18,6 трлн доллар: Америкалықтардың қарызы жаңа рекордқа жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Нью-Йорк Федералдық резерв банкі таратқан жаңа есепке сәйкес, 2025 жылдың үшінші тоқсанында АҚШ азаматтарының жалпы қарызы 197 млрд долларға өсіп, 18,59 трлн долларға жеткен көрінеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі Fox Business-ке сілтеме жасап.
Есепке сай, ипотекалық қарыздар бір тоқсанда 137 млрд долларға артып, қыркүйек айының соңында 13,07 трлн долларға жеткен. Несие карталары бойынша берешек те өскен — 24 млрд долларға көбейіп, жалпы сомасы 1,23 трлн долларды құрады.
Автокредиттер бойынша қарыз шамамен 1,66 трлн доллар деңгейінде өзгеріссіз қалған, ал студенттік несиелер 15 млрд долларға артып, 1,65 трлн долларға жеткен.
Сонымен қатар, 2025 жылдың үшінші тоқсанында мерзімі 90 күннен асқан төленбеген қарыздар деңгейі жоғары болып қалды — олардың үлесі 4,5%.
Жалпы кешіктірілген несиелердің үлесі өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 1,68%-дан биыл 3,03%-ға дейін ұлғайған.
Бұған дейін хабарланғандай, Дональд Трамптың балалық шағы өткен үй 2,3 миллион долларға бағаланды.