес және кәсіпкерлік институтының атқарушы ректоры болды. 1997-1998 жылдары Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің бас маманы, бөлім бастығы қызметін атқарды. Ал 1998-1999 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының сектор меңгерушісі болып еңбек етті. 1999-2002 жылдары ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау орталығының сектор меңгерушісі болды. 2002-2003 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Жүйелік зерттеулер орталығы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды. 2003-2004 жылдары ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру мәселелері жөніндегі департаментінің директоры; 2004-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Дүниежүзілік сауда ұйымы мәселелері жөніндегі Женева қаласындағы өкілдер тобының жетекшісі; 2005 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің Швейцария Конфедерациясындағы тұрақты өкілдігінің бірінші хатшысы, 2005-2006 жылдары Алматы қаласындағы «Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталығы» АҚ басқарушы директоры болды. 2006 жылы ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің «Экономикалық зерттеулер институты» РМК бас директоры қызметіне тағайындалды. 2006-2007 жылдары Астана қаласы әкімінің аппаратындағы «Елорда тұрақты даму орталығы» МКК директоры, 2007 жылы «Елорда тұрақты даму орталығы» ЖШС директоры болды. Ал 2007-2008 жылдары Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау департаменті директорының міндетін уақытша атқарушы, директоры қызметіне тағайындалды. 2008-2009 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары, 2009-2010 жылдары ҚР Индустрия және сауда вице-министрі, 2010 жылы ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 2010-2012 жылдары «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ басқарма төрағасы, 2012-2014 жылдары ҚР Экономикалық даму және сауда вице-министрі, 2014-2017 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары, 2017-2021 жылдары Қазақстан Республикасынан Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының мүшесі, 2017-2018 жылдары Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі, 2018 жылы ҚР Президентінің көмекшісі, 2019-2021 жылдары Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі болды. 2021-2024 жылдары ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі қызметін атқарды.

Қазіргі қызметін 2024 жылдың маусым айынан бері атқарып келеді.

«Еуразиялық экономикалық одақты құруға қосқан үлесі үшін» І дәрежелі медалімен (2015) және «Еуразиялық экономикалық одақты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен (2019) марапатталған.

Тимур ПІРІМБЕТОВ, Қазақстан Республикасының Қасиетті Тақ жанындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Иерусалим, Родос және Мальта Әулие Иоаннының Егеменді Әскери Госпитальерлер Орденінің жанындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі

Тимур ПІРІМБЕТОВ
Фото: ҚР СІМ

1973 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Еңбек жолы: Дипломатиялық қызметін 1997 жылы Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және Америка департаментінде референті қызметінен бастап, содан кейін атташе және үшінші хатшы болып жұмыс істеді. 1999-2004 жылдары Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Елшілігінің үшінші хатшысы, екінші хатшысы қызметтерін атқарды. 2004 жылдан бастап 2018 жылға дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде аға сарапшы, бас инспектор, сектор меңгерушісі болды. 2009 жылдан бастап 2018 жылдың наурызына дейін — Қазақстан Республикасы Президент Протоколы бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды. 2018-2019 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Фдерациясындағы Елшлігінің Кеңесші-уәкілі, 2019-2023 жылдары Қазақстан Республикасының Латвия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды. 2023-2024 жылдары ҚР Мексика Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.

Қазіргі қызметін 2024 жылдың қараша айынан бастап атқарып келеді.

Назгүл ЕСТЕУСІЗОВА, Қазақстанның микроқаржы омбудсмені

Назгүл ЕСТЕУСІЗОВА
Фото: АРРФР

1983 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 2005 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «әлемдік экономика» мамандығы бойынша бітірген. 2018-2020 жылдары Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясын «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2024 жылы «Q» UNIVERSITY университетінде «құқықтану» (ғылыми-педагогикалық бағыт) мамандығы бойынша білім алған. 2025 жылы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын (МГИМО) бітірген.

Еңбек жолын 2005 жылы «Темірбанк» АҚ-да бастап, бас банктің тәуекел-менеджері, Кредит комитетінің мүшесі, Алматы қаласындағы жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсету орталығының бастығы және филиал директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 2010-2015 жылдары «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да кредиттік өтінімдерді андеррайтингтеу секторының меңгерушісі, Кредит комитетінің мүшесі және Қызмет көрсету орталығының бастығы болып жұмыс істеді. 2015-2020 жылдары «Жедел» ЖШС-да бас директордың кеңесшісі, өндіріс жөніндегі бас директордың орынбасары және қаржы директоры қызметтерін атқарды. 2021-2022 жылдары «Коллекторлық агенттік „Ұлттық өндіріп алу қызметі“ ЖШС-ның өтініштермен және мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі департаментін басқарды. 2022-2024 жылдары „Қазақстанның коллекторлар ұлттық палатасы“ ЗТБ төрағасы қызметін атқарды.

2024 жылдың желтоқсан айынан бастап қазіргі қызметінде. 

Арман ЖҮДЕБАЕВ, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры

Арман ЖҮДЕБАЕВ
Фото: primeminister.kz

1985 жылы Алматы облысының Қапшағай қаласында (қазіргі Қонаев) дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының музыка факультетін, домбыра бөлімін бітірген. Дирижер, өнер магистрі.

Еңбек жолын 2009 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұлттық аспаптар студенттік оркестрінде оқытушы, жетекші және бас дирижер қызметтерінен бастады. 2013-2018 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің бас дирижері болды. 2017-2018 жылдары Дина Нұрпейісова атындағы Атырау облыстық қазақ академиялық халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері қызметін атқарды. 2018-2023 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры болды. 2023 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетінің төрағасы, кейін ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі қызметтерін атқарды. 2023-2024 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі болды.

Қазіргі қызметін 2024 жылдың қаңтар айынан бастап атқарып келеді.

Елеген ҚАЙЫРЖАНОВ, отандық қылмыстық құқық, криминология ғылымдарының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстан криминологиялық қауымдастығының құрметті профессоры

 КАИРЖАНОВ Елеген Изтлеуович
Фото: alpolac.edu.kz

1933 жылы Атырау облысында дүниеге келген. 1954 жылы Алматы мемлекеттік заң институтын бітіріп, сол жылы Свердловск қаласында арнайы даярлықтан өтті. 1966 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің күндізгі аспирантурасын бітірген.

Еңбек жолын 1954 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде қызмет етуден бастады. 1964-1973 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Философия және құқық институтында кіші, кейін аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. 1973-1987 жылдары КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды және Омбы жоғары мектептерінде зертхана бастығы және кафедра бастығы қызметтерін атқарды. 1987-1995 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде криминалистика кафедрасының, қылмыстық құқық және криминология кафедрасының меңгерушісі, сондай-ақ заң факультеті деканының міндетін атқарушы болды. 1995 жылы «Қайнар» университетінің бірінші вице-президенті қызметін атқарды.

200-ден астам ғылыми еңбек жариялаған, оның ішінде 22 монографиясы бар. Оның жетекшілігімен 10 заң ғылымдарының докторы және 50-ден астам заң ғылымдарының кандидаты даярланған.