17 шілде. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат 17 шілдеге арналған «Туған күн иелері» күнтізбесін ұсынады.
None
None

ЕСІМДЕР

116 жыл бұрын (1906-1983) композитор, педагог, Қазақ КСР-інің халық әртісі, КСРО Композиторлар одағының мүшесі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ халық музыкасын жинаушы Латиф Абдулхайұлы ХАМИДИ дүниеге келді.

Ташкент халық ағарту институтын, Мәскеудің бірінші музыкалық техникумын, Мәскеу консерваториясы жанындағы татар опера студиясын бітірген.

Қазақтың халық аспаптар оркестрінің дирижері болып, Қазақтың Петр Чайковский атындағы музыкалық училищесінде, Қазақ консерваториясында ұстаздық еткен. Композитордың Ұлы Отан соғысы жылдары жазған «Аттаныңдар майданға», «8-гвардия дивизиясының әні», «Батыр қыз», «Нүркен» әндері тыңдарманын қаһармандық сезімге бөледі. Ол қазақ музыкасына тұңғыш вальс жанрын енгізіп, «Қазақ вальсі», «Бұлбұл» әндерін шығарған. Сондай-ақ оның әсем әуенімен ерекшеленетін вальстері, хорлары, симфониялық оркестр, халық аспаптар оркестрі үшін камералық-аспаптық шығармалары, қойылымдар мен кинофильмдерге арналған музыкалары бар. Композитор қазақтың опера өнерін өркендетуге де үлкен үлес қосып, «Абай», «Төлеген Тоқтаров», «Жамбыл» операларын, «Жамбыл мен Айкүміс» музыкалық пьесасын, «Балбұлақ» опереттасын жазды. Сонымен қатар «Домбыра үйрену мектебі» (Б. Ғизатовпен бірге), «Дирижерлік етудің негіздері» (Х. Тастановпен бірге), т.б. зерттеу еңбектері бар.

3 мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.

75 жыл бұрын (1947-2017) суретші, мүсінші, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының профессоры Бақытжан Әлімбайұлы ӘБІШЕВ дүниеге келді.

Ақтөбе қаласында туған. Алматы орта мектебінің 10 жылдық сыныбын және Алматы Гоголь атындағы сурет училищесін 1969 жылы аяқтағаннан соң, Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтына оқуға түсті.

1975 жылы Алматы қаласына оралып, өмірінің соңына дейін шығармашылық ойларын жүзеге асыру үшін жұмыс істеді. 1976 жылы Алматы көркемсурет училищесінде композиция мен мүсін өнерінен сабақ бере бастады. 1978 жылдан - Т. Жүргенов атындағы Алматы театр-көркемсурет институтының оқытушысы. Жұмыстары Қазақстанның пластикасындағы ұлттық қаһармандар мен адами кейіпкерлердің бейнелерін жаңғыртуға елеулі үлес қосты. Астана қаласында Ататүрік, Әлия Молдағұлова мен Жаяу Мұсаға, Алматы қаласында Т.Бокин, Ж. Жабаев, К. Әзірбаевқа ескерткіш орнатты. Ақтөбе қаласында - Ә. Молдағұлова, Киреев, А. Жұбанов, Мәскеу қаласында - Ә. Молдағұлова және т. б. ескерткіш жасады. Станоктық сипаттағы жұмыстар Қазақстан қалаларының мұражайларында және шетелдерде қойылған. «Олимпиец» композициясы Лозан-Швейцариядағы Олимпиада комитетінің штаб-пәтерінде, Германиядағы «Күйші» жеке коллекциясында, Мәскеудегі «Томирис» мұражайында орналасқан. «Құлагер», «Ұмай» жұмыстары ҚР Президентінің резиденциясына қойылды.

Суретші орындаған соңғы монументалды-мүсіндік композиция - «Исатай мен Махамбет». Ол 2003 жылы Махамбетке арналған мерейтойлық жиында сәулет-көркем мемориалдық кешеннің орталық бөлігінде ашылды.

65 жыл бұрын (1957) Н. Назарбаев орталығының Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі басқарма төрағасы Болат Серғазыұлы СӘРСЕНБАЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы шет тілдері педагогикалық институтын, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1978 жылдың тамызында 3-ші балалар темір жол ауруханасының ағылшын тілі мұғалімі болып бастады. 1980-1985 жж. Алма-Аты қ. қалалық атқару комитетінің Ішкі істер басқармасында қызмет етті. 1985-1986 жж. – Қазақстан коммунистік партиясы Кеңес аудандық комитетінің нұсқаушысы. 1986-1989 жж. – Қазақстан ЛКЖО Алма-Аты облыстық комитетінің хатшысы. 1989-1990 жж. – Қазақстан коммунистік партиясы Алма-Аты облыстық комитетінің нұсқаушысы. 1990-1991 жж. – ҚазКСР Жоғары кеңесінің аға кеңесшісі. 1991-1992 жж. – Қазақстан Республикасы Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігінің бас заң кеңесшісі. 1992-1993 жж. – Алма-Аты қ. Мәскеу аудандық әкімшілігі басшысының орынбасары. 1994-1995 жж. – «Даңқ» корпорациясының вице-президенті. 1995-1997 жж. – Қазақстандағы «McKenna&Co International» британдық заң фирмасы өкілдігінің басшысы. 1997-2001 жж. – Қазақстан Республикасының Израиль мемлекетіндегі Елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі. 2001-2003 жж. – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі халықаралық заң департаменті директорының орынбасары. 2003-2005 жж. – Гонконг және Макао қалаларында (ҚХР) Қазақстан Республикасы Бас консулдығының Бас консулы. 2005-2007 жж. – Грек Республикасында Қазақстан Республикасы Дипломатиялық миссиясының уақытша расталған өкілі. 2007-2014 жж. – Қазақстан Республикасының Иордан Хашимиттік Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2008-2014 жж. – Қазақстан Республикасының Ирак Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы. 2012-2014 жж. – Қазақстан Республикасының Ливан Республикасындағы, Палестина мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы. 2014-2019 жж. – Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2015-2019 жж. – Қазақстан Республикасының Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы. 2017 ж. – Қазақстан Республикасының Азия және Тынық мұхит аймағында технологиялық трансфер орталығының ресми өкілі (АТТТО, Азия және Тынық мұхит аймағы үшін экономикалық және әлеуметтік комиссия жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық мекемесі). 2019-2020 жж. – ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі. 2020-2021 жж. – «Kazakh Invest» ҰК Басқарма Төрағасының кеңесшісі.

2021 жылғы 18 ақпаннан Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы қызметіне тағайындалды.

«Құрмет» ордені, бірінші дәрежелі Тәуелсіздік ордені («Wisam al-Istiqial», Иордания), «Ерен еңбегі үшін алтын медаль» орденімен (Палестина) марапатталған.

53 жыл бұрын (1969) Қазақстан баспасөз клубының президенті Әсел Әділқызы ҚАРАУЫЛОВА дүниеге келді.

IPRA (Халықаралық жұртшылықпен байланыс қауымдастығы) мүшесі, PR-шы клубын ұйымдастырушылардың бірі, Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын, АҚШ-тың Миссури-Колумбия университетін бітірген. «Ленинская смена» газетінің штаттан тыс тілшісі болған. 1994-1995 жылдары – USAID менеджері.

Қазіргі қызметінде 1995 жылдан бастап істейді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесі сыртқы имидж бойынша тобының мүшесі, PR нарығы проблемалары бойынша мақалалардың тұрақты авторы, жетекші бизнес мектептердің оқытушысы.

Ол отандық PR нарығын дамытуға үлес қосты, PR және коммуникация саласында 15 жылдық жұмыс тәжірибесі бар.

Ә. Қарауылова 15 жыл ішінде 320 PR жобаны, Қазақстан, Орталық Азия, ТМД, Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия аймағында 2700-ден астам медиа іс-шараны, халықаралық әріптестермен бірге жалпыұлттық сипаттағы 10 ірі жобаны жүзеге асырды.

49 жыл бұрын (1973) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ләззат Керімқұлқызы РАМАЗАНОВА дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік әлем тілдері университетін (1995), Астана қаласындағы Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген (2001).

Еңбек жолын 1994-1995 жылдары банк жүйесінде қызметкер болып бастаған. 1995-1998 жылдары Қазақстан республикасының Майндағы Франкфурт қ. Бас консулдығы жұмыс істеген. 1998-1999 жылдары – ҚР СІМ баспасөз-атташесі, Әкімшілік және бақылау департаментінің атташесі. 1999-2002 жылдары ҚР Қаржы министрінің хатшылығында істеді. 2002-2003 жылдары – ҚР ЭБЖМ Халықаралық қаржы қатынастары департаментінің бөлім бастығы. 2003-2005 жылдары – «Dala group» ЖШС Бас директоры. 2006-2007 жылдары – ҚР Қаржы министрлігі аппаратының басшысы. 2007-2008 жылдары – ҚР Қаржы министрлігі Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары. 2008-2009 жылдары – ҚР ҚМ Қаржылық бақылау комитеті Алматы облысы бойынша Қаржы бақылау инспекциясы бастығының орынбасары. 2011-2013 жылдары – ҚР ҚМ Қорғаныс, құқық қорғау жүйесі және мемлекеттік органдар саласындағы бюджеттік бағдарламалардың орындалуын талдау, іске асырылуын бағалау және жоспарлау департаментінің директоры. 2019-2020 жылдары – «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары. 2019-2020 жылдары – ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы.

2021 жылдың қаңтарынан бастан қазіргі қызметінде.

41 жыл бұрын (1981) ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Жомартұлы ҚҰРМАНОВ дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі бар.

Еңбек жолын 2003 жылы ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ақмола облыстық аумақтық басқармасының Экономикалық талдау бөлімінің жетекші маманы ретінде бастаған. 2012–2013 жылдары ҚР АШМ инвестициялық саясат департаментінің директоры қызметін атқарған. 2013–2015 жылдары – ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы. 2015 жылдан бастап 2016 жылға дейін ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешенінде комитет хатшысы болып жұмыс істеген. 2017 жылдың шілде айынан бастап ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі лауазымын атқарған; «ҚазАгро» холдингінің басқарма төрағасы (2018-2019).

Қазіргі қызметіне 2019 жылдың наурыз айында тағайындалды.


Соңғы жаңалықтар