17 мамыр. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

17 мамыр, БЕЙСЕНБІ
Дүниежүзілік электр байланысы және ақпараттық қоғам күні. Бұл күннің мақсаты қоғамдар мен елдердің интернет пен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) пайдалануы, сондай-ақ «сандық алшақтықтан» арылудың жолдары туралы мүмкіндіктері жайындағы хабардарлық деңгейін көтеруге жағдай жасауында.
Дүниежүзілік электр байланысы және ақпараттық қоғам күні бұрын аталып өтіп келген Халықаралық телекоммуникациялар күнін және «Дүниежүзілік ақпараттық қоғам күнін» ауыстырды. 2006-ншы жылғы қарашада Халықаралық Электр байланысы Одағының (ХЭО) Анталиядағы (Түркия) Уәкілетті конференциясында бұл екі шара да 17-нші мамырда Дүниежүзілік электр байланысы және ақпараттық қоғам күні ретінде аталып өтеді деген шешім қабылданды.
Бұл күн - барлық программистердің, жүйелік әкімшілердің, интернет-провайдерлердің, веб-дизайнерлердің, интернет-басылымдар редакторларының басқа да ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істейтін адамдардың кәсіби мейрамы.
Халықаралық электр байланысы күні (Халықаралық телекоммуникация күні). 1865 жылы негізі қаланған Халықаралық электр байланысы одағының әкімшілік кеңесі сессиясының шешімімен 1969 жылдан бастап атап өтіледі.
Норвегия Корольдігінің Ұлттық мейрамы - Конституция күні (1814). Эйдсволлда өткен құрылтай жиналысында Дат билігінен азаттық алған Норвегия Конституциясы қабылданды. 2-і ғасырға жуық бұрын қабылданған Конституция күні бүгінге дейін өз күшін жойған жоқ. Норвегия Еуропаның солтүстігінде орналасқан. Батысын және қиыр солтүстігін Скандинавия түбегі алып жатыр. Солтүстігі Баренц теңізімен, батысы Норвегия, Солтүстік теңіздерімен, оңтүстігі Скагеррак бұғазымен, ал құрлықта Швециямен, қиыр шығысында Финляндиямен, Ресеймен шектеседі. Норвегияға Шпицберген архипелагы, Медвежий аралы, Атлант мұхитының солтүстік бөлігіндегі Ян-Майен, Буве аралдары қарайды. Әкімшілік жағынан 18 фюлькеге (облыс) бөлінеді. Астанасы - Осло қаласы. Мемлекеттік тілі - норвег тілі. Ақша бірлігі - крона. Мемлекет басшысы - Король. Жоғары заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Стортинг.
Қазақстан Республикасы мен Норвегия Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 6-сында орнатылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
20 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы ҚР Жоғары аттестациялық комиссиясы құрылды.
20 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түрік Республикасында Қазақстанның Елшілігін ашу туралы Жарлығы жарық көрді.
20 жыл бұрын (1992) Президент Жарлығымен мүсінші Еркін Мергеновке «Қазақстанның Халық суретшісі» құрметті атағы берілді.
5 жыл бұрын (2007) Алматыда БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының құрылғанына 60 жыл толуына орай шығарылған естелік пошта маркасын салтанатты таныстыру рәсімі өтті.
Қазақстан пошталық әкімшілігі шығарған көркем маркада ұлттық өрнектер мен ЭСКАТО-ның 60-жылдығын білдіретін арнайы белгі басылған. Бірлік номиналы 25 теңгені құрайтын бұл марканың жалпы таралымы 50 мың дана.
5 жыл бұрын (2007) Талдықорғанда «Basalt LTD» ЖШС-ның жылуды оқшаулайтын материалдар өндіретін зауыт іске қосылды.
Жылуды оқшаулайтын материалдар базальттан және синтетикалық байланыстырғыштан дайындалады. Олар құрылыс құрылымдарында және ғимараттардағы ішкі және сыртқы тұрба желілеріндегі жылуды оқшаулауға арналған. Оны өртке қарсы және дыбыс шығармайтын материал ретінде пайдалануға болады.
ЕСІМДЕР
59 жыл бұрын (1953) БҰҰ Бас хатшысының орынбасары - БҰҰ-ның Женева қаласындағы бөлімшесінің бас директоры, БҰҰ қарусыздану жөніндегі конференциясының бас хатшысы, ҚР үстел теннисі федерациясының президенті, тарих ғылымдарының кандидаты, саясаттану ғылымдарының докторы ТОҚАЕВ Қасым-Жомарт Кемелұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын, РФ Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген. Бейжің Тіл институтында бір жылдық лингистикалық институтте тағлымдамадан өтті.
Институтты бітіргеннен кейін мамандығы бойынша КСРО Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында, шетелдік өкілдіктерде қызмет істеген. 1984 жылдан КСРО Сыртқы істер министірлігінің орталық аппаратында, Сингапур республикасындағы КСРО елшілігінде, КСРО -ның Қытайдағы елшілігінде қызмет етті. 1991 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясының тыңдаушысы болды. 1992 жылы наурызда - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер Министрінің орынбасары, Министрдің бірінші орынбасары.
1994 жылы қазаннан бастап Қазақстан Республикасының Сыртқы істер Министрі . 1999 жылы наурыздан бастап Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер Министрі . 1999 жылы қазан - 2002 ж. қаңтар аралығында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі . 2002 жылы қаңтар - 2003 ж. маусым аралығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер Министрі . 2003 жылы маусымнан Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі . 2007 жылы қаңтар айынан - Қазақстан Республикасы Президенті жарлығы бойынша Парламент Сенаттың депутаты . 2007 жылы қаңтардың 11 Парламент Сенаттың төрағасы болып сайланды.
2011 жылғы 12 наурызда БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қасым-Жомарт Тоқаевты БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры қызметіне тағайындағаны туралы шешімін жариялады. Атқаратын қызметіне сәйкес Қ.-Ж. Тоқаев БҰҰ-ның қарусыздану жөніндегі Женевадағы бас хатшысы болып табылады. Ол БҰҰ-ның Женеадағы бөлімшесінң бас директоры қызметіне тағайындалған Азиядан шыққан алғашқы өкіл болды.
Дипломатиялық дәрежесі - Төтенше және Өкілетті Елші . Тоқаев тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының бағыты мен жүзеге асырылуына тікелей қатысты. Ағылшын , қытай , француз тілдерін меңгерген.
«Парасат», «Қазақстан Республикасының Тұнғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» ордендерімен, «Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.
69 жыл бұрын (1943-2006) мемлекет қайраткері ЕСЕНЖАНОВ Амангелді дүниеге келді.
Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1973-1974 жылдары - Алматы облыстық адвокаттар алқасының адвокаты. 1974-1978 жылдары - Әуезов аудандық сотының халық судьясы. 1978-1983 жылдары - Алматы облыстық соты төрағасының бірінші орынбасары. 1983-1985 жылдары - Алматы қалалық атқару комитеті әділет бөлімінің бастығы. 1985-1987 жылдары - Алматы қалалық сотының төрағасы. 1987-1990 жылдары - Совет аудандық сотының халық судьясы. 1990-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Аппаратының, Әкімшілігінің азаматтық және рақымшылық жасау жөніндегі бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1999-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің мүшесі болған. Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің аппарат жетекшісі қызметін атқарған. Заң саласындағы бірқатар ғылыми еңбектің авторы.
«Парасат» орденімен, екі медальмен марапатталған.
93 жыл бұрын (1919-1942) Кеңес Одағының Батыры, әскери ұшқыш ӘБДІРОВ Нүркен дүниеге келді.
Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін Қарағандыдағы №1 шахтада жұмыс істей жүріп, аэроклубта оқыған. Орынбор әскери авиациялық училищесін, Ташкенттегі әуе атқыштары мектебін, Сібір қалаларының біріндегі ұшқыштар училищесін бітірген. Н.Әбдіров 1942 жылы Оңтүстік-батыс майданның 17-ші армиясы құрамындағы 167-ші авиациялық дивизияның 808-ші полкіне қабылданды. Алғашқы әуе шайқасына қазанның 23-інде қатысып, екі айға жетер жетпес уақыт ішінде 16 рет жауынгерлік әуе жорығына араласты. Осы уақыт аралығында жаудың 16 танкісін, 28 автомашинасын және техникасын, 50-ге тарта солдаты мен офицерін жойды. 1942 жылы желтоқсанның 16-ында 17-ші рет жауынгерлік тапсырманы орындауға ұшып шықты. Н.Әбдіров жаудың бірнеше дзотын, зенитті артиллериясының 2 ұясын, 6 танкісін жойды. Бірақ гитлерлік зенитшілер Нүркеннің ұшағына оқ дарытып, ұшақ жана бастады. Ұшақтан секіруге болатын еді, бірақ Н.Әбдіров бұл ойдан аулақ болды. Ол капитан Гастелло сияқты өзінің жанған ұшаған неміс техникасының шоғырланған жеріне қарай бағыттады. Нүркен лапылдаған жалын құшағына енген ұшағыменмен жау танкілерінің қалың ортасына сүңгіп кетті. Күлі көкке ұшқан неміс техникасымен бірге ондаған фашист солдаттары мен офицерлері де жойылды. Ол осылай ерлікпен қаза тапты. Сталинград аспанында капитан Гастеллоның ерлігін қайталаған қарағандылық ұшқыш Нүркен Әбдіровтың ерлігі мәңгі есте сақталмақ.
Н.Әбдіровке әскери міндетін атқару кезінде көрсеткен ерен ерлігі үшін 1943 жылы наурыздың 31-інде Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1944 жылы Қарағанды шахтерлерінің өз еріктерімен жиған қаржысына жасалған Н.Әбдіров атындағы ұшақ жауға қарсы ұрысқа кірді. Қарағанды қаласында, батырдың туған жері - Қарқаралы ауданының Нүркен Әбдіров атындағы ауылында ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ Қазақстан қалаларында Әбдіров атындағы мектептер, көшелер және ескерткіштер бар.
78 жыл бұрын (1934) ауыл шаруашылығы ғылымның докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының География институты жанындағы біріктірілген докторлық диссертация қорғау кеңесінің мүшесі ЖАМАЛБЕК Есбол дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақстан Ғылым академиясы Топырақтану институтының аспирантурасын бітірген. Негізгі ғылыми жұмысы оңтүстіктегі шөл далада алғашқы болып ұйымдастырылған Мақтаарал ауданының топырақ-мелиоративтік жағдайын зерттеп, оны екінші сорландырудан құтқару жолдарын қарастыруға арналған. Топырақтану институтына түскен өндірістік тапсырыс бойынша Е.Жамалбек Маңғыстау түбегінің топырақ-мелиоративтік жағдайларын зерттеп, халыққа қажет азық-түлікпен қамтамасыз ету және елді мекендерді көгалдандыру мәселелерімен айналысты. 1973 жылдан бастап ғылыми-зерттеу жұмыстарын Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізді. Ғалым «Жалпы топырақтану және топырақ географиясы», «Биогеография және экология негіздері», «Мелиоративтік география», «Жер кадастры», «Жер ресурстарын экологиялық-экономикалық тұрғыдан бақылау» пәндерінен сабақ берді. «Топырақтану және топырақ географиясы мен экологиясы» атты оқу құралын шығарды. Осы оқу құралы 2003 жылы электорондық оқу жүйесіне енгізілді. 2001-2003 жылдары «Жер кадастры» оқу құралы қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты. Оның 10 монографиясы, 8 оқу құралы, 8 кітапшасы және көптеген ғылыми еңбектер жарық көрген.
«Ерен еңбегі үшін», КСРО-ның Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола және «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған.
73 жыл бұрын (1939) ауыл шаруашылығы ғылымының докторы МАМЫШЕВ Марат дүниеге келді.
Алматы облысының Балқаш ауданында туған. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын және аспирантурасын бітірген. Балқаш ауданында, Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтында, Қазақ кортоп және көкөніс ғылыми-зерттеу институтында, Бүкілодақтық агрохимиялық қызмет көрсету институтында жауапты қызметтер атқарды. 1991-1995 жылдары Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының кафедра меңгерушісі, профессоры болды.
Ғалым тұңғыш рет елімізде агроэкология мамандығының негізін қалап, арнаулы оқулықтар жазды. Ғылыми зертеу жұмыстары топырақтың құнарлығын анықтап, оны агрохимиялық тәсілдермен көтеру, картоп, көкөніс, тағы басқа ауыл шаруашылығы дақылдарының сапасын арттыру мәселелеріне арналған. 140-тан аса ғылыми жарияланымның, соның ішінде бір монографияның авторы.
63 жыл бұрын (1949-1990) киноактер, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ Жамбыл Төлекұлы дүниеге келді.
Мәскеу мемлекеттік кинематография институтының актерлік факультетін бітірген. 1974 жылдан «Қазақфильм» студиясында киноактер ретінде қызмет атқарған. Ол Темір («Махаббат тәмсілі»), Еркебұлан («Кездеспей кеткен бір бейне»), Пойгин («Ақ бақсы»), Жауынгер («Құс жолы»), Египет сұлтанының сыбайласы («Бейбарыс сұлтан»), Софи-заде («Отқа оранған Түркістан»), Кенже батыр («Жаушы батыр»), тағы басқа көптеген рөлдерді ойнаған.
62 жыл бұрын (1950) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері РОГОВ Игорь Иванович дүниеге келді.
Баку қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
Алматы қаласының Әуезов аудандық ішкі істер бөлімінде тергеуші болған. 15 жылдай оқытушылықпен айналысқан. Президент Аппараты және Министрлер кабинеті секторында аға референт, консультант, меңгеруші, Конституциялық сот төрағасының орынбасары, Мемлекет Басшысының кеңесшісі, көмекшісі, Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасы, әділет министрі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары - мемлекеттік-құқық басқармасы бастығы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2004 жылдың 15 маусымынан.
Заңтануға қатысты бірнеше ғылыми еңбектің авторы.
42 жыл бұрын (1970) «Нұр Отан» ХДП хатшысы САТЫБАЛДЫ Қайрат Сатыбалдыұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Қаскелең ауылында туған. И.С.Конев атындағы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Атырау мұнай және газ институтын бітірген.
1990-1991 жылдары - Түркістан әскери округінде взвод, рота командирі. 1991-1998 жылдары - ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет етті. 1998-2000 жылдары - Алматы қаласы әкімінің орынбасары. 2000-2002 жылдары - «Қазақойл» ҰМК» ЖАҚ вице-президенті. 2000 жылдан бастап Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті. 2002-2003 жылдары - «ҚазМұнайГаз» ҰК» ЖАҚ басқарушы директоры. 2003-2005 жылдары - ҚР ҰҚК кадрлар қызметінің бастығы. 2005-2006 жылдары - «Қазақстан темір жолдары» ҰК» АҚ бірінші вице-президенті. 2005 жылдан бастап - «Ақ Орда» республикалық қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. 2005 жылдан - «Қайрат» халықаралық қайырымдылық қорының президенті. 2010 жылдың мамырынан - «Нұр Отан» ХДП хатшысы. Заң ғылымдарының кандидаты. Құқықтық мәселелерге арналған кітаптардың авторы.
101 жыл бұрын (1911-1974) палуан БОҚАЕВ Мұхаметжанұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында туған. 1936 жылы Алматы қаласына келіп, Қазақстанның 15 жылдығына арналған тойда ауыр салмақ дәрежесінде күреске түсіп, бірінші орын алған. 1940 жылы Қарағандыға келген күш атасы Қажымұқан оны әдейі шақыртып, екеуі Майқұдық шахтасында кездеседі. Қажымұқан оның күшіне риза болып батасын берген. 1945 жылы Жамбылдың 100 жылдық тойында нар палуан, 1949 жылы Ашғабатта өткен Орта Азия Республикалары мен Қазақстан халықтарының ұлттық күрес түрлерінен өткен жарыста абсолюттік чемпион атанған.
86 жыл бұрын (1926-1998) ҚР ҰҚК ардагері, генерал-майор ВЕРЕЩАЕВ Николай Федорович дүниеге келді.
Ақмола облысының Есіл ауданында туған. КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік халық комисариаты Өлкеаралық мектебін, Ташкент педагогика институтын бітірген. Солтүстік Қазақстан және Көкшетау облыстарының мемлекеттік қауіпсіздік органдарында қызмет істеген. 1963-1978 жылдары - Қостанай облысы бойынша мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасының уәкілі, Рудненск қалалық мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасының бөлім бастығы. 1978-1988 жылдары - Қостанай облыстық мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасының бастығы. 1988 жылдан зейнет демалысына шыққаннан кейін Қостанай облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы болды.
«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.
86 жыл бұрын (1926-1993) қырғыз бишісі, қырғыз хореографиясының негізін қалаушылардың бірі, Қырғызстанның халық әртісі, КСРО халық әртісі, Қырғызстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты БЕЙШЕНӘЛИЕВА Бүбісара дүниеге келді.
Қырғызстан Республикасының Аламүдін ауданында туған. Ленинград хореография училищесін бітірген. 1941 жылдан Қырғыз мемлекеттік опера және балет театрының бишісі, 1946 жылдан бас бишісі болған. Қырғыз ұлттық балетінің қалыптасуы мен дамуы оның есімімен тікелей байланысты. Бүбісараның би өнері жоғары деңгейдегі мәдениетімен, ұлттық ерекшелігімен дараланады. Ол қатысқан «Шолпан» балет-фильмі 60-тан астам елдерде қойылған. Қырғыз өнер институтына Бүбісара есімі берілген.
«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
71 жыл бұрын (1941) М.Тынышбаев атындағы көлік және коммуникациялар академиясының кафедра меңгерушісі, техника ғылымының докторы, профессор ҚАСПАҚБАЕВ Қабділ Сұлтанұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында туған. Ташкент темір жол көлігі инженерлері институтын бітірген. Еңбек жолын Алматы локомотив депосынан бастаған ол Алматы темір жол бөлімшесінде, Алматы темір жол көлігі инженерлері институтында, Бүкілодақтық кәсіби біліктілікті арттыру институтының Қазақстандағы филиалында әр түрлі жауапты қызметтер атқарып, 1990-1997 жылдары осы мекеменің сырттай оқыту факультетінің деканы, ғалым-хатшысы, кафедра меңгерушісі болған. Қазіргі қызметінде 1997 жылдан бастап істейді.
66 жыл бұрын (1946) ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі МЕЙІРМАН Ғалиолла Төлендіұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Қаратал ауданында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) бітірген. Қазақ мал азығын өндіру және жайылым ғылыми-зерттеу институтында, Қазақ ауыл шаруашылығы ғылым академиясында, Арал өңірі агроэкология және ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында, Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында, Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, басшылық қызметтер атқарған. 2004 жылдан бастап Егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында қызмет етеді. Негізгі ғылыми еңбектері, жоңышқа мен майлы дақылдардың селекциясын және тұқым шаруашылығын зерттеуге бағытталған. Жоңышқа дақылы селекциясының теориялық негіздерін жасап, осы дақылдың жаңа сұрыптары - Қапшағай-80, Дархан-90, Жайнақ, түйе жоңышқаның Аркас, Сарайшық және күріштің Аружан сұрыптарын шығарған. 90-нан астам ғылыми еңбектері бар.