2 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 2 қазан. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 2 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.
2 қазан. БЕЙСЕНБІ
Гвинея Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1958). Гвинея - Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Гвинея-Бисау, Сенегал және Малимен, шығысында және оңтүстік-шығысында Кот-д'Ивуармен, оңтүстігінде Либерия, Сьерра-Леонмен, батысында Атлант мұхитымен шектеседі. Астанасы - Конакри қаласы. Ресми тілі - француз тілі. Ақша бірлігі - сили. Елді президент басқарады. Заң шығарушы органы бір палаталы парламент.
Қазақстан Республикасы мен Гвинея Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 6-сында орнатылды.
Бүкіләлемдік ауыл шаруашылығы жануарларының күні.
Бұл мереке 70 жылдан аса уақыттан бері аталып келеді. Көптеген елдерде табиғат қорғау ұйымдарының бастамасымен үй жануарларына қамқорлықпен қарау мәселесіне байланысты көптеген заңдар қабылданды. Содан бері өркениетті елдерде үй жануарлары отбасы мүшесі ретінде есептеледі. Олар да жақсы тамақ ішіп, медициналық көмекке құқығы, тіпті мейрамдары бар.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
2 3 жыл бұрын (1991) ғарышқа ұшпай тұрып-ақ Кеңес Одағының Батыры атанған жерлесіміз, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров КСРО ғарышкер-ұшқышы Александр Волков, Австрия Республикасының азаматы Франц Фибек үшеуі «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ғарышқа аттанды. Сонымен қатар осы күні Елбасы Н.Назарбаев Байқоңыр ғарыш айлағынан республиканың Ұлттық аэроғарыштық агенттігін құру туралы жария етті.
2 1 жыл бұрын (1993) Алматыда «Қазақстан халықтарының бірлігі» одағының 1-ші съезі өтті.
7 3 жыл бұрын (1941) Мәскеуді жаулауға арналған гитлерлік жоспар - «Тайфун» операциясы басталды. Гитлер әскерлеріне «үш жарым айда, қыс түспей жатып, жауды жеңеміз. Барлық дайындық аяқталды. Бүгін бұл жылдың ең шешуші соғысы болады» деп хабарлаған болатын. Екі айдан соң Мәскеу түбінде кеңес әскерлерінің қарсы шабуылына ұшыраған ол, енді Мәскеуді жоюды емес, өз армиясын аман алып қалуды ойлады. 5 8 жыл бұрын (1956) Нью-Йоркте өткен көрмеде алғашқы атом сағаты көрсетілді.
3 4 жыл бұрын (1980) Целиноград қаласында тың және тыңайған жердің 25 жылдығына орай (қазіргі Астана) Қазіргі заманғы өнер мұражайы ашылды. Алғашқы 500 шығармалар топтамасын Алматы қаласында өткен «Жер және адам» атты Бүкілодақтық көрме сыйға тартты. Бүгінгі таңда, мұражайда Қазақстан, Ресей және ТМД елдері шеберлерінің 3 000-нан астам өнер туындылары бар.
1 4 жыл бұрын (2000) «Ames Laboratory» атты американдық үкіметтік ұйымның ғалымдары қаттылығы алмастан ғана төмен жаңа өте қатты материалды жасап шығарды.
5 жыл бұрын (2009) Қазақстан ашық дауыс беру жолымен 2 жыл мерзімге Стандарттау жөніндегі халықаралық кеңеске сайланды.
Қазақстанның кандидатурасы ИСО Кеңесіне АҚШ, Жапония, Израиль, Австрия, Польша, Оңтүстік Африка Республикасы және тағы басқа елдердің аттарынан ұсынылды. «ИСО Кеңесінің жұмысына атсалысу біздің елімізге және орталықазиялық өңірдің барлық еліне халықаралық стандарттау саласындағы стратегияларды талдауға және қалыптастыруға, жаһандық мәселелерді шешуге қатысты өз идеяларын ұсынуға мүмкіндік береді».
Ұйым 700-ден астам халықаралық ұйыммен ынтымақтастықта және әлемнің 162 елінің басын қосып отыр. Ал ИСО Кеңесіне 18 ел кіреді.
ЕСІМДЕР
9 1 жыл бұрын (1923-1986) жазушы, қазақ әдебиетінде шырғалаң оқиғалы детектив жанрының негізін қалаушы, Ұлы Отан соғысының ардагері ТОҚАЕВ Кемел дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1948-1984 жылдары Жамбыл облыстық газетінде қызметкер, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде жауапты хатшы, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде редактор, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ведомстволарының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметтерін атқарған. Соғыс тақырыбы мен қазақтың құқық қорғау органдары қызметкерлері өміріне арналған «Тасқын», «Болашақ туралы ойлар», «Көмескі із», «Түнде атылған оқ», «Таңбалы алтын», «Жұлдызды жорық» атты повестер жинақтары, «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» романдары жарық көрген. Сонымен қатар «Қыс қарлығашы», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Шоқ Жұлдыз» шығармаларының авторы. Тоқаев - детектив жанрында «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?», «Сиқырлы сырлар» атты пьесалар жазған. Бірқатар шығармалары шетел тілдеріне аударылған.
1-, 2-дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
6 6 жыл бұрын (1948) актер, режиссер, профессор, Қазақстанның халық әртісі ЖАМАНҚҰЛОВ Тұңғышбай Қадырұлы (әл-Тарази) дүниеге келді.
Жамбыл облысының Байзақ ауданында туған. Алматы өнер институтының (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) актерлік факультетін бітірген. Актерлік өнер жолын студенттік кезінен Қазақ драма театрында бастады. 1993-2001 жылдары осы театрдың директоры әрі көркемдік кеңесінің төрағасы болды. Қазақ драма театры сахнасында Бейсенбай (Қ.Мұқашев «Дала дастаны»), Арыстан (Қ.Мұхамеджанов «Бөлтірік бөрік астында»), Бақтығұл (Қ.Ысқақов «Таңғы жаңғырық»), Мырзахмет (Т.Ахтанов «Жоғалған дос»), Демесін (Д.Исабеков «Кішкентай ауыл»), Көтібар, Сырым (М.Әуезов «Айман-Шолпан», «Қарагөз»), Жалмұхан (Ғ.Мүсірепов «Ақан Сері -Ақтоқты»), Абылай хан (Ә.Кекілбаев «Абылай хан», М.Байсеркенов «Абылайдың ақырғы күндері»), Әбутәліп (Ш.Айтматов «Ғасырдан да ұзақ күн») рөлдерін сомдады. Бұл рөлдерде ұлттық және әлемдік театр мектептерінің дәстүрін терең меңгерген, диапазоны кең актер екенін танытты. Еліміздің кино өнерінің дамуына да елеулі үлес қосып, Чекист («Отқа оранған Орал»), Тәңірберген («Қан мен тер»), Әбілқайыр («Жаушы»), Оразмерген («Ақырғы аманат»), Болат («Тарғыл қауын»), Әзімхан («Қаралы сұлу»), Қайырхан («Отырардың күйреуі»), Құнанбай («Жас Абай») бейнелерін өзіне тән ерекше шеберлікпен сомдап шықты. «Отырардың күйреуі» фильміндегі Қайырхан рөлі үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Режиссер ретінде К.Гоццидің «Турандот ханшайым», М.Ғапаровтың «Тұзды шөл», Қ.Шахимарданның «Томирис» пьесаларын сахнаға шығарып, бүгінгі заманның отандық театр өнерінің деңгейін көтеруге үлес қосты. Ол 1974 жылдан педагогикалық қызметпен шұғылданып, Қазақ драма театры жанындағы студияда, Алматы мемлекеттік университетінде дәріс оқыды. 1979 жылдан Қазақ ұлттық өнер академиясында актерлік шеберлік бойынша сабақ беріп, жеке курс жүргізеді.
70 жыл бұрын (1944) баскетболшы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері ЖАРМҰХАМЕДОВ Әлжан Мүсірбекұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған.1970-1974 және 1976-1980 жылдар аралығында КСРО-ның, 1972 жылы Мюнхендегі (Германия), 1980 жылы Мәскеудегі (Ресей) Олимпиадалық ойындарының, 1967, 1971 және 1979 жылдары Еуропаның чемпионы.
«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
8 8 жыл бұрын (1926-1983) кинорежиссер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері ҚАРСАҚБАЕВ Абдолла дүниеге келді.
Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Мәскеу қаласындағы мемлекеттік кинематография институтын бітірген. 1947-1983 жылдары «Қазақфильм» студиясында режиссер болып «Ана мен бала», «Егер біздің бәріміз де...», «Қанатты сыйлық», «Ботагөз» атты көркем фильмдерді қоюға қатысты. Тарихи тақырыпқа «Қилы кезең», «Даладағы қуғын» секілді фильмдерді, «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Менің ағам», «Қатарыңнан қалма», «Оу, ковбойлар», «Алты жасар Алпамыс», «Балалық шақтың кермек дәмі» көркем фильмдерін, сонымен қатар «Қазақ халқының қолөнері», «Торғай шеті», «Черкасск қорғаны», «Ақтөбе», т.б. деректі фильмдер қойған.
6 8 жыл бұрын (1946-2003) ақын, аудармашы СТЕПАНОВА Лидия дүниеге келді.
Ресейдің Ленинград облысында туған. М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. 1978 жылдан бастап «Жалын» баспасының редакция меңгерушісі болған. Ол қазақ ақыны Т.Әбдірахманованың, неміс ақындары Н.Пфеффердің, Г.Генкенің өлеңдерін аударып, жеке кітап етіп шығарған. Сонымен қатар Б.Нұржекеевтің «Күтумен өткен ғұмыр» атты романын орыс тіліне аударған.
5 8 жыл бұрын (1956-2000) ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі БАЙМҰҚАНҚЫЗЫ Ботагөз дүниеге келді.
Ақтөбе облысының Байғанин ауданында туған. Орал қаласындағы А.Пушкин атындағы педагогикалық институтты бітірген. Ақынның шығармалары облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып тұрады. «Бес қоңырау», «Мәңгі көктем», «Наздәурен», «Ғұмыр Дария» атты жыр жинақтары жарық көрген.
6 3 жыл бұрын (1951) танымал ағылшын әншісі, композитор СТИНГ (шын аты-жөні Гордон Мэттью) дүниеге келді.
9 4 жыл бұрын (1920-1982) Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, концертмейстер, скрипкашы, педагог КОГАНИосиф Бенцинович дүниеге келді.
Молдованың Кишинев қаласында туған. Кишиневтің «УНРЯ» жеке меншік консерваториясын және Алматы консерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген.
1940-1942 жылдары Молдаван филармониясының симфониялық оркестірінің скрипкашысы және концертмейстері қызметін атқарды. 1942 жылдан Қазақ филармониясының солисі. 1954-1982 жылдары Алматы консерваториясында ұстаздық (1967 жылдан доцент) етті. Ол Қазақстанның скрипка ойнау мектебінің қалыптасуына, музыкатану саласына елеулі үлес қосты. Оның «Қазақстанның музыка өнері», «Қазақстан скрипка өнерінің дамуы», «Қазақ музыкасы тақырыбына арналған скрипкалық пьесалар жинағы», т.б. еңбектері бар. Сондай-ақ, скрипкашы ретінде жеке бағдарламамен концерттер берді. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. Гастрольдік сапармен еліміздің көптеген қалаларында болды.
16 2 жыл бұрын (1852-1916) ағылшын химигі, Нобель сыйлығының лауреаты Уильям РАМЗАЙ дүниеге келді.
14 5 жыл бұрын (1869-1948) Үндістан ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі және идеологы Мохандас Карамчанд ГАНДИ (Махатма ГАНДИ) дүниеге келді.
100 жыл бұрын (1914-1983) Бүкілодақтық радионың дикторы, КСРО халық әртісі ЛЕВИТАН Юрий Борисовичдүниеге келді.
6 1 жыл бұрын (1953) Сьерра-Леоне президенті Эрнест Бай КОРОМА дүниеге келді.
5 9 жыл бұрын (1955) кескіндемеші, Қазакстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, (1990) Қырғызстанның және Ресей (2001) көркемсурет академиясының толық мүшесі ТӨЛЕПБАЙ Ерболат дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Ленгер ауданындағы Қасқасу ауылында туған. 1973 жылы Қазақ ұлттық педагогика институтының көркем-графикалық факультетін бітірді. "Маңғыстау күнделігі" (1978), "Суретшінің жастық шағы" (1980), "Санагүл", "Жазғы жайлаудан оралуы (екеуі де 1981), 1941 жылдың хабары", "Түрксіб" (екеуі де 1982), "Жазушы Ш.Айтматов" (1983), "Сүгір" (1986), "Дүйсен және Мария", "Жібек жолы", "Екеуі" (1990) т.б. кескіндемелік еңбектері өткен өмір мен бүгінгі күннің рухани өзара байланысын ғажайып ұлттык дүниетаным тұрғысынан танытады. 1974 жылдан бұрынғы Кеңес одағы және халықаралық көрмелерге, соның қатарында АҚШ, Бельгия, Германия, Италия, Қытай, Үндістан, Франция т.б. елдерде үйымдастырылған көрмелерге өз картиналарымен ұдайы қатысып келеді. Кескіндемешінің туындылары Қазақстан Мемлекеттік өнер мұражайында және Ресей мұражайларында, ТМД, Азия, Америка мен Еуропадағы жеке меншік коллекциялар қорында сақтаулы. Қазақстан Комсомолы сыйлығының лауреаты (1987), Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері (2004).
6 4 жыл бұрын (1950) ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы АСТАЕВ Ертарғын Кәкімбекұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. Алматы облысының Талғар ауданында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын, «Әулие-Ата» университетін бітірген. Экономист, заңгер. Жамбыл облысы Тараз қаласының, Жамбыл ауданының әкімі болып қызмет атқарған. Екі медальмен, соның ішінде «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
5 1 жыл бұрын (1963) ҚР Қарулы күштерінің «Оңтүстік» аймақтық қолбасшылығы әскерлері қолбасшысы ҚОЙБАҚОВ Талғат Мамыртайұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысы, Шу ауданы,Taнa ауылында туған, генерал-майор. (2009). Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін (1985), ҚР ҚК Әскери академиясын (2002), РФ Бас штаб Әскери академиясын (2011) бітірген. Оңтүстік әскерлер тобы 20624 әскери бөлімі барлау взводының, Түркістан ӘО 83328 әскери бөлімі тәртіп взводының, Республикалық Ұланның рота командирі, батальон командирінің орынбасары, жеке батальон, салтанат батальоны, полк командирі, әскери қызметінің бастығы (1989-2000), мотоатқыштар дивизиясы командирінің орынбасары, жеке гвардиялық десант-шабуыл бригадасының командирі, мотоатқыштар дивизиясының командирі, ҚР ҚМ ШБК жедел жоспарлау департаменті басқармасы бастығының орынбасары, «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскери қолбасшысының орынбасары - Штаб бастығы, «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы, бірінші орынбасары, РФ ҚК Бас штаб академиясының тыңдаушысы (2000-2001), 2001 жылдың шілдесінен ҚР ҚМ әскери дайындық және әскери кызмет департаментінің бастығы.Қазіргі қызметінде - 2012 жылдың ақпан айынан. ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен және медальдармен марапатталған.
61 жыл бұрын (1953) ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы ӨТЕПОВ Эдуард Карлұлы дүниеге келді.
Куйбышев қаласында туған. Мәскеу құрыш және қорытпалар институтын бітірген, инженер-металлург, осы институттың аспиранты болған. 1977-1979 жылдары - Қазақ политехниклық институтының тағлымдамашы-зерттеушісі. 1983-1984 жылдары Алматы энергетикалық институтының кіші ғылыми қызметкері. 1984-1991 жылдары - Қазақ КСР ІІМ ақпараттық орталығы бастығының орынбасары. 1991-1993 жылдары - «Дастан» ЖШҚ атқарушы директоры. 1993 жылдан - «Қазинтерметалл» СЭҚ бас директорының орынбасары. 1993-1994 жылдары «Әлемсистем» корпорациясының сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі директоры, «Әлембөбек» ИЗҚ басқарушысы. 1994-1995 жылдары ҚР жекешелендіру мемлекеттік комитеті төрағасының бірінші орынбасары. 1997 жылы - ҚР Қаржы министрлігінің жекешелендіру департаментінің директоры. 1997-1998 жылдары - ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті директорының бірінші орынбасары. 1998-2000 жылдары - ҚР Қаржы министрлігінің қазынашылық департаменті директорының орынбасары, Қазынашылық комитеті төрағасының орынбасары. 2000 жылдан - ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының бірінші орынбасары. Қазіргі қызметінде 2006 жылғы ақпаннан бері.
«»Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен, ҚР Президентінің алғысхатымен марапатталған.
50 жыл бұрын (1964) ресейлік театр және кино актері СИДИХИН Евгений Владимирович дүниеге келді.