19 мыңнан астам павлодарлық көлік салығын төлемеген
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында 147 мыңнан астам автокөлік иесі тіркелген. Олардың меншігінде 220 мыңнан астам автокөлік бар.
Қазіргі таңда 19 мыңнан астам автокөлік иесі көлік салығы бойынша жалпы сомасы шамамен 655 млн теңге қарыз болып отыр.
— Салықты уақытында төлемеген тұлғаларға 2 сәуірден бастап салық қарызы туралы хабарламалар жіберіледі. Сонымен қатар, әрбір кешіктірілген күн үшін айыппұл есептеледі. Хабарламаны алғаннан кейін салық төлеуші 30 жұмыс күні ішінде қарызын өтеуі қажет, — деп хабарлады өңірлік мемлекеттік кірістер департаментінен.
Мамандардың айтуынша, егер талап орындалмаса, автоматты түрде салық бұйрығы жасалып, салық төлеушіге жіберіледі. Оны 5 жұмыс күні ішінде орындау қажет. Ал бұйрық орындалмаған жағдайда жеке сот орындаушылары палатасына жөнелтіліп, өндіріп алу және қарызды мәжбүрлеп өндіру рәсімі жүргізіледі.
Жеке сот орындаушылары палатасы және полиция департаментімен бірлесіп, көлік салығы бойынша қарыздарды анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізіліп келеді. Былтыр 250 рейдтік іс-шара өткізіліп, нәтижесінде төлемнен жалтарып жүрген 3 196 салық төлеуші өз қарызын өтеген.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексіне сәйкес көлік салығын есептеу тәртібі өзгерді.