18 МАМЫР. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 18 мамырға арналған күнтізбені ұсынады.
18 мамыр, ЖЕКСЕНБІ
Халықаралық мұражайлар күні. 1977 жылдан бастап жыл сайын әлемнің 150-ден астам елінде атап өтіледі. Осы күні барлық мұражайларда ашық есік күні өтеді. Қазақстанда 224 мұражай бар. Түрікменстандағы өрлеу және бірлік күні. 1992 жылы мамырдың 18-інде тәуелсіз Түрікменстан Конституциясы қабылданды. Дүниежүзілік ЖИТС (СПИД) құрбандарын еске алу күні. Мамыр айының үшінші жексенбісінде бүкіл әлемдегі адамдар өздерінің осы ғасыр дертінің құрбаны болған туған-туыстарын еске алады. Бұл әлемдік қоғамдастық назарын осы аурумен және АИТВ (ВИЧ)-пен сырқаттанған жандарға аудару үшін жасалуда. Алғаш рет ЖИТС құрбандарын еске алу күні Сан-Франциско қаласында 1983 жылы атап өтілген. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 69 жыл бұрын (1945) Қостанай облысында топографиялық-геодезиялық қызмет ұйымдастырылды. 22 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев Америка Құрама Штаттарына алғашқы ресми сапарымен барды. Сапар барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Джордж Бушпен, Мемлекет хатшысы Дж.Бейкермен, қорғаныс министрі Р.Чейнимен, қаржы министрі Н.Брейдимен, ауыл шаруашылығы министрі Э.Мэндиганмен, орталық барлау басқармасының директоры Р.Гейтспен, сенаторлар Дж.Митчелмен, Р.Доулмен, К.Пеллмен, С.Наннмен, А.Крэнстонмен, Р.Лугармен, Дж.Байденмен, К.Левинмен, «Шеврон» корпорациясының төрағасы К.Деррмен кездесулер өткізді. 18 жыл бұрын (1996) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев ақын Олжас Омарұлы Сүлейменовке «Қазақстанның Халық жазушысы» куәлігін және төсбелгісін табыс етті. 15 жыл бұрын (1999) Кентау қаласында композитор Сейдолла Бәйтереков атындағы Халықаралық «Әлия» ән фестивалі өтті. 13 жыл бұрын (2001) Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесі орнатылып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған «Байырғы түркі мәдениеті: жазба ескерткіштер» тақырыбы бойынша халықаралық ғылыми-теориялық конференция өз жұмысын бастады. 8 жыл бұрын (2006) Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловаға туралы «Әлия ғұмыр: ерлік пен өнеге» атты жаңа кітап жарық көрді. ЕСІМДЕР 129 жыл бұрын (1885-1955) ақын АЙНАБЕКОВ Қайып дүниеге келді. Қарағанды облысында туған. 1921 жылы Орынборда өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық 2-съезіне делегат болды. 1923 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық этнографиялық көрмеге қатысып, өнер көрсетті. Алғашқы өлеңдер жинағы «Қырдың қызыл гүлдері» 1928 жылы жарық көрді. Ақын шығармалары ел өміріндегі елеулі тарихи оқиғаларды жырлауға, адалдық пен тәрбие мәселелерін уағыздауға құрылған. Ақынның қазақ ауылының сол кезеңдегі жағдайын баяндайтын «Қолаң» және көмірлі Қарағанды кеншілерінің өмірін суреттейтін «Алып туралы аңыз» дастандары бар. Өлеңдері, дастандары мен айтыстары халық ақындарының ұжымдық жинақтарында, Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген «Қазақ поэзиясының антологиясында» жарияланған. Ол бірнеше ән шығарып, халық әндерін ел ауызынан жинау, жаздыру ісімен де айналысты. Белгілі музыка жинаушы А.В.Затаевич Айнабековтен «Сұлушаш», «Қос көтерме», «Әупілдек», «Назқоңыр», «Жеңеше» сияқты халық әндерін жазып алған. 86 жыл бұрын (1928-2010) жазушы, ақын ӘБУТӘЛИЕВ Нәбиден дүниеге келді. Атырау облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң, ұзақ жылдар бойы «Социалистік Қазақстан» газетінде, «Парасат» журналында, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде, «Жазушы» баспасының көркем аударма редакциясында қызмет істеді. Жазушының «Қайран Нарын», «Өттің, дүние» атты екі повесі, «Наркескен» атты романы, «Толқы, дала» өлеңдері, «Жаңарған ауыл», «Боран Нысанбаев» очерктері т.б. кітаптары жарық көрген. Ол Э.Хеменгуэйдің «Климанджаро - қарлы тау», «Мереке қызық мол жылдар» атты шығармаларын, моңғол жазушысы Б.Чоцндонның «Ұлы Гобиде» атты повесін, В.Пикульдің, Ә.Бикчентаевтың әңгімелерін, С.Сартаковтың «Тау самалы» деген атпен бірнеше повестерін қазақ тіліне аударған. Көптеген медальдармен, «Баспасөз үздігі» белгісімен марапатталған. 78 жыл бұрын (1936) Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі, ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, ядрорлық сынаққа қарсы «Семей-Невада» қозғалысының, Халық конгресі партиясының көшбасшысы, Қазақ КСР-інің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан комсомолы, БЛКЖО сыйлығының лауреаты, Татарстан Республикасының Ш.Маржани атындағы Тарих институтының құрметті докторы СҮЛЕЙМЕНОВ Олжас дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің география факультетін бітіріп, М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқыған. «Казахстанская правда» газеті редакциясының бөлім меңгерушісі, «Қазақфильм» киностудиясы сценарий-редакциялық алқасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ КСР Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы, ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстанның Италиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметтерін атқарған. Ол өз туындыларын орыс тілінде жазады. Өлеңдері мен поэмаларының алғашқы жинағы 1961 жылы «Арғымақтар» деген атпен жарық көрген. Оның сценарийі бойынша «Атамекен», «Көгілдір маршрут», «Қыс - қолайсыз маусым», т.б. фильмдер түсірілген. «Аз и Я», «Жазу тілі» атты тіл біліміне қатысты зерттеулері, «Нұрлы түндер», «Мешін жылы», «Көңіл көкжиегі», «Әр күн - арайлы таң», «Ақ дария аспаны», «Жұмыр жұлдыз», «Шапағатты шақ», «Атамекен», т.б. жинақтары шыққан. І дәрежелі «Барыс», Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», Қазан революциясы ордендерімен, медальдармен марапатталған. 75 жыл бұрын (1939) жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ҚҰДАБАЕВА Кәмила дүниеге келді. Талдықорған қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Қарағанды, Жезқазған облыстық газеттерінде, радио және теледидар редакцияларында, республикалық «Жалын» баспасында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты «Тура би» журналында жауапты қызметтер атқарды. Қаламгердің «Қызыл көйлекті қыз», «Раушан гүлдер», «Ұйқысыз түдер», «Ең сұлу қыз», «Жалғыз хат» атты прозалық кітаптары жарық көрген. Көркем аударма саласында қарақалпақ жазушысы Т.Қайыпбергеновтің жасөспірімдерге арналған повестерін, орыс жазушысы Г.Немченконың балаларға арналған повестері мен әңгімелерін қазақ тіліне тәржімалаған. «Баспасөз үздігі» белгісімен марапатталған. 73 жыл бұрын (1941-1993) спортшы, еркін, самбо, дзюдо, қазақша күрес түрлерінің спорт шебері, Қазақстанның 11, Орта Азия республикалары мен Қазақстанның 6 дүркін чемпионы САДЫҚОВ Саурық дүниеге келді. 67 жыл бұрын (1947) «Қазақ елі» апталығының және «Сын» әдеби-сын журналының бас редакторы САРБАЛАЕВ Бақыт Тұрсынұлы дүниеге келді. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты «Қызыл жұлдыз» кеңшарының «Жайылма» ауылында дүниеге келген. 1969 жылы Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы педагогика институтын тамамдады. Туған ауылындағы мектепте бір жыл сабақ береді. 1970 жылы Алматы облысындағы Іле аудандық «Ильич жолы» газетіне жұмысқа орналасады. Бұдан кейін республикалық «Қазақстан мұғалімі» газетінде төрт жыл қызмет атқарады. 1974-1978 жж. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің әдебиет пен өнер, 1978-1982 жж. «Жалын» альманахының сын мен өнер бөлімінде жұмыс істейді. 1982-1986 жж. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық алқасында аға редактор, 1986-1990 жж. «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясының сын бөлімінде әдеби қызметкер болды. 1990 жылдан ұлт газеті «Ана тілі» газеті апталығы бас редакторының орынбасары, 1995 жылдан халықаралық «Қазақ елі» газетінің бас редакторы міндетін атқарды. 2007 жылдан «Сын» журналының бас редакторы. Алғашқы «Өлең салмағы жүрекпен өлшенеді» атты сын мақаласы 1966 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарық көрді. 1981 жылы «Қызыл алма» әдеби-сын мақалаларының жинағы жарық көрді. «Ақиқат алдында», «Өткірдің жүзі», «Ел мен Елбасы» атты кітаптары шықты. Жекелеген шығармалары орыс, өзбек, қырғыз, моңгол тілдеріне аударылған. 1979 жылы Мәскеуде өткен жас жазушылардың бүкілодақтық VІІ кеңесіне қатысты. Қазақстан Журналистер одағының (1992) және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының (1994) лауреаты. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Төралқа мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы. 65 жыл бұрын (1949) республикалық «Президент және Халық» газетінің бас редакторы ТОҚАШБАЕВ Марат дүниеге келді. Талғар қаласында туған. 1969 жылдан Алматы облыстық «Жетісу» газетінде, 1982 жылдан республикалық «Білім және еңбек» журналында бөлім меңгерушісі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің органы - «Халық Кеңесі» газетінде жауапты хатшы, Бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. 1994 жылы «Заң газетінің» алғашқы бас редакторы болды. 1997 жылы Қазақ теледидарының жаңадан құрылған «Ақшам» ақпарат бағдарламасын басқарды. «Қазақстан-1» телеарнасы ақпарат бағдарламасының Ақмоладан тікелей эфирге шығуын қамтамасыз етті. Қазақстан Президентінің Түркияға, Ұлыбританияға, АҚШ-қа сапарлары туралы репортаждар жүргізді. 1999 жылы Меккеден әлемдік трансляция бойынша қазақ тілінде алғашқылардың бірі болып тікелей эфирден репортаж берді. 1999 жылдан Қазақ теледидарының Бас директоры болды. 2002 жылы халықаралық «Қазақстан-Заман» газетін басқарды. Балаларға арналған республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы. Қазір «Президент және халық» газетінің бас редакторы. 1975 жылы Қазақ мемлекеттік университетін, 1990 жылы Мәскеудегі баспасөз қызметкерлерінің білімін жетілдіру институтын бітірген. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Публицистикалық мақалалардың, «Қазақстан-1» телеарнасындағы «Жұмадағы жүздесу», «Атамекен», «Түркі әлемі», «Истоки», «Сәлем, ХХІ ғасыр!», «Қадыр түні» сияқты жұртқа танымал жобалардың авторы. Елбасының екі рет алғыс хатын алған. «Астана» медалінің иегері. 57 жыл бұрын (1957) ҚР Ішкі істер министрі ҚАСЫМОВ Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы дүниеге келді. Алматы облысы Іле ауданының Дмитриевка аулында дүниеге келген. Білімі жоғары, 1979 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген, мамандығы - заңгер. Милиция генерал-лейтенанты, 1979 жылдан бастап - тергеуші, аға тергеуші, тергеу бөлімінің бастығы, Алматы облысы ІІБ Іле аудандының ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары. 1988 жылдан бастап - Алматы облысы ІІБ-нің қоғамдық қауіпсіздік бөлімі бастығының орынбасары. 1989 жылдан бастап - Алматы облысы ІІБ Қапшағай ІІБ-нің бастығы. 1992 жылдан бастап - Алматы облысы ІІБ Криминалдық милиция басқармасының бастығы, Алматы облысы ІІБ бастығының бірінші орынбасары. 1997 жылдан бастап - Алматы қаласының ішкі істер бас басқармасының бастығы. 2003 жылдан бастап - Алматы облысы ішкі істер бас басқармасының, Ішкі істер департаментінің бастығы. 2005 жылдан бастап - Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің бірінші вице-министрі, вице-министрі.2009 жылдан бастап - Шығыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің бастығы. 2011 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі уақытқа дейін - Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі. ІІ дәрежелі «Данқ» орденімен, «Астана», «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін», «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін», «Қазақстан Конституциясына - 10 жыл», «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының ардагері», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» мерейтойлық медальдарімен марапатталған. ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері. 52 жыл бұрын (1962) қазақстандық және ресейлік эстрада әншісі, композитор ШҮКЕНОВ Батырхан Қамалұлы дүниеге келді. Қызылорда облысында туған. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын бітірген. 1982 жылдан Роза Рымбаеваны сүйемелдейтін «Арай» тобына кірді. 1987 жылы «Алматы» тобын құрады. Кейіннен ол «Алматы-Студио» тобы болып қайта құрылды. 1989 жылы өзінің атақты «Джулия» деп аталатын хитын жазды. Осы жылы «А Студио» Алла Пугачеваның «Рождестволық кештер» әш кешіне қатысқаннан кейін ансамбль атағы бұрынғы Кеңсе одағы аумағында танымал болды. Әнші 2002 жылы Қазақстанға оралып, өзінің алғашқы «Отан ана» атты жеке альбомын шығарды. 2007 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдениет жөніндегі кеңесшісі болды. 2009 жылы ЮНИСЕФ ерікті елшісі, 2010 жылдан бастап Алматыдағы Қайырымдылық балы комитетінің құрметті мүшесі болды. 33 жыл бұрын (1981) «Нұр Отан» қоғамдық саяси институтының директоры САЯСАТ Нұрбек дүниеге келді. Семей қаласында туған. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заң факультетін бітірген. Сингапурда мемлекеттік қызмет колледжінде, АҚШ-тың Индиана штатында Нотр Дэйм университетінде оқыды, Римде La Sapienza университетінде халықаралық қауіпсіздік және геосаясат магистрі дәрежесін алды, Римдегі ICU институтында 2 жылдық тағылымдамадан өтті. 2000-2002 жылдары конгресмен Марк Смиттің сайлауалды науқанында жеке көмекшісі, Айова штаты үкіметінің ақпараттық технологиялар департаментінде инновациялық технологиялар қызметкері болды. 2002-2006 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Мемлекет пен құқық теориясы және тарихы» кафедрасында оқытушы, Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры және Астанадағы «Art-Motion» ЖШС-да промоушн және дизайн агенттігінің директоры. 2006-2008 жылдары - Туриндегі қысқы Олимпиадалық ойындарда TOROS-та ұйымдастыру комитетінің аудармашысы, «Қазына» Орнықты даму қоры» АҚ инвестициялық жобалар департаментінің менеджері, басқарма төрағасның кеңесшісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің кадр жұмыстары және мемлекеттік бақылау бөлімінің кадр саясаты секторының меңгерушісі. 2008-2009 жылдары - ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік және жергілікті басқару институтының менеджмент кафедрасының доценті, ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-ректоры. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ кадр саясаты және персоналды басқару департаментінің атқарушы директоры. 2010-2013 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті болды.
966 жыл бұрын (1048-1123) парсы-тәжік поэзиясының классигі, ғалым, математик, астроном, ақын және философ Омар ХАЙЯМ (Гияс ад-Дин Абу-ль-Фатх Омар ибн Ибрахим аль-Хайям Нишапури) дүниеге келді. Жас кезінде жақсы отбасының тәрбиесінде болған, әрі өлеңге құмартып өскен, оның кейбір өлеңдері осы күнге дейін жеткен. Нишапурда жұмыс атқарған кезінде, сол кездегі оқымыстылармен бірлесіп сол замандағы күнтізбеге өзгерістер енгізген. Оның ең негізгі еңбегі «Алгебра мәселелерінің дәлелі» атты кітап. Бұл кітаптың арабша қолжазбасы мен латынша аударма нұсқасы сақталған, әрі қазір көптеген шет тілдеріне аударылып басылды. Евклидтің кітабын аударып және оған түініктеме берген. Омар Хайям рубайларының І.Шаңғытбаев аударған нұсқасы (325 рубай) 1965 жылы жеке кітап болып шықты. Ө.Күмісбаев «Иранбақтың бұлбұлдары» атты жинағында бірнеше шығыс ақындарымен қатар Омар Хайям өлеңдерін аударды (2004). Омар Хайямның кесенесі Нишапур қаласында орналасқан. 170 жыл бұрын (1844-1875) швед саяхатшысы, Париж Географиялық қоғамының мүшесі МОЗЕР Генри дүниеге келді. Ресейдің Санкт-Петербор қаласында туған. Женевада оқып, бакалавр дәрежесінде білім алған. 1867-1883 жылдары Сібірге, үш рет Орта Азияға саяхат жасаған. 1885-1888 жылдары Парижде француз тілінде «Орта Азияға (Қазақ даласына, Түркістанға, Бұхараға, Хиуаға, түркімендерге және Персияға) саяхат», орыс тілінде «Орта Азия елдерінде» деген атпен кітаптары шықты. Мозердің бұл еңбектерінде ХІХ ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ-орыс қатынастары, Ырғыз, Қазалы, Перовск (Қызылорда), Түркістан, Шымкент, Верный (Алматы), тағы басқа әкімшілік сауда орталықтары, олардағы халықтың этнографиялық құрамы, қазақтардың кәсібі, Сырдария өзені бойында егіншіліктің дамуы жөнінде деректер келтірілген. Қазақтардың әдет-ғұрпы, киім-кешегі, спорттық ойындары жөнінде құнды мәліметтер жинақталған. Мозер қазақтардың тұрмыс-салтымен жақын танысып, қазақ тілін үйренген. 1887 жылы шілдеде Люцернде (Швейцария) өткен Орта Азия елдері халықтары өнерінің көрмесіне 170 суретпен безендірілген Мозердің кітабы қойылды. Ондағы қазақтардың тұрмысын, спорт ойындарын (көкпар, тағы басқа) бейнелейтін гравюралар жұртшылық назарын ерекше аударды.