18 жасар Рената Нұрғазина «Қарағанды аруы-2015» атанды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - 15 қараша күні кеншілер шаһарындағы Сәкен Сейфулин атындағы театрда «Қарағанды аруы-2015» байқауының финалы өтті. Қарағанды өңірінің ең әдемі аруы атану үшін мұнда 22 үміткер бақ сынасты.
Байқау қорытындысы бойынша 18 жасар Рената Нұрғазина жеңімпаз атанды. «Бүгін мен «Қарағанды аруы-2015» атандым. Өзіме қолдау көрсеткен барша жұртқа, оның ішінде ата-анама, достарыма, бізбен асқан төзімділікпен жұмыс жасаған жандардың барлығына зор алғысымды білдіргім келеді. Байқауға қатысқан қыздардың барлығы өте әдемі, олардың әрқайсысы ару тәжін киюге лайық», деп жазады Рената өзінің Инстаграм-дағы парақшасында. Енді ол 10 желтоқсанда Астанада өтетін, еліміз бойынша аймақтық сындардың жеңімпаздары қатысатын «Қазақстан аруы-2015» байқауында бағын сынайтын болады.