17 мамырда еліміздің бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның басым бөлігінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі.

ауа райы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Болжам бойынша, жексенбі күні еліміздің көп бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Алайда батыс, оңтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс таулы аймақтарда атмосфералық фронттардың қозғалысына байланысты найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Күндіз оңтүстік-батыста нөсер жаңбыр күтіледі, шығыс өңірлерде жаңбыр мен қар жаууы ықтимал.

Республикада желдің күшеюі, оңтүстік, батыс және оңтүстік-батыста шаңды дауылдың тұруы, сондай-ақ солтүстік, шығыс және оңтүстік-батыста түнде және таңертең тұманның болуы болжанып отыр. 

Түнде Шығыс Қазақстан облысының солтүстік және шығыс аймақтарында, сондай-ақ Абай облысының батысында үсік түсіп, топырақ беті қатып, температура -2 градусқа дейін төмендейді.

Атырау облысының солтүстік-батысы, Маңғыстау облысының солтүстік-шығысы, Қостанай облысының орталығы, Павлодар облысының батысы, шығысы және оңтүстігі, Қызылорда облысының солтүстігі, Түркістан және Қарағанды облыстарының батысы мен солтүстігі, Жамбыл және Алматы облыстарының батысы, Шығыс Қазақстан облысының орталығы, Ақмола мен Ұлытау облыстарының оңтүстігі, Абай облысының шығысы, Атырау облысының оңтүстігі, Ақмола облысының солтүстігі мен орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.

Сонымен қатар Қызылорда облысында, Ақтөбе мен Қарағанды облыстарының оңтүстігінде, Жетісу облысының оңтүстік-шығысында, Павлодар және Ұлытау облыстарының шығыс аймақтарында төтенше өрт қаупі күтіледі.

Бұған дейін ШҚО-да жаздың алғашқы айында ауа райы қандай болатынын жазғанбыз.