18 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2018 жылғы 18 сәуірге арналған күнтізбені ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні
Бұл мереке алғаш рет 1984 жылы атап өтілді. Бұл күнді 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы бекіткен. Бүгінгі таңда осы ұйымның қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар. Дүниежүзінің 122 еліндегі 754 тарихи құндылық ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. 2003 жылы осы тізімге еліміздегі «Әзірет Сұлтан» тарихи-архитектуралық кешені, Алматыға таяу Тамғалы тас шатқалындағы жартастарға қашалған суреттер топтамасы кірді. Қазақстанда ұлттық құндылық болып табылатын 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар.
Дүниежүзілік радио әуесқойлар күні
1925 жылдың 18 сәуір күні құрылған Халықаралық радио әуесқойлар одағының құрылуына байланысты атап өтіледі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1993 жылы Алматыда Дүниежүзілік экономикалық форум өтті. Оған әлемнің 30 елінен 100-ден астам ірі халықаралық және ұлттық компаниялардың басшылары жиналды.
1996 жылы Алматыда Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдер өкілдерінің халықаралық конференциясы өз жұмысын бастады.
2005 жылы қазақстандық эколог Қайша Атаханова қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметі үшін халықаралық Голдман сыйлығының иегері атанды.
Қайша Атаханова - төмен және орташа радиоактивті қалдықтарды басқа мемлекеттерден Қазақстанға әкелуге наразылық науқанын ұйымдастырған. Ол - биолог, радиоактивті сәулелердің зардаптарын зерттейтін маман, Қарағандыдағы экологиялық орталықтың негізін қалаушысы және жетекшісі.
Экологиялық Голдман сыйлығын 1990 жылы қоғам қайраткері Ричард Голдман және оның жұбайы Родо бекіткен.
15 жыл ішінде Голдман сыйлығын 65 елдің 107 табиғат қорғаушылары алған. Экологиялық сыйлықтың иегерлерін, бүкіләлемдік желі ұсынған экологиялық ұйымдар және жеке тұлғаларды халықаралық қазылар алқасы сайлайды.
2006 жылы Павлодар облыстық «Звезда Прииртышья» газеті журналистика саласындағы жалпыұлттық «Алтын жұлдыз» сыйлығының игері атанды.
2008 жылы Бакуде Әзербайжандағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің жаңа ғимаратқа көшуіне орай, Қазақстан Республикасының Туын көтеру құрметіне байланысты салтанатты шара өтті. Республикамыздың Әнұраны шырқалып, Туды көтеру рәсіміне Бакуде тіркелген дипломатиялық корпустың, ұлттық компаниялардың қызметкерлері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
2011 жылы Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сессиясы өтті. Тақырыбы - «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшілік, келісім мен жасампаздықтың 20 жылдығы».
2011 жылы Елбасы Н.Назарбаев Эстония Республикасының алдындағы айырықша еңбегі үшін Мария Жерінің Крестімен марапатталды.
Мария Жерінің Кресті - Эстония Республикасының мемлекеттік наградасы. Ол 1995 жылы 16 мамыр күні Эстония мемлекетінің тәуелсіздігі құрметіне бекітілді. Эстония президенттері мен ел алдында сіңірген еңбектері үшін шетелдік азаматтар марапатталады.
2011 жылы Шымкентте еліміздегі ең алғашқы жастар денсаулық үйі ашылды. Бұл іске бастамашылық жасаған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясы.
2011 жылы қазақстан экспортерлеріILAC-MRA белгісін пайдалану құқығына ие болды. ILAC-MRA комбинациялық белгі Ұлттық аккредиттеу орталығында аккредитацияланған зертханалардың сынақ хаттамаларында қоланылатын болады.
2012 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Малайзиядағы «Limkokwing University of Creative Technology» университетінің Құрметті докторы атағына ие болды. Нұрсұлтан Назарбаев - бұл атаққа ие болған төртінші мемлекет қайраткері. Бұған дейін университеттің Құрметті доктор атағына Нельсон Мандела, Махатхир Мохаммад және Малайзияның қазіргі Премьер-министрі Наджиб Тун Разак ие болған.
2012 жылы әлемге есімі танымал кардиохирург Витторио Ванини Алматыдағы перинатология және балалар кардиохирургиясының қалалық орталығында жүрек ауруларының ауыр түріне шалдыққан балаларға 30 ота жасады. Ахметжан Есімов итальяндық кардиохирургқа қажырлы еңбегі үшін ризашылығын білдіріп, Алғыс хат табыстады.
2012 жылы Академик Сейіт Қасқабасов ТМД кеңістігіндегі білім мен ғылым саласына қосқан үлесі үшін «Достастық Жұлдыздары» сыйлығының иегері атанды.
2012 жылы Талдықорғандағы «Қайнар АКБ» ЖШС зауытының аумағынан отандық аккумуляторлардың алғашқы партиясы Қытайға жөнелтілді. 18 мың дана болатын өнім қауіпті жүктер қатарына жатқызылатын болғандықтан, ҚХР заңнамасына сәйкес барлық талаптар сақталды.
2013 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де НР (Hewlett-Packard) ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Бұл орталық механика-математика факультетінің жанында жоғары кәсіби мамандарды даярлау, НР технологияларының базасында оқытудың заманауи бағдарламаларын қолдану арқылы студенттер мен оқытушылардың білімдерін жетілдіру мақсатында құрылған.
2013 жылы белгілі қазақстандық жазушы Мұхтар Әуезовтың құрметіне мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өтті. Бішкектің орталық көшелерінің бірі қазақ жазушысының есімімен аталды.
2013 жылы қазақ футболының 1000 жылдық мерейтойының эмблемасы мақұлданды. Байқаудың ең үздік жұмысы ретінде Семейдегі Шәкәрім мемлекеттік университетінің түлегі Динара Шүкееваның жұмысы танылды.
2014 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті кешенінде Қазақстанда тұңғыш рет Лазерлік сканерлеу орталығы ашылды.
2014 жылы Бейрут қаласындағы Қазақстан елшілігінде «Қазақстан-Ливан қарым-қатынасы: сәтті серіктестікке 20 жыл» атты атты кітаптың тұсауы кесілді.
2014 жылы Астанада Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы өтті.
2014 жылы «Бауыр» фильмі үшін Серік Апырымов Германия Сыртқы істер министрлігінің наградасымен (Preis des Auswärtigen Amtes) марапатталып, Орталық және Шығыс Еуропа XIV кинофестивалінің 4000 еуро сыйлығына ие болды.
2015 жылы Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Малайзия Премьер-Министрі Наджиб Тун Разакпен кездесті. Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, индустриялық, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастыққа қатысты мәселелер талқыланды.
2015 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласына жұмыс сапары барысында «Dostyk Plaza» сауда-сауық орталығының жаңа ғимаратын аралап көрді. Сондай-ақ, «Made in Kazakhstan» брендімен өндірілген өнімдермен танысып, қазақстандық тауарларды сатып алды.
«Dostyk Plaza» сауда-сауық орталығы 2014 жылы ашылған. Үш қабатты кешен ғимаратында 174 дүкен, 18 дәмхана және мейрамхана, сондай-ақ 10 залдан тұратын кинотеатр бар. Жоба құны - 200 млн доллардан асады.
2016 жылы Ресей Батыры, РФ ІІМ ішкі әскерлерінің полковнигі Серік Сұлтанғабиевті Қазақстан Республикасының қоғамдық бірлестігінің өкілдері Бауыржан Момышұлының орденімен марапаттады. ҚР Ардагерлер ұйымының қоғамдық наградасы Мәскеудің белгілі қорғаушысы, панфиловшы батыр, Кеңес Одағының батыры, полковник Бауыржан Момышұлының есімімен аталады. Бұл орденмен әскери ұрыстарда ерекше көзге түскендер және әскери борышын орындаған кезінде ерлік танытқан әскерилер, сонымен қатар Қазақстан Республикасы ардагерлер қозғалысына қомақты үлес қосқан тұлғалар марапатталады.
2016 жылы ҚХР СІМ Дипломатиялық академиясының екінші курс студенті қазақстандық А.Қоңырбаева қытайлық тайцзицюань жауынерлік өнері бойынша үздік үштікке ілікті.
2017 жылы Түркістанда әйгілі қазақ режиссері Жұмат Шаниннің 125 жылдығына арналған «Театр көктемі - 2017» атты халықаралық фестиваль өтті.
2017 жылы «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі мен Түрікменстанның «Түрікменстан бүгін» мемлекеттік ақпарат агенттігі ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Құжаттың басты мақсаты - ақпарат алмасу арқылы бауырмал екі елді жақындастыра түсу.
2016 жылы Қазақстанда киіз үйді құрастыруға мүмкіндік беретін - бүкіл әлемге танымал «LEGO» ойыншығы сатылымға шықты.
ЕСІМДЕР
125 жыл бұрын (1893-1962) композитор, күйші Әділжан ҚҰРМАНҒАЛИЕВ дүниеге келді.
Алматы облысында туған. 1919 жылдан бұрынғы Талдықорған облысында кеңестік сот, шаруашылық мекемелерінде жауапты қызметтер атқарған. 1932-1955 жылдары Қытайдың Шынжаң өлкесінде мәдени-ағарту саласында еңбек еткен. 1955 жылы тарихы отанына оралған. Күйшінің «Қос жүрек», «Қос жетім», «Жеңіс», «Қайран ана», «Арман», «Отан», т.б. күйлері бар. Сонымен қатар ол қазақтың халық әндері мен күйлерін, фольклорлық мұраларын жинаумен айналысқан.
107 жыл бұрын (1911-1991) жазушы, аудармашы Зейтін АҚЫШЕВ дүниеге келді.
Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған. Омбы жұмысшы факультетін, Семей мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. Павлодар, Талдықорған облыстық оқу бөлімдерінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Алматыдағы Оқу-педагогика баспасының аға редакторы, редакция меңгерушісі, бас редакторы, «Қазақстан мұғалімі» газетінің редакторы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі аппаратының аудармашы редакторы, Қазақ-совет энциклопедиясы бас редакциясының аға ғылыми редакторы болды.
«Ағаш үй» атты өлеңі тұңғыш рет 1930 жылы жарық көрген. Содан бергі уақытта оның көптеген әңгімелері, повестері, романдары басылды. Олардың бірталайы орыс тіліне аударылған. Драматургия саласында да жемісті еңбек етіп, «Жаяу Мұса», «Келіншек» атты туындыларын жазды. Сонымен қатар В.Панованың «Куржилиха» романын, А.Куприннің «Жекпе-жек», Я.Коластың «Талап атай» повестерін қазақ тіліне аударған.
80 жыл бұрын (1938-2011) техника ғылымының докторы, профессор Лесбек СЕЙІТБЕКОВ дүниеге келді.
Жамбыл облысының Жуалы ауданында туған. Ташкент қаласындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру және суландыру институтын бітірген. 1961-1993 жылдары Жамбыл облысы шаруашылықтарында, Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтында, қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясында қызмет атқарған. 1993-2003 жылдары Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының директоры, ал 2003 жылдан осы институт негізінде құрылған Ауыл шаруашылығын механикаландыру ғылыми-өндірістік орталығы директорының орынбасары болған. Ол ғылыми зерттеулерінде мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу және екпе жайылымды қоршау технологиялары мен машиналар жасау теориясын дамытқан. Жел қуатымен су көтеретін ВВ-3Т, жел қуатымен электр тогын өндіретін ВЭ-2Т, ВЭ-2, 7Т, күн қуатымен жұмыс істейтін ГЭ-300 қондырғылары мемлекеттік сынақтан өтіп, өндіріске ұсынылған. Оның тікелей басқаруымен және қатысуымен қой шаруашылығы өнімдерін өңдеудің қалдықсыз технологиялары мен 10 түрлі құрал-жабдықтан тұратын машиналар кешені жасалған. Олардың барлығы мемлекеттік сынақтан өтіп, Орта Азия мен Қазақстан Республикасының 250-ден астам шаруашылықтарына енгізілген. Аталмыш машиналардың бір үлгісі Моңғолия елінің шаруашылығында іске қосылған. Ғалымның 130-дан астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 3 кітабы, 3 ұсынысы, 35 авторлық куәлігі мен патенті бар. Оның жетекшілігімен 15 ғылым кандидаты және 3 докторы диссертация қорғаған.
Медальдармен марапатталған.
80 жыл бұрын (1938-2014) филология ғылымының докторы, профессоры Абдул-Хамит МАРХАБАЕВ дүниеге келді. Қызылорда облысының Арал ауданында туған. 1964 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. «Білім және еңбек» («Зерде») журналының әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің ассистенті, аға мұғалімі, доценті, «Білім және еңбек» журналының бас редакторы, «Жаңа фильм» журналының аға редакторы, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті бас редакциясының аға редакторы, Қазақ орталық мұражайы баспа-редакция секторының аға редакторы, сектор меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1959 жылдан республикалық басылымдарды ғылыми фантастикалық жанр саласында әңгіме-повестер жаза бастаған. «Ғарыштағы қымыз» атты тұңғыш жинағынан бастап, «Арал әуендері», «Балалардың аман қалғанын айт!», «Жарылқаушы...», «Тосын ғарышхат», т.б. ондаған көркем шығармалары жеке кітап болып шыққан. Фантастика жанрының табиғаты мен теориялық ерекшеліктерін айқындайтын фантастикатану жайында «Қолыңды әкел, Келешек. Қазақ фантастикасы: кеше, бүгін және...», «Қазақ фантастикалы әдебиеті» атты монографиялары, «Ислам - Ғылым - Журналистика» оқулығы жарық көрген.
57 жыл бұрын (1961) - Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Бейсенбайұлы БЕКЕШЕВ дүниеге келді.
1983 жылы Еңбек Қызыл Ту орденді Қарағанды политехникалық институтын, 2001 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолы: 1983 жылы - Қарағанды ҚКТУ-15 өндірістік оқыту шебері.
1986 жылдан 1997 жылға дейін - «Қарағандыкөмір» көмір өндіру жөніндегі ӨБ Тау-кен шахталық жабдықтарды жөндеу зауыты комбайндарын жөндеу цехының инженер-конструкторы, цех бастығының орынбасары. 1999 жылы - «Гарант» ЖШС коммерциялық директоры. 1999 жылдан 2005 жылға дейін - «Қарағанды облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті» ММ жетекші маманы, бас маманы, бөлім бастығы. 2005 жылдан 2008 жылға дейін - «Атамекен» Қазақстан кәсіпкерлері мен жұмыс берушілерінің жалпыұлттық одағының» заңгері. 2006 жылдан 2008 жылға дейін - «Қазақстандық ПЭТ-орама өндірушілер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры. 2008 жылдан 2009 жылға дейін - Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту департаменті Кәсіпкерлікті дамыту стратегиясы басқармасының бас сарапшысы. 2009 жылдан 2010 жылға дейін - Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту департаменті директорының орынбасары.2010 жылдан 2013 жылға дейін - Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаменті директорының орынбасары, директоры. 2013 жылдан 2014 жылға дейін - Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаментінің директоры. 2014 жылдан 2017 жылғы қыркүйекке дейін - Еуразиялық экономикалық комиссияның Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаментінің директоры.
2017 жылғы қыркүйектен бастап - қазіргі уақытта - Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі.
Марапаттары: «Ерен еңбегі үшін», «Казақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», 2 дәрежелі «Атамекен» төсбелгісі.
55 жыл бұрын (1963) ҚР Жоғарғы сотының судьясы Ерден Рауанұлы ӘРІПОВ дүниеге келді.
Еңбек жолын 1986 жылы бұрынғы Жезқазған облыстық атқару комитетінің нотариат бойынша Әділет бөлімінің аға кеңесшісі лауазымынан бастаған. 1991-1992 жылдары Жезқазған облыстық халық депутаттар Кеңесінің аға кеңесшісі болған. 1992-2000 жылдары дейін Қарағанды облысы Жезқазған қалалық сотының судьясы. 2000-2008 жылдары Қарағанды облысы Балқаш қалалық сотының төрағасы. 2008-2010 жылдары Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының № 2 аудандық сотының төрағасы. 2010-2012 жылдары Алматы қалалық сотының кассациялық сот алқасының төрағасы. 2012 жылы 2 шілдеде Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы қызметіне тағайындалған.
47 жыл бұрын (1971) Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары Анархан Қалиқызы ДҮЙСЕНОВА дүниеге келді.
Көкшетау облысы Келлеров ауданы Талап ауылында дүниеге келген. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттiк университетiн биология және химия пәндерiнiң мұғалiмi мамандығы бойынша бiтiрген. 1990 жылдан бастап Тайынша ауданында денсаулық сақтау саласында 12 жыл еңбек еттi. 2003-2006 жылдары Тайынша аудандық мәслихатының хатшысы болды. 2006-2011 жылдары Тайынша ауданы әкiмiнiң орынбасары болып iстедi. 2011 жылдың қараша айынан қазiргi уақытқа дейiн«Нұр Отан» партиясы Тайынша аудандық филиалы төрағасының бiрiншi орынбасары қызметiн атқарды.
44 жыл бұрын (1974) «Транстелеком» АҚ басқарма төрағасы НАДЫРОВ Жанболат Орақұлы дүниеге келді.
1998 жылы Сатпаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Университетін тамамдады, 2002 жылы Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша бітіріп, «Қаржы-экономист» біліктілігін иеленді.
2002 жылдан «КМТ» ЖШС-нің бас директоры, 2002 жылдың наурыз айынан 2004 жылдың қыркүйек айына дейін Қарағанды қаласындағы «ТПК Азия» ЖШС филиалыны директорының орынбасары болып жұмыс істеді. 2005 жылдың ақпан айынан 2006 жылдың наурыз айына дейін Атырау қаласындағы «АМО» АҚ Басқармасының Төраға орынбасары, 2007 жылдың сәуір айынан 2008 жылдың тамыз айына дейін Алматы қаласындағы «Нұрбанк» АҚ-ның Корпоративті бизнес басқармасының басшысы. 2007 жылдың тамыз айынан 2008 жылдың қыркүйек айына дейін Алматы қаласындағы «Нұрбанк» АҚ-ның Басқарушы директоры. 2008 жылдың қыркүйек айынан 2010 жылдың мамыр айына дейін Алматы қаласындағы «Нұрбанк» АҚ-ның Басқарма Төрағасының орынбасары, 2010 жылдың мамыр айынан 2010 жылдың қазан айына дейін «Қазақстан Даму банкі» АҚ Өкілдігінің директоры қызметтерін атқарды. 2013 жылғы 26 қарашадағы «Транстелеком» АҚ Директорлар кеңесінің шешіміне сәйкес, Ж. Надыров Экономика және қамтамасыз ету жөніндегі Вице-президент міндетін атқарушы - «Транстелеком» АҚ Басқармасының мүшесі болып сайланды.
2016 жылдың 14 желтоқсанынан бастап «Транстелеком» АҚ Басқарама төрағасы қызметін атқарып келеді.
44 жыл бұрын (1974) гимнастикадан спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Әлем чемпионы, Әлем кубогының қола жүлдегері, ХІІ Азия ойындарының күміс жүлдегері ФЕДОРЧЕНКО Сергей Владимирович дүниеге келді.
40 жыл бұрын (1978) спортшы, грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының бірнеше мәрте чемпионы, Жастар арасындағы әлем чемпионы (АҚШ, 1994 ), студенттер арасында әлем чемпионы МАТВИЕНКО Валерий Владимирович дүниеге келді.
39 жыл бұрын (1979) Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Әскербекұлы АБАЕВ дүниеге келді.
Алматы облысында туған. 2001 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін үздік бітірген.
Еңбек қызметі: ҚР Сыртқы істер министрлігінде референт, атташе, үшінші хатшы (2001-2003); ҚР-дың Әзербайжандағы Елшілігінде үшінші хатшы (2003); Нидерланды Корольдігіндегі ҚР істері бойынша уақытша сенімді өкілі, екінші хатшы (2003-2007); ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінде бөлім бастығы (2007); ҚР Президенті Протоколының бас сарапшысы, консультанты (2007-2008); ҚР Президентінің баспасөз хатшысының орынбасары (2008-2009); ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмыстар бөлімінің мемлекеттік инспекторы (2009); Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы, кеңесшісі (2011-2016).
Қазіргі қызметінде - 2016 жылдың мамыр айынан.
«Парасат» және «Кұрмет» ордендерімен, мерекелік медальдармен марапатталған.
37 жыл бұрын (1981) Шымкент қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметінің бастығы Данияр МейірханұлыМЕЙІРХАН өмірге келді.