2 айда 20 мың оқырман жинадым — Зейнет жасында блог бастаған ана
АСТАНА. KAZINFORM — Қартайған шақта да армандауға, саяхаттауға, жаңа дүниені үйренуге және қуанышқа бөленуге болады. Қазір әлеуметтік желіде де жастарға көрген-білгенін үйретіп, өнеге көрсетіп жүрген жандар аз емес.

Солардың бірі — 55 жасында блогерлікке қадам басқан Зәмзәгүл Нұртаева.
— Шынымды айтсам, блогер болу ойымда жоқ еді. Бірақ қызым үнемі «Анашым, сіздің қолыңыздан бәрі келеді. Неге парақшаңызды жүргізбейсіз?» дейтін. Ал мен қысылып, ұялып жүрдім. Сол қызымның қолдауымен блогерлікке жол бастадым. Құдайға шүкір, оқырмандарым көп. 2 айдың ішінде 20 мыңға жуық адам жазылды. Көшеде кездескенде де мені қолдап, қолпаштап отырады. Рақметтерін айтады. Соның өзі мен үшін қуаныш сыйлайды, — дейді блогер Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген онлайн сұхбатында.
Зәмзәгүл Нұртаева өзінің ас үйде жүріп жинаған тәжірибесін оқырмандарымен бөліседі.
— Қазір үйде отырғаннан кейін блогымды мал шаруашылығы мен аспаздық бағытында жүргіземін. Қолымнан келетін нәрсенің бәрін саламын. Ол — өзімнің күнделікті күйбең тірлігім. Өмір бойы ас үйде жүріп жиған тәжірибемді қазір көрерменнің назарына ұсынып жатырмын. Ерекше сезімдемін. Видеолардың бәрін қызым түсіреді. Өзі бастан-аяқ көмектеседі, — дейді ол.
60-қа таяған шағында жаңа іс бастаған Зәмзәгүл апаны алғашында туыстары түсінбепті.
— Туған-туысқандарым басында «Қалай блогер болдың?» деп күлді. Арасында қолдаушылар да болды. Қызым мектептен «Мама, сені сыныптың балалары айтып жатыр. Анаңыз блогер болыпты ғой», — деп қуанып келеді. Балаларымның қуанғанының өзі — үлкен жетістік, — дейді Зәмзәгүл Нұртаева.
Кейіпкеріміз блогында әлі күнге енесімен бірге тұратынын айтқан. Екі арадағы сыйластықты сақтау үшін сабырлық керек дейді ол.
— Енеммен бірге тұрғаныма 30 жылдан асты. Ең бірінші айтарым — сабырлық пен төзімділік керек. Күніге енемнің жағдайын жасап, таңертеңнен тамағын беремін. Ол кісі — менің сырласым, ақылшым, тіпті құрбыма айналып кетті. Білмегендерімді енемнен сұрап отырамын, ол да бар білгенімен бөлісіп, бағыт-бағдар беріп отырады. Енемді қатты жақсы көремін, — дейді блогер.
Ақ жаулықты ана қазақстандықтарды Қарттар күнімен құттықтады.
— Қарттар күні құтты болсын! Өзімнің анам да 90 жаста. Ал қолымдағы енем — 80 жаста. Ақ жаулықты аналарымыз аман, дендері сау болсын. Аспанымыз ашық, заманымыз тыныш болсын, — деп түйіндеді ана.
Айта кетейік, Бүгін әлем Қарттар күні мерекесін атап өтіп жатыр. Мерекеге орай елімізде қарттарды әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған.