1942 жылы бір сыныптан 20-ға тарта балаң жігіт Отан қорғауға аттандық -Балташ Сейітов
Сол бір аласапыран уақытта ер азаматтардың барлығы дерлік соғыс майданына аттанып кеткен. Ауылдың бас көтерері 17 жасар өзі болғандықтан оған ауылдық кеңесті басқару жауапкершілігі сеніп тапсырылады. «Мектепті толыққанды білім алып аяқтап шықпаған маған төрт ұжымшарды біріктіріп отырған кеңеске басшылық жасау жүгі ауыр еді. Алайда ауыртпалықтың «көкесі» кейін басталды. Күнделікті хат-хабармен әр үйді аралау, «қара қағаз» тапсыру менің міндетім. Үйге сәлемдесіп келіп, суыт хабарды жеткізуден артық қасырет жоқ шығар. Ақсақалдарды қасыңа ертіп, ауыртпалықты жеңілдеткендей боласың. Одан не қайыр», -деп еске алады Бәкең бүгінде. Келер жылдың тамызында бұл «азаптан» құтылып, Отан алдындағы борышын өтеуге замандастарымен бірге ол да жолға шықты. Жолшыбай жас жасақтармен толысып отырған эшелон Свердловск қаласына айжарым уақыт жүрген. Оқу-жаттығудан соң Ленинград майданына жол тартқан. Одан 105-шы полкке ауыстырылып, Нева жағалауындағы қаланы қорғау міндеті сеніп тапсырылған. Ладога көлі арқылы өтетін «өмір жолы» Балташ сияқты тепсе темір үзетін жігіттердің құзырында болып, жауымен күні-түні арпалысуға тура келген. Жеңіс жолында жігерлене түскен кеңес әскерлері неміс басқыншыларының бетін қайтарып, тықсыра түскен. Балтық жағалауы елдерін азат етуге қатысқан Балташ Сейітовтер Латыш астанасы Рига қаласының тұрғындарына бақыт таңын сыйға тартты. Артынша полк Беларус майданында жаумен арпалыстарын жалғастырып кеткен. Бұл бағытта Гродно, Барановичи қалаларының тұрғындары оларды гүл шоқтарымен қарсы алып, бейбіт күнді сыйлағандарына алғыстарын жаудырып, қолдан келген сыйларын ұсынысқан. «Мұндай сәтеттерде кешегі ұйқысыз түнің, тәулік бойы нәр татпауың, қатарыңның ойсырап жатқанын бір мезетте ұмытқандай боласың», - деп еске алады қарт жауынгер.
1945 жылдың басында полк жан бермей беріспеуге ниеттенген жау құрамын шегіндіре отырып, Польша жеріне аяқ басты. Жуковтың басшылығымен Беларус майданында Варшаваны алып, полк Одерден жеңіспен өткен. Қантөгіс шайқас сәуірдің 28-де Берлин түбіне жеткенде одан бетер өрши түскен. Мамырдың 2-де жерлесіміз Рақымжан Қошқарбаев рейхстагқа Жеңіс туын тігіп, әлемге соғыстың аяқталғандығын паш еткен. Жауынгердің айтуынша, сол күннен бастап Берлиндегі әр үйдің терезесінен ақ жалау желбіреп, шаһар бейне бір ақ түске боялғандай көрініс берген. Балташ Сейітовке маршал Жуковтың капитуляцияға қол қоюы кезінде күзет құрамындағы қорғаныс шебінде болуға тура келген. Атап өтер жәйт, өзі әскери міндетін атқарып жүрген полк Берлинді азат етуге қатысқаны үшін Жауынгерлік Қызыл Жұлдыз орденімен, ал рейхстагқа Жеңіс туын тігу кезінде көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды.
Алайд ол үшін ел тыныштығы жолындағы жауынгерлік қызметі соңғы бес жыл бойы жалғасып жатты.Азат етілген әр елді мекендерде, әрбір үйде, жеке қоныстарда, жер төлелерде жасырын жүрген неміс солдаттарын қолға түсіру міндетін атқаруға тура келеді. Сондай бір әскери шара барысында неміс адмиралын тұтқындап, құзырлы орынға тапсырады. Ол турасында 1945 жылғы мамырдың 25-де «Сталинский воин» әскери газеті хабардар еткен. Келесі бірде Махноның әйелі мен қызының туған жеріне өтуіне себепкер болғанын әңгімелейді. Босқындар Францияда түрмеде болып, жаңада бостандыққа шығып, елдеріне бет алған көрінеді.
1950-ші жылы аға сержант Балташ Сейітов үшін сегіз жылдық әскери қызмет аяқталып, туған еліне оралады. Сарыла күткен Рәш Сәниқызымен отау құрып, бақытты тұрмыс кешті деуге болады. Бүгінде үй-іші төрт ұлы мен екі қызы, келіндері мен күйеу балалары, 12 немересі мен 3 шөбересі келгенде бейне бір ауыл көшіп келгендей болады. Мұндай той-думанның қадірлі қонағы, кей сәтте басқарушысы, әрине қарт жауынгер Балташ Омарұлының өзі болып отырады. Тоқсанды алқымдап қалған қария әлі де тұғырдан таяр емес. Бейбіт жылдары партия қызметінде шыңдалып, өндірістің бел ортасында болып шыныққан, тәжірибелі ұстаз.
Енді міне, Мәскеуде өтетін Ұлы Жеңістің 65 жылдық салтанатына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Қарт майдангер оларға жасалып отырған осындай қамқорлыққа алғысын білдіреді. Елбасының Жарлығымен омырауына Жеңістің 65 жылдық мерекелік медалі қадалды, әлеуметтік көмек көрсетіліп, денсаулығын жақсартуға жағдай қарастырылған.
«Тәуелсіз елдің бақытты бір мүшесі ретінде өмір сүруге де құқылы емеспін бе», - дейді ол сөз арасында ақ жүрегінен ақтарыла.