19 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде аптап ыстық болады
АСТАНА. KAZINFORM – 19 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланды. Синоптиктер найзағай, бұршақ, жел, +44 градусқа дейінгі аптап ыстық және өрт қаупінің жоғары деңгейі сақталатынын болжады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады.
Астанада 19 шілдеде күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Қарағанды облысының батысы мен солтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай болады, шығысында аздаған жаңбыр күтіледі. Оңтүстік-батыс және батыс желінің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Күндіз ауа температурасы +35…+37 градусқа дейін көтеріледі. Облыста жоғары, ал батысы мен солтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Ұлытау облысының батысында, солтүстігінде және шығысында аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік-батыс және батыс желінің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Күндіз +36…+39 градус аптап ыстық болады. Өңірде жоғары, ал оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Қызылорда облысында түнде аздаған жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз облыстың орталығында шаңды дауыл күтіледі. Солтүстік және солтүстік-шығыс желі секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Ауа температурасы +40…+44 градусқа дейін көтеріледі. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады.
Батыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз бұршақ түсіп, дауыл соғуы мүмкін. Солтүстік-батыс желінің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Облыстың оңтүстік-батысында жоғары, ал қиыр оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Маңғыстау облысының солтүстігінде, батысында және орталығында жаңбыр жауып, найзағай болады. Оңтүстігінде желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Күндіз облыстың оңтүстігі мен орталығында +38…+42 градус аптап ыстық күтіледі. Өңірде жоғары өрт қаупі сақталады.
Ақтөбе облысында түнде солтүстігінде, күндіз солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай болады. Кей жерлерде бұршақ түсіп, дауыл тұруы мүмкін. Батыс және солтүстік-батыс желінің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Облыстың батысы мен шығысында жоғары, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.
Павлодар облысының батысында, солтүстігінде және шығысында жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз оңтүстік желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.
Қостанай облысының батысында, солтүстігінде және шығысында жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз кей жерлерде қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл күтіледі. Түнде және таңертең облыстың батысы мен солтүстігінде тұман түседі. Оңтүстік-батыс желінің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Облыстың батысында, шығысында және орталығында жоғары, ал оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Атырау облысының солтүстігінде, шығысында және оңтүстік-батысында жоғары өрт қаупі сақталады. Оңтүстігінде жоғары өрт қаупі күтілсе, солтүстік-батысында төтенше өрт қаупі сақталады.
Шығыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде және шығысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Бұршақ түсіп, дауыл болуы мүмкін. Желдің бағыты оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысып, екпіні секундына 23 метрге дейін жетеді.
Абай облысының батысында, солтүстігінде және орталығында күндіз жаңбыр жауып, найзағай болады. Кей жерлерде бұршақ түсіп, дауыл соғады. Солтүстік-батыс және солтүстік желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетеді. Күндіз +36…+38 градус аптап ыстық болады.
Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз облыстың оңтүстігі мен шығысында бұршақ түсіп, дауыл соғуы мүмкін. Түнде және таңертең батысы мен солтүстігінде тұман күтіледі. Шығыс желінің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Облыстың оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Ақмола облысының батысында, солтүстігінде және шығысында түнде, ал күндіз өңірдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай болады. Батысы мен солтүстігінде күндіз қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл күтіледі. Түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі. Оңтүстік-батыс және батыс желінің екпіні секундына 15-20 метрге дейін, күндіз 23 метрге дейін жетеді.
– 19-20 шілде күндері Жетісу облысындағы Алакөл көлдері ауданында солтүстік-шығыс желі секундына 15-20 метрге дейін күшейіп, екпіні 23-28 метрге жетеді, – деп ескертті «Қазгидромет».