17 маусым. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 17 маусым күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

тұлғалар
Фото: ҚазАқпарат

ЕСІМДЕР

66 жыл бұрын (1958) Қазақстанның мемлекет және саяси қайраткері Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ дүниеге келді.

календарь
Фото: wikipedia.org

Қызылорда облысында туған. 1986 жылы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «тарихшы» мамандығы бойынша, 1999 жылы Мәскеу бизнес және ақпараттық технологиялар халықаралық университетін «экономист» мамандығы бойынша және 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын «заңгер» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1986-1998 жылдары Қызылорда педагогикалық институты саясаттану және әлеуметтану кафедрасының тарих пәнінінің оқытушысы, аға оқытушысы, меңгерушісі, 1994-1998 жылдары Қызылорда мемлекеттік университеті тарих және құқық факультетінің деканы, 1998-2001 жылдары Қазақ Мемлекеттік Заң университетің Қызылорда филиалының директоры қызметін атқарған. 2001-2002 жылдары Қазақ Мемлекеттік Заң университетің өңірлік оқыту жөніндегі проректоры, 2002-2008 жылдары Қызылорда гуманитарлық-заң колледжінің директоры, Қазақ мемлекеттік заң университетінің Қызылорда филиалының директоры, 2008-2011 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, 2011-2017 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі лауазымын атқарған. 2017-2023 жылдары Қызылорда облысынан сайланған ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды.

«Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл» медальдарымен, «Білім беру ісінің үздігі», «Ы. Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталған.

64 жыл бұрын (1960) Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Гүлсара Өзбекқызы ЖОЛДАСБАЕВА дүниеге келді.

Алматы халық шаруашылығы институтын (Нархоз), Т.Рысқұлов атындағы Қазақ мемлекеттік басқару академиясының аспирантурасын бітірген. 08.00.05-Экономика және халық шаруашылығын басқару (салалар мен қызмет бағыттары бойынша) экономика ғылымдарының кандидаты, ЖАК доценті.

Еңбек жолы: Құрылыс банкінің Маңғышлақ аудандық бөлімшесінде экономист; «Маңғышлақмұнайгазқұрылысы» АҚ-да экономист, Қазақ политехникалық институты Ақтау филиалында оқытушы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісінің м.а., Ақтау мемлекеттік университетінде доцент, кафедра меңгерушісі, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде «Экономика» кафедрасының меңгерушісі, «Экономика және құқық» факультетінің деканы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор. университет ректорының кеңесшісі, «Бизнес және құқық факультетінің» деканы; корпоративтік хатшы.

46 жыл бұрын (1978) Ақтөбе облысы мәслихатының VIII шақырылым депутаты Естай Ибрагимұлы СИСЕНБАЕВ дүниеге келді.

календарь
Фото: Ақтөбе облысының мәслихаты

Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылында дүниеге келген. 1997-2002 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде оқып, «Қаржы және несие» мамандығын алды.

Еңбек жолы: 1997-2003 жылдары «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жанындағы «Ақтөбэнергонефть» басқармасының қазандық жабдықтары бойынша слесары, су сорғыларына арналған машинаның жүргізушісі болып жұмыс істеді. 2003-2006 жылдары «АСБИ» ЖШС жабдықтау бөлімінің қызметкері, бөлім басшысы, 2006-2009 жылдары «Спектр-продукт» ЖШС, «Бас Сардар» ЖШС бас директоры, 2009 жылы «СтройгазСервис – Ақтөбе» компаниясының басшысы қызметін атқарды. «BazisGroup KZ» ЖШС құрылтайшысы.

Әр жылдары Мемлекет басшысының, ҚР министрлерінің және облыс әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталған. 2017 жылы Мәртөк ауданының «Жыл адамы» атанды. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік медальмен және 2022 жылы «AMANAT» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

38 жыл бұрын (1986) Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрбек Ермекұлы ХАБИЕВ дүниеге келді.

календарь
Фото: Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті

Ақмола облысы, Бурабай ауданында дүниеге келген.

2008 жылы Ш.Уәлиханов атындағы ҚМУ бакалавриатын «Стандарттау, метрология және сертификаттау» мамандығы бойынша, 2011 жылы «Фемида» заң академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша, 2017 жылы Гуманитарлық-техникалық академияның магистратурасын «Экономика» мамандығы бойынша, 2020 жылы «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша Ресей мемлекеттік аграрлық университеті - К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясының «стандарттау және метрология» мамандығы бойынша магистратурасын уздік тәмамдаған.

2021 жылы Алматы қаласындағы Қазақстандық оқу-консультациялық орталығының базасында МЕМСТ ISO/IEC 17025 – 2019 «Сынақ және калибрлеу зертханаларының құзыретіне жалпы талаптар» сәйкес менеджмент жүйелерінің ішкі аудиті бойынша оқу курстарын аяқтады.

Еңбек жолы: 2008 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ақмола облыстық «Санитарлық-эпидемиялогиялық сараптама орталығында» метрология, стандарттау және вакциналармен қамтамасыз ету бөлімінің лаборанты, 2008-2011 жылдары Ақмола облыстық «Санитарлық-эпидемиялогиялық сараптама орталығының» метрология, стандарттау және вакциналармен қамтамасыз ету бөлімінде инженер-метролог, 2011-2012 жылдары Ақмола облыстық «Санитарлық-эпидемиялогиялық сараптама орталығының» метрология және стандарттау басқармасының басшысы, 2012-2013 жылдары «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ Ақмола филиалының салыстырып тексеру және метрологиялық өлшемдер бөлімінің маманы (тексерушісі) қызметін атқарған. 2013-2017 жылдары ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті «Республикалық ветеринариялық зертханасының» метрология бәлімінің бас менеджері, 2017-2021 жылдары ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті «Республикалық ветеринариялық зертханасының» метрология бәлімінің бас менеджер-сарапшысы, 2021-2022 жылдары ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті «Республикалық ветеринариялық зертханасының» метрология бәлімінің басшысы қызметінде болды.

Қазіргі қызметін 2022 жылдан бастап атқарып келеді.

37 жыл бұрын (1987) «Ақтөбе ЖЭО» төрағасының орынбасары Әсет Амангелдіұлы ӘБІЛӘШЕВ дүниеге келді.

Ақтөбе облысы, Алға қаласында туған. 2008 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолы: 2010 жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының Алға газ учаскесінің газ құбырларын пайдалану және жөндеу слесарі болып жұмыс атқарды.

Қазіргі қызметінде 2023 жылдың мамырынан бері.

35 жыл бұрын (1989) қазақстандық футболшы, «Жетісу» клубының жартылай қорғаушысы Серікжан МҰЖЫҚОВ дүниеге келді.

календарь
Фото: kazfootball.kz

Семей облысында туған.

Еңбек жолы: «Көксу» және «Жетісу-2» аттарымен белгілі талдықорғандық «Жетісу» клубының екінші командасы үшін Бірінші лигас ойыншысы; «Жетісудың» негізгі және қосалқы құрамының ойыншысы. Ол Еуропа лигасында «Жетісу» сапында гол соққан жалғыз футболшы (2008). Гол «Леха» қақпасына соғылды (06.2012). 2014 жылы елордалық «Астана» клубына ауысты, 2015 жылы «Қайсар» құрамында ойнады, содан кейін «Астанаға» оралды. Оның құрамында Мұжықов Қазақстанның алты дүркін чемпионы атанды. Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңінде де өнер көрсетті. 2020 жылдан бері қостанайлық «Тобыл» клубының құрамында.

31 жыл бұрын (1983) ҚР мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Қуанышбек Серікұлы ТӨЛЕГЕН дүниеге келді.

календарь
Фото: ansamblsaltanat.kz

Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған.

2002-2007 жылдары Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы музыка мектебінде «Хореография» сыныбында оқыды. 2012 жылы Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжін «Хореографиялық өнер», «Би ансамблінің әртісі» мамандығын, 2017 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Хореография» факультетінің «Режиссер» мамандығын бітірді.

2009 жылы «Шабыт» халықаралық байқауының II дәрежелі лауреаты. 2013 жылы «Трио де фестиваль» жас халық бишілері арасындағы халықаралық би байқауының гран-при иегері (Польша). 2015 жылы ҚР Тұңғыш Президентінің Қоры стипендиясының иегері. 2012 жылы «Түрксой» халықаралық фестивалінің I дәрежелі лауреаты (Түркия).

2015, 2019, 2022 жылдары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің атынан Құрмет грамотасымен марапатталды.

87 жыл бұрын (1937-2017) қазақ жазушысы, журналист, қоғам және мемлекет қайраткері Арғынбай БЕКБОСЫН дүниеге келді.

календарь
Фото: egemen.kz

Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы Қарасу ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Әр жылдары Алматы Жоғары партия мектебінде, СОКП Орталық комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында, АҚШ-тың Колорадо университетінде білімін жетілдірген.

Жамбыл облыстық радиосының тілшісі, Қазақ радиосының Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы меншікті тілшісі, Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде бөлім меңгерушісі, Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінің редакторы, Жамбыл облыстық Партия комитетінің бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі нұсқаушысы болған.

1985-1994 жылдары Жамбыл облыстық «Ақ жол», «Еңбек туы» газетінің редакторы болып жұмыс істеді. 1994 жылғы наурызда ҚР Жоғарғы Кеңесінің, 1995 жылғы желтоқсанда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Онда Халықаралық істер, Қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік комитетінде мүше бола жүріп, бірталай аса маңызды заң жобалары бойынша жұмыс тобын басқарды. Депутаттық қызметімен қос,а ҚР Президенті жанындағы Жоғарғы Тәртіптік Кеңестің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі міндеттерін атқарды. 1999-2003 жылдары ҚР Парламенті Сенатының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен.

«Ауылым – әнім менің» (1975, «Қайнар»), «Жетіқарақшысы жоқ аспан» (1991, «Қазақстан»), «Ке- меңгермен кездесу» (1994, «Ме- рей»), «Хауа ананың аманаты» (1995, «Қайнар»), «Қылкөпір» (1999, «Өнер») кітаптары жарық көрген. «Омар һаям рубаяттарын» қазақшалаған, «Мың түрлі ой» атты төрттағандар жинағы (2001, «Елорда»), «Фәниллік драма» жинағы шыққан. Шығыс жұлдыздарының шығармалары топтастырылған «Омар Һаям жұлдыздар шоғырында» атты аударма кітабы жарық көрген (2009). Пушкин, Лермонтов, Есенин, Бунин шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. Жан-Батист Мольердің «Еріксіз емші» комедиясын аударған, ол Жамбыл облыстық драма театрында сахналанған.

«Нюрнбергтен бұрын» атты тарихи-қаһармандық драмасы «Соңғы сезім» деген атпен Қазақтың М.О.Әуезов атындағы академиялық драма театрында (1995-1999), Жамбыл облыстық драма театрында қойылды. «Өткелдегі шайқас» атты пьесасы да сахналанды.

59 жыл бұрын (1965-2023) қазақстандық актер, сатирашы, сцерийші Асқар Әбдіғалымұлы НАЙМАНТАЕВ дүниеге келді.

календарь
Фото: facebook.com/askar.naymantaev

Алматы облысының Нарынқол ауылында туған. Алматы театр және кино институтын бітірген. Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының режиссер мамандығы бойынша магистрі.

МүӘуезов атындағы Академиялық театрда актер болып жұмыс істеді. Ол көптеген сценарий жазып, үлкен шоу-бағдарламалар, тележобалар, концерттердің режиссері болды.

«Айналайын», «Домашние войны», «Қымызхана» сериалдарының сценарийшілер тобында қызмет етті. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері. 2023 жылдың 2 желтоқсанында қайтыс болды.

Соңғы жаңалықтар