2 қараша. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 2 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь
Фото: Kazinform

71 жыл бұрын (1952) Қазақстан Республикасы Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Дулат Рашитұлы ҚҰСДӘУЛЕТОВ дүниеге келді.

Ақмола облысы Макин ауданының Еркіндік ауылында туған. 1992 жылы Мәскеу заң институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша аяқтады.

Еңбек жолын 1975 жылы Целиноград қаласында бастады. 1975-1994 жылдары Целиноград қаласы облыстық әкiмдiгiнiң аппаратында әртүрлi қызметте жұмыс істеді. 1996-2000 жылдары Ақмола облысы прокуратура органдарында қызмет атқарды. 2000-2001 жылдары ҚР Бас прокуратурасында әр түрлі лауазымдарда болды. 2001-2005 жылдары ҚР Бас прокуратурасының мемлекеттiк органдары қызметiндегi заңдылықты қадағалау департаменті бастығының орынбасары. 2005-2013 жылдары – ҚР Әділет министрінің орынбасары. 2013-2019 жылдары – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі.

Қазіргі қызметін 2019 жылғы қыркүйектен бері атқарады.

«Құрмет» орденімен (2006 ж.), «Прокуратура озаты» 2-санатты төс белгісімен (2002 ж.), «Қазақстан темір жолына 100 жыл» (2004 ж.), «Астананың 10 жылдығы» (2008 ж) медальдарымен марапатталған.

61 жыл бұрын (1962) авиация генерал-майоры, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің бұрынғы қолбасшысы Алсай Төлеуұлы ЖҰМАНОВ дүниеге келді.

Жамбыл облысының тумасы. 1985 жылы Ставрополь жоғары әскери авиация училищесінің ұшу факультетін бітірген. Сол уақыттан бері ол КСРО-ның әртүрлі гарнизондарында, соның ішінде Курил аралдарында қызмет етті. КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстанға оралды. Қазақстандағы алғашқы қызмет орны – Луговая аэродромы. 2003 жылы Ю.А. Гагарин атындағы Әскери-әуе академиясын бітірген. Ол Луговская авиабазасының командирі, содан кейін Қарағандыда Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров атындағы авиабазаның командирі болып тағайындалды.

Снайпер ұшқыш авиациялық техниканың әртүрлі типтегі ұшақтарында 1500 сағаттан астам уақыт ұшты. Ол Л-29, Л-39, МиГ-21, МиГ-23, МиГ-29, МиГ-31 ұшақтарын меңгерген.

2005 жылы Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының Әскери-әуе күштері бойынша орынбасары болып тағайындалып, 2010 жылы 5 мамырда авиация генерал-майоры әскери атағы берілді.

2011-2013 жылдары Мемлекет басшысының Өкімімен ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы болып қызмет атқарды.

II дәрежелі «Даңқ» орденімен (2012), медальдармен марапатталған.

51 жыл бұрын «ForteBank» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Елдар Советұлы ӘБДІРАЗАҚОВ дүниеге келді.

Жамбыл облысында дүниеге келген. Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша үздік бітіріп (1995), оқуын университеттің магистратурасында жалғастырды. 1996 жылы «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша ғылым магистрі академиялық дәрежесін алды. 2010 жылы Гарвард бизнес-мектебінің (АҚШ) басшыларына арналған бағдарламаны табысты аяқтады.

Еңбек жолы: 1995-1998 жылдары «Казкоммерцбанк» АҚ халықаралық басқармасында 1-санатты маманнан басқарма бастығының орынбасарына дейінгі қызмет сатысынан өтті - «Казкоммерцбанк» АҚ Халықаралық капитал рыноктары басқармасының бастығы, Инвестициялық банкинг департаментінің директоры болып қызмет еткен. 1998-2002 жылдары «Казкоммерцбанк» АҚ басқарушы директоры қызметін атқарды.

2002-2004 жылдары – «Казкоммерц Секьюритиз» ААҚ бас директоры, 2004-2007 жылдары – «Сентрас Секьюритиз» АҚ бас директоры, 2004 жылдан – «Сентрас Капитал» ЖШС бас директоры. 2019-2021 жылдары – «ForteBank» АҚ тәуелсіз директоры, 2021 жылдан – «ForteBank» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы.

«ABN AMRO Asset Management» АҚ, «Meridian Capital» компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі; «Kazkommerts Policy» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы; «Қазақтелеком» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі (09.2003); «AIFRI» «Сентрас венчурлық қоры» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі (05.2005); «Сентрас венчурлық қоры» АИФРИ» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, «Коммеск-Өмір» сақтандыру компаниясы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы (07.2010); «Қазақстан қор биржасы» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі (05.07.2012 ж.), Бюджет және стратегиялық жоспарлау жөніндегі директорлар кеңесі комитетінің мүшесі (08.06.2017, 08.06.2021); ҚР Президенті жанындағы Ұлттық инвесторлар кеңесінің мүшесі (12.10.2019 бастап); «Сентрас Коммеск Life» адам өмірін сақтандыру компаниясы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы (27.03.2020 ж. бастап).

«Құрмет» орденімен марапатталған.

40 жыл бұрын (1983) Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Алмаз Серікболұлы ЫДЫРЫСОВ дүниеге келді.

Қарағанды қаласында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген (2005).

Еңбек жолын 2003 жылы жол жұмысшысы болып бастады. 2005-2006 жылдары — «Қазақавтожол» ЖШС техникалық-өндірістік бөлімінің жетекші маманы. 2006-2014 жылдары — ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің құрылымында қызмет етті. 2014-2016 жылдары — «Қазавтожол» АҚ Солтүстік Қазақстан филиалы директорының орынбасары. 2016-2019 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің құрылымында басшылық лауазымдарда болды. 2019-2022 жылдары — ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары – ҚР бас мемлекеттік құрылыс инспекторының орынбасары. 2022 жылы ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасы – ҚР бас мемлекеттік құрылыс инспекторы болды, 2022-2023 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың тамыз айынан бері атқарып келеді.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған (2019).

46 жыл бұрын (1977) Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Азамат САТЫБАЛДЫ дүниеге келді.

Жамбыл облысы Мерке ауданы Тұрар Рысқұлов ауылында дүниеге келген. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын театр және кино актер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2000 жылдың маусым айында Қостанай облыстық қазақ драма театрында әртіс болып бастады. 2001-2018 жылдары М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында актер болып қызмет атқарды. 2013-2018 жылдары «Қазығұртфильм» ЖШС кадр және шығармашылық жұмыс жөніндегі атқарушы директоры болды. 2018-2022 жылдары Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры лауазымын атқарды.

2022 жылдың ақпанынан бастап осы уақытқа дейін Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарды.

182 жыл бұрын (1841-1889) қазақтың аса көрнекті ағартушы педагогі, жазушы, этнограф, фольклоршы Ыбырай АЛТЫНСАРИН (шын аты - Ибраһим) дүниеге келді.

Туып-өскен жері – Қостанай облысының Қостанай ауданы Арқарағай ауылы. Осы өңірде Тобыл өзенінің жағасынан топырақ бұйырған. 1850 жылы Орынбор шекара комиссиясының қазақ балалары үшін ашқан мектебіне оқуға түседі. Мектепті бітірген соң, Орынбор шекара комиссиясында әскери старшина болып қызмет атқаратын үлкен әкесі Балғожа Жаңбыршыұлының хатшысы болады (1857-1859). Орынбор облыстық басқармасында тілмаштық қызмет атқарады. 1860 жылы Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балалары үшін мектеп ашу тапсырылады, әрі сол мектепке орыс тілінің мұғалімі болып белгіленеді.

Тікелей өзінің араласуымен халықтан жинаған қаржыға мектеп үйін және интернат салып, 1864 жылы 8 қаңтарда мектептің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашады. Ұстаздық-ағартушылық қызметке қоса Ыбырайға басқа да жұмыстарды атқару жүктеледі. Орынбор генерал-губернаторының тікелей тапсырмасы бойынша Торғайда төрт рет уездік судья болып (1868-1874), Торғай уездік бастығының аға жәрдемшісі (1876-1879) лауазымын атқарады. Ыбырай инспекторлық қызметке кіріскен соң оқу-ағарту жұмыстарын одан әрі жандандырып, Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде бір-бірден екі кластық орыс-қазақ мектептерін ашады. Оларды қажетті кітаптармен жасақтайды. Әсіресе, елдің көшпелі өмір салтын ескеріп, Ресейдің халық ағарту жүйесіне жаңа үлгілі білім беру тәсілін ұсынады. Нәтижесінде, 1888 жылы 10 сәуірде Орскіде бастауыш мектептер үшін қазақ жастарынан оқытушылар даярлайтын мұғалімдер мектебі ашылады. Ыбырай мұнан әрі қазақ жастары арасынан экономика, ауыл шаруашылығы, қолөнер кәсіпшілігі салаларына қажетті мамандар даярлайтын училищелер ашуға көп күш жұмсайды. Тіптен, Қостанайдан ашылатын ауылшаруашылық училищесіне өзінің иелігіндегі жерін беретіні туралы өсиет қалдырады. Ыбырайдың қазақ қыздары үшін Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде мектеп-интернат аштыруының тарихи мән-маңызы зор болды. Ыбырай орыс-қазақ мектептері үшін арнаулы оқу құралдарын шығару қажет деп санады.

Оқыту әдістерін жаңа бағытта құрды, оқуға деген баланың ынтасы мен қызығушылығын арттыруды көздеді, оқуды ана тілінде жүргізді. Мектеп оқуында, әсіресе, ана тіліне үйретуде К.Д. Ушинскийдің ойларына жүгінді. Қазақ балаларының таным-түсінігіне лайықты оқу-әдістемелік құралдар жазды. Ол орыс-қазақ училищесінде К.Д. Ушинскийдің «Балалар дүниесін», Л.Н. Толстойдың «Әліппе және оқу құралын», Д.И. Тихомировтің «Грамматиканың қарапайым курсын» оқу құралы ретінде ұсынды. Ыбырайдың пікірінше, мектептерге арналып жазылатын оқу кітаптары өзінің идеялық мазмұны және нақты материалдары жағынан ана тілінің және халық даналығының бай қазынасына негізделуге тиіс болды.

1879 жылы оның «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулығы және дидактикалық оқу мәселесі жөнінде «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» жарық көрді. Бұл екі кітап та қазақ балаларын кириллица негізінде оқытуға арналған тұңғыш оқу құралдары болды. Ыбырай жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетінің қалыптасуына қомақты үлес қосқан. Ол қазақ жастарын ең алдымен оқу, өнер-білім, техниканы игеруге шақырады («Оқысаңыз, балалар, Шамнан шырақ жағылар. Тілегенің алдыңнан, Іздемей-ақ табылар»). Автор оқу-білімнің тек ізденіс, еңбекпен табылатынына мән берді. Бұған инемен құдық қазғандай ыждағаттылық, талап пен сабырлылық қажет екенін ескертеді. Ал оқымаған надандарды ақын аз ғана сөзбен сынап, олардың ақ, қараны айырмайтын көрсоқыр екенін айтады («Оқымаған жүреді, Қараңғыны қармалап. Надандықтың белгісі - Еш ақылға жарымас»). Оқу, білімнің пайдасы қандай, ол неге керек деген мәселеге келгенде, оның өмір үшін, болашақ үшін қажет екенін талдап көрсетеді («Ата-енең қартайса, Тіреу болар бұл оқу. Қартайғанда мал тайса, Сүйеу болар бұл оқу»).

Жастарды өнер-білім, техниканы игеруге үндеу ақынның «Өнер-білім бар жұрттар» деген өлеңінде өз жалғасын тапқан. Ол өнер-білімі жетілген елдердің артықшылығы қандай, олар сол өнерімен нені игеріп отыр, ертеңгі өмірдің талап-тілектері не секілді күрделі мәселелерді жастар алдына көлденең тарту арқылы оларға ой тастап, өнер-білімді батыл игеруге шақырады («Адамды құстай ұшырды, Мал істейтін жұмысты, От пен суға түсірді. Отынсыз тамақ пісірді, Сусыздан сусын ішірді»). Ыбырай сондай-ақ К.Д. Ушинский, Л.Н. Толстой, И.А. Крылов, И. Паульсон шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап, қазақ әдебиетінде көркем аударма жанрын қалыптастырды. Қазақстан Үкіметінің 1989 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен Ыбырай Алтынсаринның 150 жылдығына орай мерейтойы өткізіліп, ұстаздың мұраларына арналған ғылыми, тарихи, педогогикалық еңбектер жарық көрді. Арқалық қаласында Ыбырай мұражайы ашылды.