19 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 19 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады

19 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Жылнама
Фото: Freepik

АТАУЛЫ КҮНДЕР

«Смайликтің» туған күні

1982 жылғы 19 қыркүйекте Карнеги-Меллон университетінің профессоры Скотт Фальман (Scott E. Fahlman) компьютерде терілетін мәтінде «күлімсіреп тұрған бет-әлпетті» көрсету үшін қос нүкте, дефис және жабылатын жақшадан тұратын үш символды пайдалануды ұсынды. Алғаш рет смайликті пайдаланған хабарлама 2002 жылы пленкада сақталған хабарландырулар тақтасының мұрағатынан табылды. Қазір смайлик электрондық қарым-қатынастың айнымас белгісі болып қалды. Смайликтер әңгімелесушіні дұрыс түсінуге, оның көңіл күйін байқауға көмектеседі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1957 жылы Таңбалы шатқалындағы тасқа қашап салынған петроглифтер ашылды. ҚазКСР Ғылым академиясының Тарих және археология институтының Оңтүстік Қазақстан археология экспедициясының Жетісу отряды Қазақстанның тұңғыш кәсіби археологы Анна Максимованың басшылығымен Алматы облысының Жамбыл ауданында Тамғалы шатқалындағы тасқа қашап салынған петроглифтер ашылды.

Тамғалы петроглифтері кейіннен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілді.

Петроглифтер кездейсоқ табылды, бірақ бұл жаңалықтың маңыздылығы соншалықты. Бүгінгі таңда қорық, 3800 гектар аумақты алып жатыр, бұл әртүрлі кезеңдерге тән жүзге жуық ескерткіштерінен тұратын бірегей археологиялық кешен. Онда қоныстар, зират орындары, петроглиф галереялары (барлығы 5000-нан астам сурет) және біздің дәуірімізге дейінгі XIV–XIII ғасырлардан XIX–XX ғасырларға дейінгі діни орындар бар.

1994 жылы Қазақстанға интернет келді. Ұлттық жоғарғы деңгейлі домен .kz тіркелді. Казинформтелеком Релком Москва арқылы 28.8 Кбпс жылдамдықпен алғашқы IP арнасын ұйымдастырды.

1995 жылы Пәкістанда урду тілінде Халид Икбал Ясирдің «Абайдың таңдамалы өлеңдері» «Абай – дәуір мақтанышы» атты алғысөзімен жарық көрді. Ол Абайды Пәкістанның ұлттық ақыны Мұхаммед Икбалмен салыстырады және осы ұлы ақындар арасында көптеген ұқсастықтар табады. Абай мен Икбалдың дін, дәстүр және білім беру мәселелері бойынша көзқарастары ұқсас.

2002 жылы Қазақстанда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымы құрылды. Ол адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының сақталуын бақылайды және өз өкілеттігі шегінде адам және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру шараларын қабылдауға құқылы.

2005 жылы Жамбыл облысының Шу ауданындағы Жаңажол ауылында қазақ батыры, әскери қолбасшы және жазушы Бауыржан Момышұлына ескерткіш орнатылды.

2006 жылы Алматыда танымал публицист, тарих ғылымдарының докторы және Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының президенті, профессор Сағымбай Қозыбаевтың «Қазақстан журналистикасы» энциклопедиясы жарық көрді.

Бұл кітап «Отандық журналистика» сериясының жалғасы. Оқырмандар 19 ғасырдағы алғашқы қазақ басылымдары «Түркістан уәлаятының газеті» және «Дала уәлаятының газеті» жарық көргеннен бастап бүгінгі күнге дейінгі қазіргі заманғы журналистика тарихын білуге ​​мүмкіндік алады.

2011 жылы Қазақстан Республикасының Caspionet ұлттық спутниктік арнасы Galaxy 19 спутнигінің DTH-платформасы арқылы Солтүстік Америкаға ашық хабар тарата бастады. Caspionet арнасын 28 елдің: Америка Құрама Штаттары, Канада, Мексика, Куба, Доминикан Республикасы, Антигуа және Барбуда, Багам аралдары, Барбадос, Белиз, Гаити, Гватемала, Гондурас, Доминика, Коста-Рика, Никарагуа, Сальвадор, Сент-Люсия, Сент-Винсент және Гренадиндер, Сент-Китс және Невис, сондай-ақ Ямайка көрермендері тамашалады.

2012 жылы Қазақстан алғаш рет Францияның Канн қаласында жыл сайын өткізілетін халықаралық деректі фильмдер фестивалі - «Cannes Corporate Media & TV Awards» байқауына қатысты. 2011 жылы жарық көрген «Киелі Мекен» деректі фильмінің авторлары фестиваль байқауына шақырылды.

2014 жылы Лондонда Роберт Уайттың «Жоғалған хандар мен қаңыраған далалар. Қазақстан тарихы ежелгі дәуірден қазірге дейін» атты кітабы жарық көрді. Кітаптың авторы Алматы қаласындағы банк секторында үш жылдан астам уақыт жұмыс істеп, осы уақыт ішінде ол Қазақстанның тарихы мен мәдениетін зерттеуге көп көңіл бөлген. Лондонға оралғаннан кейін Р.Уайт Британдық аудиторияны Орта Азиядағы ең маңызды елдің әсерлі тарихымен таныстыруды жөн деп тапқан.

2014 жылы Алматы облысындағы жеті сақ-скиф қорғаны ескерткіш мәртебесіне ие болды. Шараның басты мақсаты – ежелгі қорғандарды тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштері ретінде заңдастыру және қоғамның назарын оларды сақтау мәселесіне аудару.

2014 жылы Павлодарда белгілі қазақ жазушысы, публицист, ақын және Алаш Орда көсемдерінің бірі, 1931 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, өлім жазасына кесілген Жүсіпбек Аймауытовқа ескерткіш ашылды. Қола мүсін биіктігі 7,6 метрлік қою қызыл гранит тұғырда тұр.

Павлодар делегациясы Мәскеуге барып, Ваганьковское зиратындағы Жүсіпбек Аймауытовтың жерленген жеріне барды. Ескерткіштің жанына оның қабірінен әкелінген топырақ салынған капсула орнатылды.

2017 жылы Қазақстан БҰҰ-ның жыныстық қанаушылық пен зорлық-зомбылықты жою жөніндегі міндеттемесіне қосылды.

Бұл құжат зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетуді, БҰҰ миссияларына жіберілген персоналды іріктеу мен оқытудың жоғары стандарттарын және жыныстық қанау мен зорлық-зомбылық жасаушыларға қарсы шараларды көздейді.

2018 жылы Астанадағы паралимпиадалық жаттығу орталығында арбадағы адамдарға арналған «Өз-өзіне қызмет көрсету инвасервисі» бірегей бұрышы орнатылды. Ол мүгедектерге арбаларының дөңгелектерін өз бетінше тазалауға мүмкіндік береді. Құрылғының авторы – арбада отырып билеуден ҚР құрамасының мүшесі Ардақ Оторбаев.

«Өз-өзіне қызмет көрсету инвасервисінде» қолданылатын жабдықтың әлемде баламасы жоқ. Бұл мүгедектер арбасында қозғалатын адамдардың өмірлік белсенділігін талдау және қажеттіліктер негізінде ойлап табылған алғашқы отандық жабдық.

2019 жылы ТМД аумағында алғаш рет астанада PATA Travel Mart 2019 Азия-Тынық мұхиты елдерінің халықаралық туристік көрмесі ашылды. Көрмеге 250-ден астам туристік компаниясы қатысты. Көрменің ресми ашылу рәсімінде Азия мен Тынық мұхиты аймағының мүмкіндіктері мен жаңа ұсыныстары көрсетілді.

2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясына қатысу үшін Нью-Йоркке жұмыс сапарымен барды. Мемлекет басшысы жаһандық қаржы институттарының, трансұлттық компаниялардың басшыларымен және сарапшылар тобының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.

2022 жылы Қазақстанда үш жаңа саяси партия құрылды: «Халық дербестігі», «Намыс» және «Байтақ».

2023 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Корея Республикасы мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастық жөніндегі парламент спикерлерінің бірінші кездесуіне қатысты. Іс-шарада Корея, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан парламенттерінің спикерлері сөз сөйледі.

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов саммитке мұрындық үшін Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының спикері Ким Чжин Пхеге алғыс айтты. Ол Орталық Азия елдерімен жан-жақты ынтымақтастықты күшейту және аймақтың әлеуетін нығайту Қазақстанның сыртқы саясатының басымдығы екенін атап өтті.

2023 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында, әскери қолбасшы, ақын және мемлекет қайраткері Қожаберген жыраудың 360 жылдығы аталып өтті. Оның шығармашылығын сүйетіндер, осы маңызды тұлғаны зерттейтін тарихшылар және ғалымдар Қожаберген жыраудың жерленген жеріне жиналды. Петропавлдағы Қожаберген жыраудың ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өтті. Облыс орталығында «Ақтабан шұбырыңды, Алқакөл сұлама» заманының «Елім-ай» дастанына 300 жыл» атты ғылыми-тәжірибелік конференция да өтті.

2023 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Ақан сері ауылында ұлы қазақ ақыны, композиторы және әншісі Ақан серінің 180 жылдығы атап өтілді. Мерейтойлық іс-шараның салтанатты ашылуына және шығармалары қазақ халқының шынайы мұрасына айналған ұлы ақынның құрметіне арналған мерекелік концертке жүздеген қазақстандықтар мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар Ақан сері ауылына келді. Сахнада оның өзектілігімен, жүрекжарды лирикалық мотивтерімен және терең мағынасымен ерекшеленетін «Сырымбет», «Мақпал», «Қарамар», «Ақкөйлек», «Перизат» және басқа да әйгілі шығармалары орындалды.

2024 жылы бүкіл ел бойынша «Менің мектебім зорлық-зомбылыққа қарсы!» атты жалпыұлттық флешмобы өтті, оған 750 000-нан астам мектеп оқушысы қатысты. Оқушылар бір әуенге билеп, кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылық мәселесіне жұртшылық назарын аудартты.

2025 жылы Алматыда Backstreet Boys концерті өтті. Көрермендер кумирлерін қуана қарсы алып, сүйікті хиттерін қосыла шырқады. Концерт ұйымдастырушылары әншілерді Орталық стадионнан он минуттық жаяу жерде орналасқан InterContinental Almaty қонақ үйіне орналастырды.

2025 жылы Apple компаниясының жаңа iPhone телефоны шыққан күні Нью-Йорк қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығы жарнамалық іс-шара өткізді. Іс-шараның символизмі алмамен тікелей байланысты: алма жаһандық технологиялық корпорацияның атауына шабыт берді; алма — Қазақстанның мәдени, қаржылық және туристік орталығы Алматының символы; Нью-Йорк қаласы бүкіл әлемде өзінің бейресми «Үлкен алма» лақап атымен танымал. Іс-шара барысында консулдық өкілдері, студенттер — қазақ диаспорасының мүшелері құралған еріктілер қонақтарға QR кодтары бар алмаларды таратты. Оларды сканерлеу арқылы Нью-Йорк тұрғындары мен қонақтары Қазақстан, Алматы, алманың тарихи тамырлары және Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы қызықты байланыстар туралы көбірек біле алды.

Аударған: Нұрлан Тұяқов