17 жасында майданға аттанып, еліне 40 жыл қызмет еткен ардагер

Сол соғысты көрген, от пен оқтың ортасында жүрген қазыналы қариялардың қатары бүгінде күн өткен сайын сиреп барады. Алайда Ұлы Отан соғысында елін қорғаған бүгінде ортамызда жүрген аталарымыздың, қан майданда Отаны үшін қаза тапқан есіл ерлердің есімдері мен олардың ерлік істері халық санасынан ешқашан өшпек емес. Өйткені олар ел басына күн туған тұста шын мәніндегі халқының жанашыры, елінің қорғанышы бола білді. Сондай ерлік істері өнеге ардагердің бірі - Бекмұхамбет Шермұхамбетов бүгінде Алматы қаласында тұрып жатыр. Ол 1925 жылы Талдықорған облысында дүниеге келген. Мектепті бітірген 1942 жылы өзінің үзеңгілес жолдастары сияқты майданға аттануға бел буады. Ол кезде Отанын фашистерден қорғауға бел буған бозбаланың жасы 17-ге де толмаған-ды. Сол себепті Бекмұхамбет Шермұхамбетов бірден майдан шебіне алынбай, Уфа әскери училищесіне екі жылға оқуға жіберіледі. Оқудан соң ол өзінің әскери бөліміне қайта оралады. 1943 жылдың қаңтар айында Б.Шермұхамбетов құрамында болған әскери бөлім фашистермен кескілескен ұрыс жүріп жатқан Сталинградты қорғауға жіберіледі. Фашистер бұл аймақта жеңіліс тапқаннан кейін әскери бөлім Ростов аймағындағы Оңтүстік-Батыс майданына аттандырылады. Сол аймақтағы ұрыстардың бірінде Б.Шермұхамбетов аяғынан жараланып, Красноармейск қаласындағы госпитальға жіберіледі. Одан әрі Қазанға және Мәскеу маңындағы Брезники қаласына жөнелтіледі.
Соғыс жылдарындағы өмірін ардагер былайша суреттеп берді. «1942 жылдың шілде айында 17 жасымда комсомол ретінде әскер қатарына қабылданып, соғысқа аттандым. Соғыстың қатты қызып тұрған шағы. Башқұртстанда 300-ші атқыштар дивизиясына қосылдық. Мені жас деп УФА қаласындағы әскери училищеге оқуға жіберді. Оқуды бітіріп келгесін майданға араластым. Ростов қаласында неміс қамалына тап болдық. Олар алдын ала дайындалып, жақсы қаруланған. Бізде жәй винтовка ғана. Фашистер төбеден ұшақпен бомбаласа, жерде танкпен шабуылдайды, автомат, пулеметпен оқ жаудырып бас көтертпейді. Үш рет ұрысқа кірдік. Сол кезде маған оқ тиді. Сірә бұрындары арық болғанболуы керек бір шұңқырға түсіп жатып қалдым. Арқамдағы рюкзакқа таңқылдап оқ тиіп жатқанын сезіп жатырмын. Сөйтіп үш күн қозғалмадым. Үш күннен кейін артымыздан көмек келіп, жараланған, тірі қалғандарды құтқарып алды. Әскери госпиталда дәрігерлер менің тым жас екенімді көріп, елге оралуыма кеңес берді. Келген соң Алматы қаласындағы КазМУ-дің Заң факультетіне сыртай оқуға түсіп, бітірдім. Үшарал қаласында 1946 жылдың 14 тамызынан тергеуші болып жұмысты бастадым. Қылмысты ашуда еңбегім жоғары бағаланып, 1961 жылы КСРО Бас прокуроры Роман Андреевич Руденконың қолынан сыйлық алдым. Сол алған сағат әлі бар», - дейді ардагер.
1943 жылы ардагер елге оралады. Елінде жауынгер жарты жылдай жаралы аяғын емдеп, біраз уақыт ауылдық мектепте ұстаздық етеді. Содан кейін Алматы заң институтының кешкі бөліміне түсіп, 1945 жылы Талдықорған облысының Алакөл аудандық прокуратурасының халықтық тергеушісі қызметін тағайындалады. Содан бері прокуратура саласында 40 жыл қызмет етеді. Еңбегі еленіп, талай құрметтерге бөленеді. Бүгінде қарт майдангер Алматы қаласында тұрып жатыр. Бала-шағасы мен немере-шөберелерінің амандығын, Тәуеклсіз мемлекетінің болашағының жарқын болуын тілеп салиқалы ғұмыр кешуде.