19 маусым. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 19 маусым. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 19 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

19 маусым. ҚАЗАҚПАРАТ  КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

19 маусым, СЕЙСЕНБІ

Алжирдің революция күні (1965). Алжир Халық Демократиялық Республикасы Солтүстік Африкада, Жерорта теңізінің батысында орналасқан. Батысында Мароккомен, Батыс Сахарамен, оңтүстігінде Нигермен, шығысында Ливиямен, Туниспен шектеседі. Әкімшілік жағынан 15 әкімшілік уәлаятқа бөлінеді. Астанасы - Алжир қаласы. Ресми тілі - араб тілі. Ақша бірлігі - динар.

Куәйт мемлекетінің Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1961). Куәйт Батыс Азияда, Арабия түбегінің солтүстік-шығысы мен Парсы шығанағының 9 аралында орналасқан. Астанасы - Әл-Куәйт. Ресми тілі - араб тілі. Діні - исламның сүннит және шиит тармақтары. Ақша бірлігі - Куәйт динары. Куәйт - Конституциялы монархия. 1962 жылғы қараша айында қабылданған Конституция бойынша мемлекет басшысы Куәйт әмірі. Заң шығарушы органы - Ұлттық жиналыс (бір палаталы парламент) 4 жылға сайланған 50 депутаттан және әмір тағайындаған үкіметтің 25 мүшесінен тұрады. Қазақстан Республикасы мен Куәйт мемлекеті арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы қаңтардың 1-інде орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

17 жыл бұрын (1995) Бейжің қаласында Абай күндері басталды.

11 жыл бұрын (2001) Қазақстанда 184,5 шақырымдық Ақсу-Дегелең темір жолы іске қосылды.

6 жыл бұрын (2006) Қазақстан инвестициялық қорының «Investfunds.kz» деп аталатын жаңа сайты іске қосылды.

7 жыл бұрын (2005) немістің Ландесберген қаласының 950 жылдық мерейтойы құрметіне орай 2 280 000 бөтелке қақпағынан көлемі 99х64 метр болатын өрнек жасалды.

15 жыл бұрын (1997) «Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

7 жыл бұрын (2007) Алматыда тұңғыш рет қарт адамдарға арналған «Үшінші ұрпақ мектебі» ашылды. Жоба қалалық әкімшіліктің ішкі саясат департаментінің қолдауымен жұмыс істей бастады.

Мектеп зейнеткерлерге арналған экология және әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы, заңға сүйенген сауаттылықты жоғарлату, өздерінің денсаулығы туралы жаңа білімдерді алуға көмектесетін тегін курстарды өткізеді.

«Үшінші ұрпақ мектебінің» ашылуы қарт адамдардың мәселелерін көтеріп ғана қоймай, оларды шешуге бағытталған мемлекет тарапынан қаржыландырылған алғашқы іс-әрекет.

5 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Алматыда Достық үйінде «Достық үйі - Этносаралық қатынастардың мәселелерін зерттейтін орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорын құрылды.

Орталықтың басты мақсаты ұлтаралық қатынастар саласындағы негiзгi мәселелердi анықтау, жұртшылық пiкiрiнiң жүйелi барлауын өткiзу болып табылады.

5 жыл бұрын (2007) қалалық мәслихат шешімімен Семипалатинск қаласы ресми түрде Семей болып өзгертілді.

3 жыл бұрын (2009) Өскеменнің Аблакетка тауында Қазақстанның мемлекеттік туы орнатылды. Еліміздің басты мемлекеттік рәміздерінің бірі - көлемі 6-да 12 метрлік ту теңіз деңгейінен 522 метр биіктікте орнатылған. Оның қасына үлкен әріптермен жазылған «Қазақстан» деген жазу орын алған.

6 жыл бұрын (2006) Қызылордадағы қалалық мәдениет және демалыс саябағының кіре берісінде «Сыр бойының батырлары» атты қаладағы ең үлкен ескерткіш-монументтің ашылу салтанаты болды. Ескерткіштің ашылу рәсіміне облыс, қала басшылары, ардагерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жалпы қала жұртшылығы қатысты. Мыстан жасалған батырлар жиынтығының монументальды ескерткіші өзінің күрделілігімен, мүсінші шешімінің тосындығы және ойлылығымен, салтанатты айбарлылығымен көрген адамды қуантады. Ескерткіш авторы - Сыр еліне белгілі мүсінші Жәркен Исмайылов.

2 жыл бұрын (2010) Астанада қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының еңселі ескерткішінің ашылу рәсімі өтті.

Шараға Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов, Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысып, ұлы ақын ескерткішінін алдына гүл дестесін қойды. Осыдан кейін Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, ұлтымыздың рухани ағартушысы, халқына мәңгі өшпес мұра қалдырып, қазақ әдебиетін әлемдік деңгейде мойындатқан, майталман классигіміз Абайға тағзым ету біз үшін аса жоғары мәртебе екендігін баса айтты.

 Ескерткіштің ашылу рәсіміне арнайы келген  ұлы ақынның жиені, Абай қорының директоры Балтабек Ерсәлімов, «Абай қазақ халқының көсемі, қазақ халқының бет-бейнесі, қазақ халқының төлқұжаты. Бүгінгі егемен еліміздің бүкіл идеологиясы Абайдың өсиетімен, ақылымен, арманымен жүруі керек», деген пікірін алға тартты. Сонымен қатар ол ескерткіш көңілінен шыққандығын айтып, «нағыз Абай атамды өзінің халқыменен бірге келе жатқанын көргендей әсер де болдым», дейді.

Абай мен Бейбітшілік көшелерінде бой көтерген ұлы ақынның еңселі ескерткіші стилобат, постамент және мүсіннен тұрады. Монументтің жалпы биіктігі - 17,750 метр, ал Абай мүсінінің биіктігі - 7,550 метр. Мүсіндік композицияның барлық элементтері бір қалыпта әзірленіп, таза қоладан құйылған. Салмағы - 10 тонна. Ескерткіш авторы - алматылық мүсінші Болат Досжанов.

 Астана әкімдігінің таратқан ақпаратқа сәйкес, ақынның туған күніне орай жыл сайын ұйымдастырылатын Абай оқулары енді осы жерде өтетін болады.

ЕСІМДЕР

79 жыл бұрын (1933-1971) ұшқыш-ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры ПАЦАЕВ Виктор Иванович дүниеге келді.

Ақтөбе қаласында туған. Пенза индустрия институтын бітірген. Орталық аэрология обсерваториясында және конструкторлық бюрода жұмыс істеген. 1969 жылы ғарышкерлер отрядына қабылданған. 1969 жылы маусымның 6-30-ы күндері Г.Добровольский, В.Волковпен бірге «Союз-ІІ» ғарыш кемесімен және «Салют» орбиталық станциясымен сынақшы-инженер ретінде ғарышқа ұшқан. 23 тәулік 18 сағат 21 минут 43 секундқа созылған ғарыш сапарында орбиталдық станция жүйелерін тексеру бағдарламасы орындалып, ғылыми тәжірибелер жүргізілген. Ұшу жоспары аяқталып Жерге қону кезінде ғарыш кемесі кабинасының тұмшалылығының (герметикалығы) бұзылуына байланысты Пацаев және экипаждың басқа мүшелері қаза тапқан. Ғарышкер Қызыл алаңдағы (Мәскеу) Кремль қабырғасына жерленген. Ақтөбе қаласында қола мүсін орнатылған. Пацаев есімі Ай кратеріне, оқу орындарына, КСРО Ғылым академиясы ғылыми-зерттеу кемесіне, көшелерге берілген.

389 жыл бұрын (1623-1662) француз физигі, математик, философ және діни жазушы ПАСКАЛЬ Блез дүниеге келді.

128 жыл бұрын (1884-1976) қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның  еңбек сіңірген өнер қайраткері ӘЗІРБАЕВ Кенен дүниеге келді.

Жамбыл облысының Қордай ауданында туған. К.Әзірбаев - қазақ өнеріндегі сал-серілік және айтыскерлік дәстүрлерді үзбей, ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін жеткізген өнерпаз. Әкесі Әзірбай, шешесі Ұлдар да әнші, домбырашы еді. Әр жырды әуелі ата анасынан үйренген Кенен 11 жасынан домбыраға қосылып, өз жанынан өлең, ән шығара бастады. «Бозторғай», « Көкшолақ», «Бұлбұл», «Он алтыншы жыл», «Қайран елім», «Аттан» әндерін шығарып, «Әли батыр», «Қырғызбай» дастандарын жырлады. Қазақ, қырғыз арасындағы белгілі жиындарға қатысып,  айтысқа түсті, ән сайысына араласты. Мемлекет қайраткерлері О.Жандосов, Ж.Бәрібаев, Т.Бокин, тағы басқалармен таныс-біліс болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында мәдени-үгіт бригадасын құрып, ел аралап, халқымыздан шыққан батыр ұл-қыздарымыздың ерлігін, жеңісін жырлады. «Біз жеңеміз», «Сүйгенім-ай, күйгенім-ай», «Төрт батыр» сияқты көптеген өлең, жырлар шығарды. 50-70 жылдары бейбіт өмірді, республика табыстарын, замандастарын бейнелейтін өлең, терме, толғау дастандары туды. 150-дей  ән толғап, оның өлеңін жазды.

Оның әншілік, композиторлық болашағына әнші-жыршылардың, домбырашы-күйшілердің әсері зор болды.  Әсіресе, Жамбыл, Сарыбас, Балуан Шолақ, Шашубай сынды белгілі әнші-ақын, композиторлардан үлгі-өнеге алды. Ақын-композитордың «Бозторғай», «Көкшолақ», «Базар-Назар», тағы басқа әндері халық сүйіп айтатын мәңгілік рухани қазынаға айналды. К.Әзірбаев сондай-ақ Қарағанды кеншілерінің, Балқаш мыс қорытушыларының, Шымкент қорғасыншыларының, Каспий балықшыларының, Түрксіб  темір жол құрылысшыларының арасында болып, сол алып құрылыстардың жетістіктерін шабытпен жырлады.

Композитордың ән шығармашылығының негізгі тақырыбы - ел өмірі. Ол ел өміріндегі маңызды оқиғалар мен тарихи кезеңдерге әрқашан құлақ түріп, оған өз үлесін қосып отырды. Әзірбаевтің композиторлығы жайында Қазақстан өнер зерттеушілері  А.Жұбанов, Б.Ерзакович еңбектер жазды. 

Әзірбаев айтыс жанрына  ерте араласып, Шалипа, Ләтипа, Кенеқожа, Әбдіғали, Бопипа, Есдәулет ақындармен сөз жарысына түсті. Ол қазақ халқының айтыс өнерінің насихатшысы, осы өнерді кейінгі ұрпаққа жеткізуші тәлімгер-ұстаз да  бола білді. Оның «Шөпке барғанда», «Құдалар», «Әли батыр», «Қырғызбай», «Кенебай-Кербез», «Бұрынғы өткен батырлар», «Жалғыз қаз», «Жамбыл - жыр» атты толғау, дастандары бар. Бұл шығармалары - ақынның эпикалық дәстүрге құрылған көркем дүниелері. К.Әзірбаев халқымыздың ауыз әдебиеті нұсқаларын есінде мол сақтаған, оның айтуынан жазып алынған фольклорлық мұралар Қазақстан Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар орталығында сақтаулы.

Ол - жыр алыбы Жамбылмен жарты ғасырдай бірге жүріп, жаңа дәуірді асқақтата жырлаған замана жырауы. Бұған екі жүзден астам өлең, арнау, толғаулары айғақ. Бұл туындылары әлденше рет жинақ болып жарияланды.

1984 жылы ақынның 100 жылдық мерекесі өткізілді. Таңдамалы шығармаларының 2 томдығы және «Шырқа, дауысым», орыс тілінде «Песни гор и степей» кітаптары жарық көрді. Деректі кино-телефильмдер түсірілді.

Кенен Әзірбаевтің есімі Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Қасық орта мектебіне, Алматы қаласындағы бір көшеге, Жамбыл қаласындағы кинотеатрға берілген. Алматы консерваториясының және Шымкент мәдениет институтының үздік студенттері үшін Әзірбаев атындағы степендия берілген. Жамбыл облысында ақын ұзақ жылдар бойы тұрған мекен Кенен ауылы атанады. Онда К.Әзірбаевтің мұражай үйі жұмыс істейді.

«Еңбек Қызыл Ту», 2-і мәрте «Ленин», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.   

112 жыл бұрын (1900-1938) мемлекет қайраткері, жазушы ЖҮСІПБЕКОВ Хамза дүниеге келді.

Қарағанды облысының Нұра ауданыныда туған. Марксизм-ленинизм курсын бітірген.

1920-1922 жылдары Омбы, Ақмола губернияларында, Көкшетау уезінде жауапты қызметтер атқарған. 1922-1926 жылдары - БК(б)П Ақмола, Бөкей губерниялық комитеттерінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы. 1927-1932 жылдары - БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті бақылау комиссиясының алқа мүшесі және жауапты хатшысы. 1933-1937 жылдары - Қазақстан кәсіподақтар кеңесінің төрағасы, Қазақ АКСР әділет халық комиссары, коммуналдық шаруашылық халық комиссарының орынбасары, Марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институтының қазақ бөлімшесінің аудармашысы, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының директоры қызметтерін атқарған.

1925-1937 жылдары мерзімдік баспасөзде әдеби-сын мақалалары, әңгімелері, очерктері жарияланған. «Қарсақбай» атты кітабы жарық көрді. Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романын қазақ тіліне аударған.

Х.Жүсіпбеков 1937 жылы күзде «халық жауы» деген жалған айыппен тұтқындалып, ату жазасына кесілді.

62 жыл бұрын (1950) ҚР Президенті Әкімшілігінің Іс басқарушысы ҮМБЕТОВ Серік Әбікенұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Алматы мал дәрігерлік институтын бітірген.

Күрті ауданындағы «Желтораңғы» кеңшарының директоры, Кеген аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінің төрағасы қызметтерін атқарған. 1992-1999 жылдары - Күрті ауданының әкімі, Алматы облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, әкімі. 1999-2005 жылдары - Жамбыл облысының әкімі, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрі. 2005 жылдан - Алматы облысының әкімі. Қазіргі қызметінде - 2011 жылғы сәуірден бері. .

«Парасат» орденімен марапатталған. Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

56 жыл бұрын (1956) Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саясат жөніндегі консультативтік кеңес төрағасының орынбасары, шығыстанушы, тарих ғылымдарының кандидаты, саясаттану ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Әлеуметтану ғылымы академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы Саясаттану ғылымы академиясының академигі және вице-президенті СЫРОЕЖКИН Константин Львович дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Африка және Азия елдері институтын, КСРО Ғылым академиясы Қиыр Шығыс институтының аспирантурасын бітірген. 1986-1991 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Ұйғыртану институтының кіші, аға ғылыми қызметкері. 1991-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Шығыстану институты Қытай бөлімінің меңгерушісі. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері. 1997-1998 жылдары -«Kazakhstan» ақпараттық-талдау орталығыының бағдарламалар жетекшісі. 1998-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары. 2000-2005 жылдары - «Континент» журналы ақпараттық-талдау бөлімінің жетекшісі, «РR және саяси талдау орталығы» ЖШС-інің президенті, Тиімді инвестицияларды зерттеу агенттігі Сараптама орталығының басшысы, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкері қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2006 жылдан бастап істейді.

400-ден астам ғылыми еңбектің авторы.

46 жыл бұрын (1966) Лев Гумилев атындағы ұлттық Еуразия университетінің оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, Лев Гумилев атындағы ұлттық Еуразия университеті «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының Сұлтанбек Қожанұлы атындағы сыйлығының, Қазақстан Республикасы Президенті стипендиясының иегері ҚАМЗАБЕКҰЛЫ Дихан дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында туған. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика  университеті) бітірген. 1990-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері. 1996-2000 жылдары - Лев Гумилев атындағы Еуразия университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі. 2000-2001 жылдары - Лев Гумилев атындағы Еуразия университетінің аға ғылыми қызметкері. 2001-2004 жылдары - Қазақ ұлттық Музыка академиясы Тіл және әдебиет кафедрасының меңгерушісі. 2004-2005 жылдары - Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Гуманитарлық институтының директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2005 жылдан бастап істейді.

Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау жөніндегі Лингвистикалық комиссияның мүшесі, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның мүшесі, Әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның мүшесі, Республикалық Ономастика комиссиясының мүшесі, Астана қаласы Ономастика комиссиясының мүшесі, Қазақстан халқы Кіші ассамблеясының мүшесі, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Хабаршысының» (гуманитарлық серия) жауапты редакторы, «Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдары» ғылыми анықтамалығының жауапты редакторы. «Смағұл Сәдуақасұлы», «Руханият», «Алаш және әдебиет», «Пайым» атты монографиялардың, «Ағартушылық және әдебиет» оқу құралының, Жүсіпбек Аймауытовтың 5 томдығын, Смағұл Сәдуақасұлының 2 томдығын, Қошке Кемеңгерұлы таңдамалы шығармаларының, Қошке Кемеңгерұлының 3 томдығының авторы.

«Қазақтың Қошкесі», «Астана туралы бата», «Көздің қарашығындай» деректі фильмдері сценарийінің авторы. 450-ге жуық журнал мен газет мақалаларының, 150-ден астам теле-радио материалдарының авторы.

«Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы төс белгісімен марапатталған.

36 жыл бұрын (1976) «Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының, «Алтын Жұлдыз» сыйлығының, Қазақстан Республикасы Президентінің Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты БОҚАШ Ғалым Қабдулұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Пәкістанда, Үндістанда, Жапонияда еңбек өтілінен өткен. 1999-2001 жылдары - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің хинди және урду тілдерінің оқытушысы. 2000-2001 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газетінің халықаралық шолушысы, «Хабар» агенттігі» ЖАҚ-ының Пәкістандағы арнаулы тілшісі. 2001-2005 жылдары - «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ қоғамдық-саяси бағдарлама редакциясының жетекшісі, Ақпараттық-талдау бағдарламасының директоры және «Мезгіл» сараптамалық бағдарламаларының жүргізушісі, басқарма төрағасының орынбасары. 2005-2006 жылдары - Алматы қаласы әкімінің орынбасары. 2009-2010 жылдары - Ирандағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің кеңесшісі болған. 2010 жылдың сәуір айынан бастап Прагадағы (Чехия) «Свободная Европа-Радио Свобода» Радиосының Қазақ редакциясында қызмет атқарады.

«Хроника утраченного света» деректі фильмі сценарийінің авторы.

49 жл бұрын (1963) Риддер қаласының әкімі  САПАРГАЛИЕВ Манарбек Қадылғұмарұлы  дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген.

1988 - 1989 жылдар аралығында Алматы қаласы Фрунзе ауданының Мемлекеттік сақтандыру инспекциясының аға экономисі, 1989 - 1990 жылдар аралығында Алматы қаласы Фрунзе ауданының Мемлекеттік сақтандыру инспекциясы бастығының орынбасары - дамыту бөлімінің бастығы, 1990 - 1991 жылдар аралығында Алматы қаласы Фрунзе ауданының Мемлекеттік сақтандыру инспекциясы бастығының орынбасары, 1991 - 1992 жылдары Алматы қаласы Фрунзе ауданының Мемлекеттік сақтандыру инспекциясының бастығы, 1992 - 1996 жылдары Алматы қаласы №6217 Жинақ банкісінің Фрунзе бөлімшесі бастығының орынбасары, 1996 - 1997 жылдар аралығында «Арал» шипажайының вице - президенті, 1997 - 1999 жылдар аралығында Алматы қаласы әкімі аппаратының экономика жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, 1999 - 2001 жылдары Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімінің орынбасары, 2001 - 2005 жылдары Алматы қаласы мемлекеттік сатып алу департаменті директорының бірінші орынбасары, 2005 - 2006 жылдары Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімінің орынбасары, 2006 - 2007 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының әкімінің бірінші орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының әкімі, 2007 - 2008 жылдары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі қаржы басқармасының бастығы, 2009 жылы Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
2009 жылдың қазан айынан бастап Тарбағатай ауданының әкімі қызметіне тағайындалған.
2011 жылдың мамырынан Риддер қ. әкімі болып тағайындалды