2 млрд ағаш егу тапсырмасы неге орындалмады – экология министрінің жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін 2 млрд ағаш егу жөніндегі тапсырмасын орындау 2027 жылға, яғни екі жылға кейінге шегерілді. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Jibek Joly арнасына берген сұхбатында Президент тапсырмасы не себепті уақтылы орындалмағанын түсіндіріп берді.

Ерлан Нысанбаев
Видеодан алынған кадр

Министрдің айтуынша, ағаш отырғызу – кешенді іс. Оның ішіне жұмыс жоспарын әзірлеу, тұқым жинау мен оны сақтау, топырақты дайындау, отырғызу жұмысы, күтіп-баптауға арналаған шаралар кіреді. Өткен жылы мемлекеттік орман қорына 1 миллиард 150 миллион көшет материалы егілді. Тапсырманың толық көлемде орындамауына жергілікті әкімдіктердің жеткілікті деңгейде ақша бөлмеуі әсер еткен екен.

- Мемлекет басшысының тапсырмасын толық көлемде орындамауына келер болсақ, басты себеп – жергілікті атқарушы органдар тарапынан қаржыландырудың болмауы. Баса айтқым келетіні, мемлекеттік орман қорының 80 пайызы әкімдіктердің қарауында. Олар тұқым жинаудан бастап барлық сатыға жауапты. Оған қоса маусымдық жұмысшылардың санын арттыру, арнайы техникалар сатып алу мәселесі туындады, - деді Ерлан Нысанбаев.

Министрдің сөзінше, Президент тапсырамасына дейін жылына 50-55 мың гектар алқапқа ағаш отырғызылып келген, қазір көлем екі еседен астам ұлғайды. Сәйкесінше, трактор, ағаш отырғызу техникалары мен жұмысшы санын арттыру керек. Тұқым көлемі де 500 тоннадан 1250 тоннаға дейін өскен.

- Тұқымсыз көшет алу мүмкін емес, ал техникасыз мұндай көлемдегі тұқымды егу туралы сөздің өзі артық. Аталған бағыттағы жұмыстар автоматтандырылмаған, бәріне жұмыс күші, техника керек екені түсінікті. Әлем елдері де осы жолмен келе жатыр, - деп атап өттіЕрлан Нысанбаев.

Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, 2021-2023 жылдары жоспарланған жұмыстың 70-75 пайызы орындалды. Қалған бөлігі 2026-2027 жылдарға шегерілді. 2023 жылдан бастап министрлік тұқым жинау мәселесін қатаң бақылауға алды. 10 тамызға дейін алдағы екі жылға арналған көшет өсіру бойынша баяндама жасалады.

Сұхбаттың толық нұсқасын бүгін сағат 19.30-да Jibek Joly телеарнасынан көре аласыздар. 

Жалпы екі миллиард ағаш егу бастамасы алғашқы жылдары-ақ жоспардағы межеге жете алмай, артта қала бастады. Қарқынды қалпына келтіріп, қуып жету неге мүмкін болмай қалғанын бұған дейін Kazinform аналитикалық шолушысы анықтап көрген еді.

Соңғы жаңалықтар