17 шілдеден бастап банктердің басым бөлігі бірыңғай QR жүйесін іске қосты
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Астана Ұлттық банкте банкаралық бірыңғай QR жүйесінің таныстырылымы өтті. 17 шілдеден бастап жаңа сервис ірі қазақстандық банктердің клиенттеріне қолжетімді бола бастады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін әртүрлі банктердің клиенттері телефон нөмірі арқылы бір-біріне ақша аудара алады.
– Банктердің басым бөлігі жүйеге қосылды. Бүгін осы сервиске барлық банкті қосу жұмысы аяқталып жатыр. Алдағы бірнеше сағат ішінде қай банктің клиенті екеніне қарамастан, барлық қазақстандық азамат телефон нөмірі арқылы ақша аудара алады, – деді ол.
Сонымен бірге банкаралық бірыңғай QR арқылы төлем жасау мүмкіндігі де кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр.
– Мұның бәрін жүзеге асыру оңай. Банктің мобильді қосымшасын ашып, QR төлемді таңдайсыз, кейін кез келген терминалдағы QR-кодты сканерлеп, төлем жасайсыз. Пайдаланушы үшін ештеңе өзгермейді. Ең маңыздысы – кәсіпкерлерге қосымша терминал да, жаңа қосымша да қажет емес. Барлығы қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған инфрақұрылым арқылы жүзеге асады, – деді Бинұр Жәленов.
Оның айтуынша, жаңа қызметті пайдалану үшін банк қосымшасын жаңарту жеткілікті.
– Бүгіннен бастап әр банк өз клиенттеріне не істеу керегін хабарлайды. Мысалы, iPhone қолданушылары App Store арқылы қосымшаны жаңартуы керек. Басқа ештеңе қажет емес. Осылайша жаңа сервис қолжетімді болады. Қазірдің өзінде ірі банктердің басым бөлігі оны іске қосты. Жақын уақытта банктер бұл туралы ресми түрде хабарлайды, – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар 19 шілдеден бастап тауарлар мен қызметтердің ақысын бірыңғай QR арқылы төлей алатыны хабарланған болатын. Дәл осы күні банктердің жүйеге қатысуын міндеттейтін заң нормалары күшіне енеді.
Бұған дейін ҚР Ұлттық банкі 18 шілдеде қолданысқа енетін цифрлық теңгенің не екенін және азаматтарға қандай тиімділігі бар екенін кеңірек түсіндірген еді.