18 мамыр. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 18 мамырға арналған күнтізбесін ұсынады.
18 мамыр, ЖҰМА
Халықаралық мұражай күні. 1977 жылдан бастап жыл сайын әлемнің 150-ден астам елінде атап өтіледі. Осы күні барлық мұражайларда ашық есік күні өтеді. Қазақстанда 150 мұражай бар.
Қырым Республикасында қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. 1944 жылы мамырдың 18-інде КСРО билік органдарының заңсыз кінә тағуымен Қырымнан татарларды, сонымен қатар неміс, армян, болғар, гректерді қоныс аудартты. Қырым татарларының 200 мыңнан астамы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Сібір аумақтарына көшірілді.
Түрікменстандағы өрлеу және бірлік күні. 1992 жылы мамырдың 18-інде тәуелсіз Түрікменстан Конституциясы қабылданды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
67 жыл бұрын (1945) Қостанай облысында топографиялық-геодезиялық қызмет ұйымдастырылды.
13 жыл бұрын (1999) Кентау қаласында композитор Сейдолла Бәйтереков атындағы Халықаралық «Әлия» ән фестивалі өтті.
11 жыл бұрын (2001) Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесі орнатылып, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған «Байырғы түркі мәдениеті: жазба ескерткіштер» тақырыбы бойынша халықаралық ғылыми-теориялық конференция өз жұмысын бастады.
6 жыл бұрын (2006) Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловаға туралы «Әлия ғұмыр: ерлік пен өнеге» атты жаңа кітап жарық көрді.
20 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев Америка Құрама Штаттарына алғашқы ресми сапар жасады.
Сапар барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Джордж Бушпен, Мемлекет хатшысы Дж.Бейкермен, қорғаныс министрі Р.Чейнимен, қаржы министрі Н.Брейдимен, ауыл шаруашылығы министрі Э.Мэндиганмен, орталық барлау басқармасының директоры Р.Гейтспен, сенаторлар Дж.Митчелмен, Р.Доулмен, К.Пеллмен, С.Наннмен, А.Крэнстонмен, Р.Лугармен, Дж.Байденмен, К.Левинмен, «Шеврон» корпорациясының төрағасы К.Деррмен кездесулер өткізді.
16 жыл бұрын (1996) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев ақын Олжас Омарұлы Сүлейменовке «Қазақстанның Халық жазушысы» куәлігін және төс белгісін табыс етті.
ЕСІМДЕР
84 жыл бұрын (1928) жазушы, ақын ӘБУТӘЛИЕВ Нәбиден дүниеге келді.
Атырау облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң, ұзақ жылдар бойы «Социалистік Қазақстан» газетінде, «Парасат» журналында, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде, «Жазушы» баспасының көркем аударма редакциясында қызмет істеді. Жазушының «Қайран Нарын», «Өттің, дүние» атты екі повесі, «Наркескен» атты романы, «Толқы, дала» өлеңдері, «Жаңарған ауыл», «Боран Нысанбаев» очерктері, т.б. кітаптары жарық көрген. Ол Э.Хеменгуэйдің «Климанджаро - қарлы тау», «Мереке қызық мол жылдар» атты шығармаларын, моңғол жазушысы Б.Чоцндонның «Ұлы Гобиде» атты повесін, В.Пикульдің, Ә.Бикчентаевтың әңгімелерін, С.Сартаковтың «Тау самалы» деген атпен бірнеше повестерін қазақ тіліне аударған.
Көптеген медальдармен, «Баспасөз үздігі» белгісімен марапатталған.
144 жыл бұрын (1868-1918) Ресейдің соңғы императоры НИКОЛАЙ ІІ (Николай Александрович Романов) дүниеге келді.
Ол ауыл шаруашылығында Столыпиннің аграрлық реформасын жүргізіп, Қазақстанның, Сібірдің, Орталық Азияның жергілікті тұрғындарын өз жерлерінен ығыстырған. 1906 жылы Мемлекеттік думаны құрған. Сыртқы саясатта Ресей Антанта елдерімен жақындасып, Германиямен оның одақтастарына қарсы 1-ші дүниежүзілік соғысқа қатысты. Осының салдарынан ел қатты тұралап, жұмысшылардың бас көтерулері мен шаруалар толқуы қайта күшейді. 1916 жылы Орталық Азия мен Қазақстанда ұлт-азаттық қозғалысы болып өтті. Елдегі саяси дағдарыс 1917 жылы Ақпан төңкерісіне ұласып, Николай ІІ тақтан өз еркімен бас тартуға мәжбүр болды. Ол тұтқындалып, Тобольскіге, Қазан төңкерісінен кейін Екатеринбургке жіберілді. Азамат соғысы жылдарында Кеңес үкіметінің қаулысы бойынша Николай ІІ және оның отбасы мүшелері Екатеринбург қаласында 1918 жылы шілденің 17-інде атылды.
73 жыл бұрын (1939) жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ҚҰДАБАЕВА Кәмила дүниеге келді.
Талдықорған қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Қарағанды, Жезқазған облыстық газеттерінде, радио және теледидар редакцияларында, республикалық «Жалын» баспасында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты «Тура би» журналында жауапты қыметтер атқарды.
Қаламгердің «Қызыл көйлекті қыз», «Раушан гүлдер», «Ұйқысыз түдер», «Ең сұлу қыз», «Жалғыз хат» атты прозалық кітаптары жарық көрген. Көркем аударма саласында қарақалпақ жазушысы Т.Қайыпбергеновтің жасөспірімдерге арналған повестерін, орыс жазушысы Г.Немченконың балаларға арналған повестері мен әңгімелерін қазақ тіліне тәржімалаған.
«Баспасөз үздігі» белгісімен марапатталған.
168 жыл бұрын (1844- 1875) швед саяхатшысы, Париж Географиялық қоғамының мүшесі МОЗЕР Генри дүниеге келді.
Ресейдің Санкт-Петербор қаласында туған. Женева оқып, бакалавр дәрежесінде білім алған. 1867-1883 жылдары Сібірге, үш рет Орта Азияға саяхат жасаған. 1885-1888 жылдары Парижде француз тілінде «Орта Азияға (Қазақ даласына, Түркістанға, Бұхараға, Хиуаға, түркімендерге және Персияға) саяхат», орыс тілінде «Орта Азия елдерінде» деген атпен кітаптары шықты. Мозердің бұл еңбектерінде ХІХ ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ-орыс қатынастары, Ырғыз, Қазалы, Перовск (Қызылорда), Түркістан, Шымкент, Верный (Алматы), тағы басқа әкімшілік сауда орталықтары, олардағы халықтың этнографиялық құрамы, қазақтардың кәсібі, Сырдария өзені бойында егіншіліктің дамуы жөнінде деректер келтірілген. Қазақтардың әдет-ғұрпы, киім-кешегі, спорттық ойындары жөнінде құнды мәліметтер жинақталған. Мозер қазақтардың тұрмыс-салтымен жақын танысып, қазақ тілін үйренген. 1887 жылы шілдеде Люцернде (Швейцария) өткен Орта Азия елдері халықтары өнерінің көрмесіне 170 суретпен безендірілген Мозердің кітабы қойылды. Ондағы қазақтардың тұрмысын, спорт ойындарын (көкпар, тағы басқа) бейнелейтін гравюралар жұртшылық назарын ерекше аударды.
127 жыл бұрын (1885-1955) ақын АЙНАБЕКОВ Қайып дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған.
1921 жылы Орынборда өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық 2-съезіне делегат болды. 1923 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық этнографиялық көрмеге қатысып, өнер көрсетті.
Алғашқы өлеңдер жинағы «Қырдың қызыл гүлдері» 1928 жылы жарық көрді. Ақын шығармалары ел өміріндегі елеулі тарихи оқиғаларды жырлауға, адалдық пен тәрбие мәселелерін уағыздауға құрылған. Ақынның қазақ ауылының сол кезеңдегі жағдайын баяндайтын «Қолаң» және көмірлі Қарағанды кеншілерінің өмірін суреттейтін «Алып туралы аңыз» дастандары бар. Өлеңдері, дастандары мен айтыстары халық ақындарының ұжымдық жинақтарында, Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген «Қазақ поэзиясының антологиясында» жарияланған. Ол бірнеше ән шығарып, халық әндерін ел ауызынан жинау, жаздыру ісімен де айналысты. Белгілі музыка жинаушы А.В.Затаевич Айнабековтен «Сұлушаш», «Қос көтерме», «Әупілдек», «Назқоңыр», «Жеңеше» сияқты халық әндерін жазып алған.
72 жыл бұрын (1940) «Қорғау» зейнетақы жинақтау қоры» акционерлік қоғамының президенті, «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ресей Жаратылыстану ғылыми академиясының корреспондент мүшесі, БҰҰ Халықаралық ақпараттану академиясының және Дүниежүзілік ақпараттық парламенттің академигі, Кеңес Одағының ІІМ еңбек сіңірген қызметкері ҚАЙДАРОВ Рүстем Есімханұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
1985-1990 жылдары - Кеңес Одағының ІІМ Қазақстан мен Қырғызстандағы Ұйымдасқан қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі аймақаралық басқарма бастығы. 1996-1999 жылдары Қазақ мемлекеттік заң университеті қылмыстық және соттық сараптау кафедрасының меңгерушісі. Қазіргі қызметінде - 1999 жылдан.
20-дан астам ғылыми мақалалардың авторы. «Қазақ КСР Қылмыстық істер жүргізу Кодексі түсініктемесінің» әзірленуіне және басылуына қатысты. 1995-1996 жылдары - ТМД Парламентаралық Ассамблеясында Қазақстан Республикасы Парламентінің Кодекстер моделі үлгілерін өңдеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі. 1996 жылдан - БҰҰ Комиссиясының 39 сессиясында есірткімен күрес мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі делегациясының басшысы. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы біріккен ақпараттық кеңістік құру туралы» Жарлығы авторларының бірі. Құқық тәртібі мен заңнамалық қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі халықаралық және үкіметтік комиссия жұмыстарының белсенді мүшесі.
Медальдармен марапатталған.
76 жыл бұрын (1936) Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі, ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, ядрорлық сынаққа қарсы «Семей-Невада» қозғалысының, Халық Конгресі партиясының көшбасшысы, Қазақ КСР-інің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан комсомолы, БЛКЖО сыйлығының лауреаты, Татарстан Республикасының Ш.Маржани атындағы Тарих институтының құрметті докторы, СҮЛЕЙМЕНОВ Олжас дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің география факультетін бітіріп, М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқыған. «Казахстанская правда» газеті редакциясының бөлім меңгерушісі, «Қазақфильм» киностудиясы сценарий-редакциялық алқасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ КСР Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы, ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстанның Италиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметтерін атқарған.
Ол өз туындыларын орыс тілінде жазады. Өлеңдері мен поэмаларының алғашқы жинағы 1961 жылы «Арғымақтар» деген атпен жарық көрген. Оның сценарийі бойынша «Атамекен», «Көгілдір маршрут», «Қыс - қолайсыз маусым», т.б. фильмдер түсірілген. «Аз и Я», «Жазу тілі» атты тіл біліміне қатысты зерттеулері, «Нұрлы түндер», «Мешін жылы», «Көңіл көкжиегі», «Әр күн - арайлы таң», «Ақ дария аспаны», «Жұмыр жұлдыз», «Шапағатты шақ», «Атамекен», т.б. жинақтары шыққан.
1-ші дәрежелі «Барыс», Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», Қазан революциясы ордендерімен, медальдармен марапатталған.
55 жыл бұрын (1957) ҚР Ішкі істер министрі ҚАСЫМОВ Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Іле ауданының Дмитриевка аулында дүниеге келген. Білімі жоғары, 1979 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген, мамандығы «заңгер». Милиция генерал-лейтенанты
1979 жылдан бастап - тергеуші, аға тергеуші, тергеу бөлімінің бастығы, Алматы облысы ІІБ Іле аудандының ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары.
1988 жылдан бастап - Алматы облысы ІІБ-нің қоғамдық қауіпсіздік бөлімі бастығының орынбасары.
1989 жылдан бастап - Алматы облысы ІІБ Қапшағай ІІБ-нің бастығы.
1992 жылдан бастап - Алматы облысы ІІБ Криминалдық милиция басқармасының бастығы, Алматы облысы ІІБ бастығының бірінші орынбасары.
1997 жылдан бастап - Алматы қаласының ішкі істер бас басқармасының бастығы.
2003 жылдан бастап - Алматы облысы ішкі істер бас басқармасының, Ішкі істер департаментінің бастығы.
2005 жылдан бастап - Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің бірінші вице-министрі, вице-министрі.
2009 жылдан бастап - Шығыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің бастығы.
2011 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі уақытқа дейін - Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі.
2-ші дәрежелі «Данқ» орденімен, «Астана», "Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін", "Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін", "Қазақстан Конституциясына 10 жыл", "Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының ардагері", "Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл" мерейтой медальдарымен марапатталған. «ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері».
31 жыл бұрын (1981) ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті САЯСАТ Нұрбек дүниеге келді.
Семей қаласында туған. Л.Гумилев атндағы Еуразия ұлттық университетінің заң факультетін бітірген. Сингапурда мемлекеттік қызмет колледжінде, АҚШ-тың Индиана штатында Нотр Дэйм университетінде оқыды, Римде La Sapienza университетінде халықаралық қауіпсіздік және геосаясат магистрі дәрежесін алды, Римдегі ICU институтында 2 жылдық тағлымдамадан өтті. 2000-2002 жылдары конгрессмен Марк Смиттің сайлауалды науқанында жеке көмекшісі, Айова штаты үкіметінің ақпараттық технологиялар департаментінде инновациялық технологиялар қызметкері болды.
2002-2006 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Мемлекет пен құқық теориясы мен тарихы» кафедрасында оқытушы, Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры және Астанадағы «Art-Motion» ЖШС-да промоушн және дизайн агенттігінің директоры. 2006-2008 жылдары - Туриндегі қысқы олимпиадалық ойындарда TOROS - та ұйымдастыру комитетінің аудармашысы, «Қазына» Орнықты даму қоры» АҚ инвестициялық жобалар департаментінің менеджері, басқарма төрағасның кеңесшісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің кадр жұмыстары және мемлекеттік бақылау бөлімінің кадр саясаты секторының меңгерушісі. 2008-2009 жылдары - ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік және жергілікті басқару институтының менеджмент кафедрасының доценті, ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-ректоры. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ кадр саясаты және персоналды басқару департаментінің атқарушы директоры, директоры. Қазіргі қызметінде - 2010 жылғы қазаннан бері.
71 жыл бұрын (1941-1993) спортшы, еркін, самбо, дзюдо, қазақша күрес түрлерінің спорт шебері, Қазақстанның 11, Орта Азия республикалары мен Қазақстанның 6 дүркін чемпионы САДЫҚОВ Саурық дүниеге келді.