17 СӘУІР . ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
17 СӘУІР, СӘРСЕНБІ
Қазақстан Республикасының өртке қарсы қызмет күні. 1918 жылы сәуірдің 17-де кеңестік республикаларда «Өртпен күресудің мемлекеттік шараларын ұйымдастыру туралы» декретке қол қойылды. Бұл күн Қазақстан Республикасында және бұрынғы КСРО республикаларында өртке қарсы қызметтің ұйымдастырылған күні ретінде атап өту қабылданған. Бүгінгі таңда елімізде аталмыш қызметтің құрамында 13 мыңға жуық адам қызмет етеді. Өрт бөлімшелері 3 мыңға жуық негізгі және арнайы өрт машиналарымен және басқа да өрт сөндіретін құрал-жабдықтармен жарақтанған.
Кубадағы контрреволюцияны жеңген күні. Осы күні Кубадағы революциямен күресу үшін АҚШ Орталық барлау басқармасы дайындаған 1500 кубалық эмигранттар десанты талқандалды. 1961 жылы төңкерісшілердің жеңісімен аяқталған ұрыс тарихқа Гвиней шығанағына әскер түсіру және АҚШ президенті Кеннедидің ірі жеңілісі, ал Кастроның ірі жеңісі ретінде қалды. Сондай-ақ дәл осы күні Фидель Кастро Куба социализм бағытында өркендеуге бет түзейтінін жариялады.
Сирия Араб Республикасының Ұлттық мейрамы - Эвакуация күні (1946). 1941 жылдың сәуірінде Сирия тәуелсіз республика болып жарияланды, бірақ толық тәуелсіздігін 1946 жылы елдегі француз және ағылшын әскерлері шығарылғаннан кейін ғана алды. Сирия - оңтүстік-батыс Азияда орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Түркиямен, шығысында Иракпен, оңтүстігінде Иорданиямен, Израильмен, батысында Ливанмен шектеседі. Әкімшілік жағынан 14 уәлаятқа немесе губернаторлыққа бөлінген. Астанасы - Дамаск қаласы. Мемлекеттік тілі - араб тілі. Сондай-ақ күрд, армян, арамей, француз тілдері де кеңінен қолданылады. Ақша бірлігі - сирия фунты. Атқарушы билік Президент пен Министрлер Кеңесіне басшылық жасайтын Премьер-Министрге тиесілі. Жоғары заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Халықтық кеңес.
1991 жылы Парсы шығанағындағы ирак-куәйт соғысы аяқталғанннан кейін Сирия араб және Батыс Еуропа елдерінен және Жапониядан қаржылай көмек алды. Осы көмек Сирияның сыртқы қарыздарын өтеуге, сонымен қатар үзіліп қалған сауда байланыстарын қалпына келтіруге септігін тигізіп, негізгі өнеркәсіп бағыттары мұнай мен фосфорит өндіруді дамытты.
Қазақстан Республикасы мен Сирия Араб Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 27-і күні орнатылды.
Бүкіләлемдік гемофилия күні. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымы мен Дүниежүзілік Гемофилия Федерациясы бастамасымен 1989 жылдан бастап Дүниежүзілік гемофилия күні жыл сайын аталып өтеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
113 жыл бұрын (1900) «Қайта жанданған акционерлік кен өндірістік қоғамына» Екібастұз қаласынан 5 шақырым қашықтықта орналасқан Мыс қорыту зауыты жетекшілік етті. Бұл қоғам Ресей Қаржы министрлігінің қолдауымен 1898 жылы құрылған болатын. Ұйымдастырушысы павлодарлық саудагер И.А.Деровке қоғамның жарты акциясы тиісті еді.
83 жыл бұрын (1930) Қазақстанда кезекті халық комиссары және республика прокуроры болып Боран Айтмағамбетов (1901-1938) тағайындалды. Бұл лауазымда ол 2 жылдай жұмыс істеп, репрессия жылдары жазаға ұшыраған.
22 жыл бұрын (1991) көркем-әдеби және қоғамдық-саяси «Нива» журналының алғашқы саны жарық көрді. Бұл журналдың ұйымдастырушысы және редакторы ақын, жазушы Владимир Гундарев.
7 жыл бұрын (2006) Павлодар облысы Қазақстан халықтарының кіші ассамблеясы Интернетте assambleya-pavlodar.kz. өз сайтын ашты. Бүгінгі таңда Павлодар облысында 24 ұлттық-мәдени бірлестік пен 30 аудандық филиал жұмыс істейді. Павлодардың Ертіс өңірінде 110 ұлт пен ұлыстың өкілдері тұрады. Олардың бәрі осы өлкені өздерінің отаны деп біледі. Облыста олардың тілдері мен мәдениетінің еркін дамуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Сайт беттерінде облыстың әрбір ұлттық мәдениет орталығының жұмысы туралы материалдар орналастырылды. Ассамблеяның жастар бірлестігінің қызметіне арналған бөлім, ұлттық қайта өрлеу мектебі туралы ақпарат бар. Меймандардың тілегі мен пікіріне арнайы бет ашылған.
7 жыл бұрын (2006) Лондондағы Альберт-холлда «Бабалар әуені» атты қазақ фольклорының мерекесі өтті. Онда «Тілеп» композициясы компакт-дискісінің таныстырылымы болды. Композицияның авторы - белгілі ағылшын композиторы Карл Дженкинс. Жеті бөлімнен тұратын «Тілеп» композициясында қазақтың халық музыкасы, Абай әндері, Қорқыт пен Ықылас күйлері, Тілеп Аспантайұлының қобыз сарыны шебер қиюластырылған. Аталмыш шығарманың таныстырылымына Лондонның симфониялық оркестрі, атақты скрипкашы Марат Бисенғалиев, Финляндияның халық хоры, Астанадағы «Тілеп» қобызшылар квартеті мен қазақ халық аспаптары оркестрі қатысты. Бұл жобаны жүзеге асыруға астаналық кәсіпкер, танымал меценат Сапар Ысқақов мұрындық болды.
6 жыл бұрын (2007) ақын, ғалым Бүркіт Ысқақовтың (1924-1990) «Қазақ және Еділ бойы халықтары әдебиеттерінің идеялық-творчестволық байланыстары» кітабының таныстырылымы болды.
Бұл туынды қаламгердің өмірінің соңғы жылдарында жазған зерттеуі, қорғап үлгермеген докторлық диссертациясы болып табылады. Мұнда қазақ және Еділ бойы халықтары әдебиеттерінің идеялық байланысының шығу тегі мен даму жолдарының бірлігі тарихи тұрғыдан қарастырылады. Жазушының шығармашылығы 1950 жылдары басталды. Қазақ мультипликациясына зор үлес қосып, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» аннимациялық фильмінің сценарийін жазған.
1000 данамен шыққан кітапты баспаға даярлаған ақынның қызы Айгүл. Еңбекті репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қоры жарыққа шығарды.
4 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Хайнань» провинциясының құрметті азаматы» атағына ие болды. (Қытай Халық Республикасы).
18 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының «Лицензиялау туралы» Заңы қабылданды.
45 жыл бұрын (1968) «Жануарлар әлемінде» телебағдарламасы алғаш рет эфирге шықты. Аталмыш бағдарламаның негізін қалаушы және тұңғыш жүргізушісі кинорежиссер, КСРО-ның халық әртісі Згуриди Александр Михайлович болды.
4 жыл бұрын (2009) Астанада Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті және «ТеңізШевройл» ЖШС Қазақстанда кедендік рәсімдеудің ілкі жобасын іске асыру бойынша меморандум қабылдады.
4 жыл бұрын (2009) Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде «Бекет Ата» имандылық-тағылым жинағының тұсаукесері өтті. Кітаптың құрастырушысы - Атырау қаласындағы «Ақмешіт» мешітінің бас имамы Ислам қажы Мырзабекұлы.
740 беттік кітап 9 бөлімнен тұрады. Олар - Бекет ата Мырзағұлұлының (1750-1813) өмірбаяны, оның атындағы мешіттер мен оның қалдырған мұралары, ата туралы жазылған ғылыми-тарихи зерттеулер, Бекет Атаны ұлықтау мақсатында өткен іс-шаралар, сондай-ақ сұхбаттар мен ой-пікірлер топтамасы.
ЕСІМДЕР
90 жыл бұрын (1923) филология ғылымының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ХАСЕНОВА (Қалыбаева) Аққал Қалыбайқызы дүниеге келді.
Өзбекстанның Ташкент облысында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы Тіл және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген. 1951 жылдан зейнет демалысына шыққанға дейін Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты директорының орынбасары, бөлім меңгерушісі, аға, жетекші ғылыми қызметкері болған. Ғалым «Үлкен орысша-қазақша сөздік», «Современный казахский язык», «Қазақ тілінің грамматикасы туралы зеттеулер» т.б. еңбектердің шығуына атсалысқан. Қазақ тілі мәселелеріне байланысты 100-ге тарта ғылыми мақаласы жарияланған.
Бірнеше медальмен марапатталған.
85 жыл бұрын (1928) Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Әлеуметтану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы, әдебиет зерттеуші ғалым ЫСМАҒҰЛОВ Жұмағали дүниеге келді.
Қостанай облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, КОКП Орталық комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын бітірген. 1943-1946 жылдары - Қостанай облысы Семиозер аудандық газетінің жауапты хатшысы. 1949-1954 жылдары - «Қазақстан коммунисі» журналының бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы. 1952-1954 жылдары - «Үгітші блокноты» журналының редакторы. 1954-1958 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті үгіт және насихат бөлімінің нұсқаушысы. 1961-1963 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы Қызылорда облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы. 1963-1965 жылдары - Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бөлім меңгерушісі. 1965-1969 жылдары - Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газеті редакторының орынбасары. 1969-1973 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы Партия тарихы институты классиктердің шығармаларын аудару секторының меңгерушісі. 1973-1987 жылдары - Қазақ телеграф агенттігі директорының орынбасары, директоры. 1987 жылдан Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары «Маржан мен махаббат», «Адам мейірі» жинақтарына енген. Бальзактың «Үзілген үміттер», Стендальдың «Қызыл мен қара», Ю.Бондаревтің «Жағалау», «Таңдау», В.Анчишкиннің «Арктика аңызы» романдарын, В.Дальдің «Бөкей мен Мәулен», Э.Казакевичтің «Көк дәптер» повестерін қазақ тіліне аударған.
«Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
78 жыл бұрын (1935-2003) театр суретшісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты СЕМИЗОРОВ Владимир Степанович дүниеге келді.
Ресейдің Луганск қаласында туған. Луганск көркемсурет училищесін, Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтын бітірген.
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының суретші-қоюшы, бас суретшісі қызметтерін атқарған.
Осы театр сахнасында қойылған П.Чайковскийдің «Аққу көлі», А.Хачатурянның «Спартак» балеттеріне, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсына, сондай-ақ К.Бәйсейітова атындағы опера және балет театры сахнасына шығарылған П.Чайковскийдің «Евгений Онегин», М.Төлебаевтың «Біржан - Сара», Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсына айшықты да сәнді эскиздерін жасады.
«Парасат» орденімен және медальдармен марапатталған.
152 жыл бұрын (1861-1914) қазақтың атақты ақыны әрі композиторы, суырып салма ақын ЖҰМАБАЙҰЛЫ Жарылғапберді дүниеге келді.
Павлодар облысы Баянауыл ауданы нда туған. Ауыл мектебінде оқыған. Шығыс поэзиясын жақсы білген. Ел арасында жыр, қиссаларды жатқа айтып, саятшылық өнермен айналысқан, палуандар сайысына да қатысқан. Біржан салды ұстаз тұтқан. Шыңғыс Уәлиханов пен Мұса Шормановтармен араласа жүріп, Жарылғапберді Көкшетау , Қызылжар , Омбы өңірінде шыққан әндерді Баянауыл мен Ертіс бойына жеткізген. Қобызшы Қанғожа , әнші Қозыкемен дос болған. Ол шырқаған "Топайкөк" әні ел ішіне кең тараған. Жарылғапбердінің махаббат тақырыбына арнаған әндері кезінде көп болған. Халық жадында тек "Шұбартау", "Шама", "Қаракөз", "Ардақ" әндері сақталған. Бұл әндерді Балабек пен Сапарбай Ержановтар , Қ.Байжанов , Ұ.Айтбаев орындап, бүгінгі ұрпаққа жеткізді. "Азаң" әнін А.В. Затаевич өте жоғары бағалап, "музыка өнеріндегі құнды олжа" деп атаған. А.Жұбанов Жарылғапбердіні "ұлттық ән өнерінің ірі өкілі" деп бағалаған.
61 жыл бұрын (1952) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі БАЙМАХАНОВА Галина Александровна дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген. Геология-минералогия ғылымдарының кандидаты.
Жоғары оқу орнын бітірген соң В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының ГСП кафедрасында ассистент, оқытушы, аға оқытушы қызметін атқарған. 1991-1992 жж. - Қаз КСР Геоминистрлігі геологиялық-экономикалық зерттеулер экспедициясының өндірістік-техникалық ақпарат партиясының бас геологы. 1992-1992 жж.- Қаз КСР Геология министрлігінің «Казминерал» мемлекеттік өндіріс мекемесінің директоры. 1992-1994 жж. - В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының ГСП кафедрасының доценті. 1994-2011 жж. - Алматы қаласындағы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ политехникалық институтының ГСП кафедрасының доценті. 1984-1986 жж. В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының геология-барлау факультеті деканы орынбасарының қызметін қоса атқарған. 1994-1997 жж. - «Ареал» шағын жеке кәсіпкерлік мекемесінің директоры. 1997-2012 жж.- «Ареал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.
2012 жылдың қаңтарынан бастап бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, Қазақстан халықтық коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі, Алматы қалалық халықтық коммунистік партиясы комитетінің бірінші хатшысы, «Халық коммунистері» фракциясының мүшесі, «Қазақстан Халқы Ассамблеясы» депутаттық тобының мүшесі.
Қазақстан Республикасы Жер қойнауының құрметті барлаушысы болып табылады.
40-тан астам геология және жоғары арнайы (геологиялық) білім беру мәселелері бойынша ғылыми, ғылыми-әдістемелік еңбегі және «Пайдалы қазбаларды зерттеулердің зертханалық әдістері» атты оқулығы бар.
60 жыл бұрын (1953) «ҚазМұнайГаз» АҰ директорлар кеңесінің төрағасы, Түркістан қаласы мен Райымбек ауданының құрметті азаматы СҰЛТАНҒАЛИЕВ Серік дүниеге келді.
57 жыл бұрын (1956) ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі БӨРІБАЕВ Асқар Исмайылұлы дүниеге келді.
Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын, Чайковский атындағы Москва мемлекеттік консерваториясының аспирантурасын бітірген. 1979-1988 жж. - Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында оқытушы, аға оқытушы, доцент; 1988-1991 жж. -Жамбыл атындағы мемлекеттік филармония солисі; 1991-2002 жж. - «Солист Патры» (Греция) оркестрінің солисі әрі дирижері және онымен қатар Афины консерваториясының профессоры. 2002-2006 жж. - "Демалыс" қазыналық кәсіпорын директо ры, Астана қаласы мәдениет департаментінің директоры.2006 жылдан 2007 жылдың наурыз айына дейін - Оңтүстік Қазақстан облысы мәдениет басқармасының бастығы. 2007-2008 ж.ж. - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі. 2008 жылдың наурыз айынан бастап 2008 жылдын қыркүйек айына дейін Ә. Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер мұражайының директоры. 2008 жылдың 12 қыркүйек айынан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі. 2010 жылғы 19 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Мәдениет вице-министрі
Асқар Исмайылұлы мәдениет саласындағы өзінің қызметі барысында ішекті аспаптар квартетін, «Кончертоне» камералық оркестрінің негізін қалады, «Сон в летнюю ночь» атты классикалық музыка, джаз музыкасының «Астана блюз», «Сарыарқа» халықтық музыка, халықтық би өнеріне арналған «Қос алқа» және «Театр әлемі» секілді фестивальдердің ұйымдастырушысы. Әлемнің 30 елінде концерттік бағдарламамен өнер көрсеткен
56 жыл бұрын (1957) ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі БАҚТИЯРҰЛЫ Мұрат дүниеге келді.
Қызылорда облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.
1957 жылы 17 маусымда туған, қазақ, білімі жоғары. С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Мәскеу бизнес және информациялық технологиялар халықаралық университетін және Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. Тарихшы, тарих пәнінің оқытушысы, экономист, заңгер, с.ғ.д., профессор.
Қызылорда педагогикалық институтының оқытушысы, деканы, Қазақ мемлекеттік университеті Қызылорда филиалының директоры, Қызылорда гуманитарлық-заң колледжінің директоры, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған.
Төрт медальмен марапатталған. «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» құрметті атағы бар.
56 жыл бұрын (1957) Павлодар қаласының әкімі КАЙЫРГЕЛДИНОВ Оразгелді Әлиғазыұлы дүниеге келді.
Павлодар облысы Железин ауданы Тұрсынбай ауылында дүниеге келді. Экономика және саясаттану мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. Еңбек қызметін Железин ауданы «Кеңестік Қазақстан» кеңшарында бас экономист болып бастады, «Железинский» кеңшарында партия комитетінің хатшысы болып сайланды. 1991 жылдан 1996 жылға дейін - Железин аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, кеңшарының бас бухгалтері, мемлекеттік кооперативтің төрағасы, аудан әкімінің орынбасары, Железин ауданы агроөнеркәсіптік кешенінің бастығы. 1996 жылдан 2003 жылға дейін «Еңбекші» ШАШК директоры, одан соң «БАТ-RV» ЖШС директоры. 2003 жылдан 2007 жылға дейін Павлодар облысының Қашыр ауданын басқарды. 2007 жылдың қараша айынан бастап - Ақсу қаласының әкімі. 2011 жылдың 8 қазанынан бастап Павлодар қаласының әкімі.
Мемлекеттік наградалары бар.
53 жыл бұрын(1960) Қарағанды қаласының прокуроры СЕКІШЕВ Асқар Асанханұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысы Саран қаласында дүниеге келген. 1983 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын 1977 жылы қыркүйек айында Қарағандыдағы зауытта, ағаш ұстасы ретінде бастаған. 1983 жылғы маусым айында диплом алар алдындағы университеттің соңғы курсында оқи жүріп, 1983 жылдың наурызында өндірістік практикадан өту кезеңінде КСРО Бас Прокурорының бұйрығымен Саран қалалық прокуратурасы тергеушісінің қызметін атқарушы (тәлімгер) болып тағайындалды. 1984 жылы аға тергеуші, ал 1988 жылғы қарашада Саран қаласы прокурорының орынбасары қызметіне тағайындалды. 1993 жылғы наурыз айында Саран қалалық халық сотының төрағасы болып сайланды. Кейін Республиканың Бас прокуратурасы Аппаратына жұмысқа шақырылады да, 1996 жылы жұмысын бөлімнің аға прокуроры болып бастайды, 1996 жылдың желтоқсан айынан бастап Алдын ала тергеу мен анықтаудың заңдылығын қадағалау жөніндегі басқарманың аға прокуроры қызметін атқарады.1997 жылғы ақпан айында Алматы қалалық прокуратурасының жедел-іздестіру қызметінің, тергеудің және анықтаудың заңдылығын қадағалау жөніндегі басқарма бастығының орынбасары болып тағайындалады. 1997 жылғы наурыз айында Алматы облыстық прокуратурасының жедел-іздестіру қызметінің, тергеудің және анықтаудың заңдылығын қадағалау жөніндегі бөлім бастығы қызметін атқарады.1997 жылғы маусымда Әділет министрлігінің соттардың жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы бастығының қызметіне шақырылады, ал сол жылдың қараша айында Ақмола (Астана) қаласына көшіп келуі бойынша Сот қызметін, сот сараптамасы мен атқарушылық іс жүргізуді ұйымдастыру департаментінің директоры болып тағайындалады, Әділет министрлігінің алқа мүшесі болып бекітіледі. 1998 жылғы наурыз айында Шығыс Қазақстан облысы Әділет басқармасының бастығы болып тағайындалады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1999 жылғы қараша айында Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып тағайындалады. 2004 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қаулысымен Жоғарғы Сот судьясы болып сайланады. Республика Судьялар одағының кезекті съезінде аталған қоғамдық бірлестіктің Орталық Кеңесінің мүшелігіне сайланады. 2006 жылғы қазан айынан бастап бірнеше рет Судьялардың Республикалық тәртіптік-біліктілік алқасының төрағасы болып сайланады 2009 жылғы мамыр айында Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары болып тағайындалды.
Судьялар одағының «Үш Би» құрмет белгісімен, Жоғарғы Соттың Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен марапатталды.
АҚШ Әделет департаментінің, Азия және Қиыр Шығыс елдеріндегі БҰҰ институтының, Жапониямен халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттіктің сертификаттарына ие. Әділет аға кеңесшісі сыныптық шені бар.
34 жыл нұрын (1979) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайлалану комитетінің мүшесі ТҰРТАЕВ Алмас Ұзакұлы дүниеге келді.
1979 жылы Қызылорда облысының Шиелі ауданында туған. Білімі: жоғары 1996-2001 жж. - Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университеті механика-технологиялық факультеті; 2003-2005 жж. - Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университеті мұнай жане газ факультеті; 2011 ж. - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті саясаттану факультетінің магистранты; 1998-2001 жж. - «СЕТА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қазақ тіліндегі жаңалықтар редакторы, тележүргізуші; 2001-2002 жж. - Қазақстан Республикасы Қарулы күштері қатарындағы жауынгер; 2003-2012 жж. - «ТОРҒАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» АҚ-да оператор, слесарь-механик, машинист, инженер-механик; 2010-2012 жж. «НефтьТехСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының кеңесшісі; 2010-2011 жж. - «Атамекен» Одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы» ЗТБ Қызылорда облыстық филиалының директоры;
2011 жылғы тамыздан - «Ақ жол» ҚДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы;
2012 жылғы қаңтардан - бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясы фракциясының мүшесі.
«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011 ж.); «Атамекен» 2 - дәрежелі медалі (2011 ж) марапатталған.