17 жастағы Әмір Омарханов Италиядағы турнирдің финалында өнер көрсетеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, 17 жастағы Әмір Омарханов жұптық сында Реджио Эмилия (Италия) ITF M25 турнирінің финалына жолдама алды.

Омарханов
Фото: ҚТФ

Жас теннисші италиялық Александр Биндамен бірге үш кездесуін сәтті өткізді.

Алдымен 1/8 финалда корт иелері Стефано Д’Агостино – Микеле Рибечайды үш сетке созылған кездесуде ұтты – 6:1, 3:6, 10:4.

Омарханов – Бинда ширек финалда италиялықтар Лоренцо Бокки -Алессио Де Бернандисті жолдан тайдырды — 6:3, 6:3.

Жартылай финалда Әмір мен Александрға италиялық Федерико Яннакконе мен украиналық Георгий Кравченко да қарсы тұра алмады. Бұл ойын 6:3, 6:3 есебімен аяқталды. Бәсеке 1 сағат 16 минутқа созылды. 

Әмір Омарханов пен Александр Бинданың финалдағы қарсыластары кейін белгілі болады.

Қазақстандық Жібек Құламбаева италиялық Николь Фосса-Уэргомен бірге Парма (Италия) челленджер жарысының финалына бір қадам жетпей тоқтады. Олар 1 сағат 48 минутқа созылған тартысты матчта чехиялықтар Джессика Малечкова – Мириам Шохқа жол берді – 4:6, 6:3, 9:11.

Қазақстанның екінші, әлемнің 97-ракеткасы Александр Шевченко Бордо (Франция) челленджер додасының ширек финалында рейтингіде 36-орындағы франциялық Джованни Мпетчи Перрикарға есе жіберді – 5:7, 5:7.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Жапониядағы жарыстң жартылай финалына өткенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар