189 жұмысқа алу тәртібін бұзу фактісі анықталды – Еңбек министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев шетелге жұмыс істеуге кететін қазақстандықтардың құқығын қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

ҚР Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус өкілдері үшін «Адам саудасына қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері» тақырыбында брифинг өтті. Іс-шараға Орталық Азия елдерінде үйлестіру функциясын атқаратын Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы өкілдігі қатысты.
Асқарбек Ертаевтың айтуынша, Қазақстан азаматтарын шетелде жұмысқа орналастыруда қауіпсіздікті арттыру үшін кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр.
– Шетелге жұмыс істеуге кететін қазақстандықтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын сол ел аумағында қорғауға бағытталған халықаралық келісімдер жасалып жатыр. Қазіргі таңда Қатар және Ұлыбританиямен келісімдерге қол қойылды, Оңтүстік Кореямен негіздемелік меморандум жасалды. Сондай-ақ БАӘ, Сауд Арабиясы, Жапония және басқа да бірқатар елмен келісімдер пысықталу үстінде, - деді ол.
Сондай-ақ ол мемлекет еңбек заңнамасының сақталуын профилактикалық тексерулер арқылы бақылайтынын айтты. Тек 2024 жылдан бері еңбек инспекторлары 1 802 іс-шара өткізген, оның ішінде 386-сы — 2025 жылдың бірінші тоқсанында жүргізілді.
– Бұл тексерулер барысында мәжбүрлі еңбек пен адам саудасына қатысты құқықбұзушылық фактілері тіркелмеді. Алайда еңбек шарты жасалмаған жұмыс күшін пайдалану фактісі бойынша 189 дерек анықталды. Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және министрліктің тұрақты бақылауында болады, - деп атап өтті вице-министр.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде адам саудасына қатысты заңнамалық база күшейтілгенін жазған едік.