20 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 20 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.
20 қазан. ДҮЙСЕНБІ Бүгін - Бүкіләлемдік остеопорозды алдын ала емдеу күні. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен, Ұлыбританияның Ұлттық остеопороз қоғамының ұйымдастыруымен 1999 жылдан бастап аталып өтіледі. Бүгін - Халықаралық авиадиспетчер күні. Амстердамда 1961 жылғы 20 қазанда авиация диспетчерлері ассоциацияларының Халықаралық федерациясы құрылды. Бұл оқиға әуе көлігін дамыту тарихындағы елеулі кезеңге айналып, енді ол нақ осы мерзімге - Халықаралық авиадиспетчер күніне орайластырылды, сөйтіп жаңа кәсіби мейрамның өмірге келуіне негіз болды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 81 жыл бұрын (1933) Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің негізі қаланды. Білім ордасының ашылу салтанаты 1934 жылы қаңтардың 15-інде өтті. Алғашқы кезде университет құрамында физика-математика және биология факультеттері болды. Бүгінгі таңда республиканың беделді оқу орындарының бірі. 58 жыл бұрын (1956) КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Қазақ КСР-ін тың және тыңайған жерді игерудегі жетістіктері үшін Ленин орденімен марапаттау туралы Жарлығы шықты. 42 жыл бұрын (1972) О.Жәу¬тіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-ма¬тематика орта мектеп-интер¬на¬ты құрылды. 17 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы деп жарияланды. 14 жыл бұрын (2000) «Астанабасжоспар» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны өз жұмысын бастады. 9 жыл бұрын (2005) Қарағандыда «Қарағанды облыстық экологиялық мұражайы» қоғамдық бірлестігінің жобасы бойынша голландық Hivos қайырымдылық қорының қаржылай қолдауымен жасалған Экологиялық мұражайдың ашылу рәсімі болды. 9 жыл бұрын (2005) Ұлыбританияда Азия елдері мен халықтарының мәдениеті, тарихы және салт-дәстүрлері туралы ақпарат таратумен айналысатын «Asia House» ұйымы қазақ фольклорлық музыкасының компакт-дискісін шығарды. Компакт-дискіні шығаруға Ұлыбританияның «Topic Records» дыбыс жазу компаниясы, британияның белгілі сарапшылары мен продюссерлері Майкл Черч және Радек Бошетти қатысты. Осы жобаны іске асыруға Қазақстан Республикасының Лондондағы елшілігі, Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі, Британ-Қазақстан қоғамының басшылығымен «ҚазМұнайГаз»Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы, «Эйр Астана» әуекомпаниясы ат салысты. Қазір АҚШ-та тұрып, ғылыми қызметпен шұғылданып жүрген белгілі музыка зерттеушісі-түркітанушы Алма Құнанбаева компакт-дискідегі шығармалардың орналастырылып жинақталуына өз үлес қосты. 80 жыл бұрын (1934) Семей мемлекеттік педагогикалық институтының іргесі қаланды. Алғаш Семей мұғалімдер институты болып ашылған. 1937 жылдан педагогикалық институт болып өзгерген. Институтқа 1939 жылы Н.Крупская есімі, 1993 жылы Шәкәрім есімі берілген. 1996 жылдан Семейдегі басқа да жоғары оқу орындарымен Семей мемлекеттік университетіне біріктіріліп, 2004 жылдан қайтадан дербес жоғары оқу орны мәртебесін алды. Бүгінде институт қазақ және орыс тілдерінде барлық білім салаларынан педагогтар даярлайды. Институт құрамында Халықаралық педагогикалық білім беру ғылымдары академиясының экологиялық орталығы, М.Қозыбаев атындағы Тарихи зерттеулер ғылыми орталығы, Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. 10 жыл бұрын (2004) Мемлекет басшысы Ресей мен Қазақстанның ғарышкерлерімен кездесті. 19 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінде Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды. 9 жыл бұрын (2005) Таразда Жастар гүлзары ашылды. Гүлзардың қақ ортасында қол бастаған Қойгелді батырдың ескерткіші тұр. Батыр бабаның ескерткішін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашқан болатын. Қолбасшы мүсінінің айналасында Қазақстан мен Қырғызстан мемлекетінің басшылары еккен қарағайлар өсіп тұр. «ӘулиеАта» университетінің студенттері гүлзарды өз қамқорлықтарына алып отыр. Аталмыш жоғары оқу орнының студенттері қалалық онамастика комиссиясына осы жерді Жастар гүлзары деп атау туралы ұсыныс жасаған болатын. Қаланың басшылары жастардың ұсынысына қолдау көрсетті. 7 жыл бұрын (2007) Мәскеуде ШЫҰ Жастар қауымдастығын құру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Ұйымдастырушысы - бүкілресейлік қоғамдық ұйым «Ресейдің жастар одағы» және РФ Сыртқы істер министрлігімен бірге Қоғамдық жастар палатасы, РФ Президентінің Әкімшілігі және РФ Федеральды жиналыстың Федерация Кеңесі және Мемлекеттік дума. Ресей тарабы 2007 жылдың мамырында Бейжіңде өткен ШЫҰ мемлекет басшыларының кездесуінде Қауымдастықты құру тұжырымдамасын ұсынған болатын. 5 жыл бұрын (2009) Жаңғыртылған «Қазақ елі» монументі салтанаты түрде ашылды. Негізгі өзгерістер тұғыр граниттің төрт қабырғасына жасалған. Олардың әрқайсысына көлемі 3,7х6,9 метрлік қоладан құйылған бедербейнелер (барельеф) жасалған. Алғашқысы «Халық және Президент» деп аталады. Қазақстан тәуелсіздік алып, егемен ел болғанына 20 жылға жуықтаған жас мемлекет, сондықтан барлық композиция адам бейнесін бедерлеу арқылы жасалған. Оның орталық бейнесі Қазақстан тәуелсіздігінің символы - Бірінші Президент. Осыған орай бедербейненің басты фронтонында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституцияның үстіне қолын қойып, ант беріп тұрған сәті бедерленді. Бұл - біздің тәуелсіз, демократиялық елімізде заңның үстемдік құратынын айғақтайтын нышан. Президенттің ту сыртында Қазақстан халқын бедерлейтін адамдардың сұлбасы бейнеленген. Ал монументтің оң жағындағы келесі бедербейне - «Қаһармандық» деп аталады. Онда Отан қорғау қазақ ұлтының ежелден басты және қасиетті құндылықтарының бірі болғанын көрсететін образдар шоғырланған. Ерлік пен елдікке үндеген жыраудың, ат үстіндегі ел қорғаған сарбаздың және қолында автоматы бар жауынгердің елдің шебін күзеткен бейнелері орналастырылған. Ал монументтің батыс жақ бетінде орналастырылған «Жасампаздық» бедербейнесінде халқымыздың көшпелі дәуірден ғарышқа ұшқанға дейінгі жолы көрсетілген. Осы бөлікте жоба авторлары металлург пен мұнайшы, инженер мен диқан, құрылысшы мен ғарышкер бет-бейнесі арқылы негізгі лейтмотив болып табылатын жасампаз адамдар арқылы мемлекет қуатын көрсетуге ұмтылған. Монументтің шығыс жағындағы соңғы бедербейне «Болашақ» деп аталады. Онда тәуелсіз елде өсіп, өз тағдырларын өздері жасап, ғылымда, мәдениетте, спортта үлкен жетістіктерге жетіп келе жатқан қазақстандық жастардың көңілді шақтары нақышталған. Бұл бедербейненің бір ерекшелігі композицияның ортасында жас отбасы бітімі сомдалған. Ол отбасы құндылығын бейнелеп, қазақстандық қоғамның негізі болып табылатын отбасы мен неке институтын нығайтуға шақырады. Осы идеялардың бәрі «Бірлік» атты мүсіндік композициямен түйінделіп, Қазақстан халқының тәуелсіздік алғандағы шаттанған сезімдерін бейнелеген. Тәуелсіздік жолындағы қазақ халқының тарихындағы трагедиялық сәттердің аз болмағанын, дегенмен бостандыққа жету қуанышты, мерейлі кезең екендігін көрсетеді. Сондықтан барлық бедербейнелік желі Тәуелсіздік алған жалпыхалықтық шаттықты сипаттайды. 5 жыл бұрын (2009) Алматыда Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы режиссер Сәбит Құрманбековтың «Секер» атты жаңа фильмінің таныстырылымы өтті. Фильмнің ресми тұсау кесері «Star Cinema Mega Center Almaty» кинотеатрында өтті. Рөлдерде - Аяулым Ахметбекова, Нұржұман Ықтымбаев, Болат Қалымбетов, Ирина Гринева және тағы басқалары. Сюжеттің желісі бойынша фильмнің бас кейіпкері Секер есімді жасөспірім қыз ұл баладай өседі, шалбар киіп, атқа мінеді. Оның әкесі 4 қызды тәрбиелейді. Ұлды аңсаған әке өзінің тұңғыш қызын ұлдай тәрбиелейді. Секер өзінің ұл емес екенін түсінгеннен кейін, өзін табуға тырысады. ЕСІМДЕР 106 жыл бұрын (1908-1983) актер, Қазақстанның халық әртісі ҚЫДЫРАЛИН Сіләмбек дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Семейдегі мұғалімдер даярлайтын курсты бітірген. 1934 жылы Семейде облыстық қазақ драма театры (қазіргі облыстық қазақ музыкалық драма театры) ұйымдастырылғанда осы ұжымда еңбек етті. Ұзақ жылдық актерлік шығармашылығында алуан түрлі рөлдерде ойнады. Олардың қатарында Кебек, Еспембет, Қобыланды, Абай (М.Әуезов «Еңлік-Кебек», «Қара қыпшақ Қобыланды», Л.Соболевпен бірге жазған «Абай»), Тарғын, Бекежан (Е.Брусиловский «Ер Тарғын», «Қыз Жібек»), Балуан (Ғ.Мүсірепов «Ақан сері - Ақтоқты»), Дуанбасы (Н.Гоголь «Ревизор»), Назар (А.Александров «Малиновкадағы үйлену тойы») рөлдері бар. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. 71 жыл бұрын (1943) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі РАХМАНБЕРДИЕВ Орынбай дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.
Шымкент облысында туған. Жамбыл технология институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Инженер-технолог, саясаттанушы. Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы болып қызмет істеген.
«Қазақстан Республикасы-Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің мүшесі.
Қытай Халық Республикасы халық өкілдерінің Бүкілқытайлық Жиналысымен, Беларусь Республикасының Парламентімен, Канада Сенатымен, Бельгия Корольдігі Парламентімен ынтымақтастық тобының мүшесі.
«Құрмет белгісі», «Парасат», III-дәрежелі «Барыс» ордендерімен, бес медальмен марапатталған. Қазақстан Республикасы оқу-ағарту ісінің озаты. 51 жыл бұрын (1963-2008) ауыр атлет, ауыр атлетикадан КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері ХРАПАТЫЙ Анатолий Михайлович дүниеге келді. Ақмола облысының Атбасар қаласында туған. Алматыдағы Қазақ дене шынықтыру институтын бітірген. Алғашқы бапкері - А.Сидоров. Ол Қазақстан және КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері, екі мәрте Азия чемпионы және Орта Азия ойындарының, Шығыс Азия ойындарының жеңімпазы, бес дүркін Еуропа және әлем чемпионы, Олимпиадалық ойындардың алтын және күміс жүлдегері болған. «Құрмет» орденімен марапатталған. 90 жыл бұрын (1924-1999) жазушы, журналист ЖҮНІСОВА Күлиман дүниеге келген. Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы Қайнар ауылында туған. Алматы Жоғары партия мектебін бітірген. Аудандық комитет хатшысы, партия комитетінің бөлім меңгерушісі, газет редакциясының жауапты хатшысы, облыстық газеттердің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. «Жасыл жапырақтар», «Кәмшат», «Құстар әні», «От пен гүл», «Қимаймын сені», «Шұғыла» кітаптарының авторы. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. 40 жыл бұрын (1974) ақын, халықаралық және республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері АЛДИЯР Бақытжан дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданында туған. Қожа Ахмет Яассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің филология факультетін бітірген. Қазақстан Жазушылар одағына 2001 жылы мүше болып қабылданды. Шығармалары 4 ұжымдық жинақта жарық көрген. 1998 жылы «Жібек жолы» баспасынан «Көзайым» атты жеке жыр жинағы шыққан. Көптеген халықаралық, республикалық мүшәйралардың жүлдегері, М.Ғабдуллин атындағы сыйлықтың иегері. 79 жыл бұрын (1935-1990) журналист, аудармашы, жазушы, сыншы ТОҚБЕРГЕНОВ Төлеген дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазірігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. Ол Қазақ радиосында редактор, аға редактор, бас редактор болып, кейіннен «Мектеп», «Жазушы» баспаларында қызмет атқарды. «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім жұмыстарын басқарған. Оның «Тоғыз тарау», «Үш тоғыс», «Қос қағыс» атты әдеби сын-мақалалар жинақтары жарық көрген. Әдеби және көркем аударма саласында еңбек етіп, А.Алдан-Семеновтың «Семенов-Тяньшанский», К.Симоновтың «Өлілер мен тірілер» трилогиясының екі кітабын, Б.Томастың «Менің әпкем» пьесасын аударған. 64 жыл бұрын (1950-1998) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ҚҰЛЫБЕКОВ Тоқсын дүниеге келді. Алматы облысының Кербұлақ ауданында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген. 1968-1970 жылдары Амангелді ұжымшарында мәдениет үйінің меңгерушісі, Қазақ радиосының дикторы, режиссері болып істеді. Сондай-ақ ол сол тұста көрермендердің сүйікті бағдарламалары болған «Қымызхана», «Алтыбақан», «Жебе» телехабарларының жүргізушісі болды. 1984 жылдан өмірінің соңына дейін «Тамаша» ойын-сауық отауының құрамында өнер көрсетті. «Жігер» жастар фестивалінің лауреаты. 78 жыл бұрын (1936) Қазақстан Республикасы Ұлттық биотехнология орталығының бас ғылыми қызметкері, биология ғылымының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі РАҚЫМБАЕВ Ізбасар дүниеге келді. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында туған. К.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын, Мәскеу технология институтының аспирантурасын бітірген. 1961-1980 жылдары - Қазақстан ҒА Бас ботаника институтының ғылыми қызметкері, бас ботаника бағының зертхана меңгерушісі. 1981-1982 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі. 1989-1992 жылдары - Бас ботаника бағының директоры. Ол ғылым мен өндірістің жаңа саласы - өсімдіктер биотехнологиясының Қазақстанда негізін қалаушы. Ғалымның 270 ғылыми еңбегі жариялаған, оның ішінде 5 кітап, 7 оқу кұралы, 12 әдістемелік нұсқаулық бар. Іргелі зерттеулердің нәтижесінде дене және жыныс клеткаларын организмнен тыс жағдайда жасанды қоректік ортада өсірудің теориялық заңдылықтарын анықтады. Осының негізінде өсімдіктерді клондап көбейтуге, селекция процесін жеңілдетуге және тездетуге арналған клеткалық инженерияның ұтымды әдістемелерін жасады. Оның биотехнология жөніндегі теориялық және қолданбалы зерттеулерінің нәтижелері ауыл шаруашылық өндірісіне енгізілген. Ол әріптестерімен бірге бидайдың (Жеңіс, Эритроспермум 97, Нүреке) және күріштің (Алтынай, Мәдина) түсімі мол жаңа сорттарын шығарып елімізді азық-түлікпен қамтамасыз етуге зор үлес қосты. Академик І.Рақымбаев биотехнология саласында өзінің ғылыми мектебін қалыптастырып, Қазақстанның және шет елдердің ғылыми-зерттеу мекемелері мен жоғары оқу орындарында қызмет атқарып жүрген 5 ғылым докторын, 25 ғылым кандидатын дайындады. Медальдармен марапатталған. 72 жыл бұрын (1942) жазушы, Қ Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ИСАБЕКОВ Дулат дүниеге келді. 1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында туған. Жазушы, драматург. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген (1966). Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға редактор (1967-1968), Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор (1968-1970), «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі (1971-1976), «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі (1976-1980), Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлықредакциялық коллегияның бас редакторы (1980-1988), Қазақ теледидарының бас директоры (1988-1992), «Жазушы» баспасының директоры (1992-1995), Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ҚР Мәдениеттану ғылыми-зерттеу институтының директоры болып істеген. Қазір «Мәдениет» журналының бас редакторы. Алғашқы әңгімесі «Жолда», «Замандастар» атты жинақта 1963 жылы жарияланды. Кейін «Бекет» (1966), «Ащы бал» (1969), «Мазасыз күндер», (1970), «Қара шаңырақ» (1973), «Тіршілік» (1975) повестер мен әңгімелер жинақтары, «Қарғын» (1980) романы басылды. Таңдамалы повестері «Екі жиырма» (1983) деген атпен жарық көрді. Бірқатар шығармалары орыс тілінде аударылып, «Полынь» (1978), «Отчий дом» (1979), «Смятение» (1986), «Новоселье в старом доме» (1986) деген атпен басылды. Жекелеген туындылары венгр, неміс, поляк, чех тілдерінде жарияланды. «Ректордың қабылдау күндері» (1975), «Әпке» (1977), «Ертеңді күту» (1979), «Мұрагерлер» (1982), «Алыстан келген ананас» (1984), «Кішкентай ауыл» (1986), «Анасын аңсаған қыз», «Ескерткіш операциясы», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Бонапарттың үйленуі», «МұңлықЗарлық», «Амал мен айла» т.б. пьесалары республикалық, облыстық театр сахналарында қойылды. Таңдаулы пьесалар жинағы «Жеті желкен» деген атпен 1987 жылы жарық көрді. Жекелеген туындылары бойынша «Гауһар тас» (реж. Ш.Бейсембаев, 1975), «Дермене» (реж. А.Әшімов, 1986), «Тауқымет» (реж.Ұ.Қолдауова) көркем фильмдері түсірілді. Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлығының (1985, «Мұрагерлер» пьесасы үшін), ҚР Мемлекеттік сыйлығының (1992), Халықаралық ПЕН клуб, Платиналы «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты (2006). 38 жыл бұрын (1976) «Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның Ұлыбританиядағы өкілдігінің басшысы ТӨЛЕУХАНОВ Дәурен Айтмухаметұлы дүниеге келді. Дәурен Айтмұхаметұлы Төлеуханов 1976 жылы 20 қазанда Апматы қаласында дүниеге келген. 1998 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін заңгер-халықаралық саясат білгірі мамандығы бойынша, 1999 жылы Лондон университетін «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша, 2004 жылы Лондон дипломатиялық академиясын саясаттану магистрі мамандығы бойынша, 2005 жылы Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебін экономист мамандығы бойынша бітірген. 1999 жылдан - ҚР СІМ Америка бөлімінің референті. 2000 жылдан Ұлы Британиядағы ҚР Елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы, 2003 жылдан - бірінші хатшысы. 2006 жылдан - ҚР СІМ Еуропа және Америка департаменті директорының орынбасары. 2008 жылдан ҚР Индустрия және сауда министрлігі жанындағ «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ президенті - «Экспортер КZ» журналының бас редакторы. 2008-2012 жылдары ҚР Премьер-министрі Кеңсесі жетекшісінің орынбасары. 2012-2013 жылдары «Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның халықаралық сұрақтар жөніндегі басқармасының директоры. 2013 жылдың қараша айынан бастап, «Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның Ұлыбританиядағы өкілдігінің басшысы.
73 жыл бұрын (1941-2002) ақын САУҒАБАЕВ Кәрім дүниеге келді. Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданында туған. Қарағанды педагогикалық институтын, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітірген. 1973 жылдан бастап Егіндібұлақ аудандық «Ленин туы» газетінің редакторы болған. Ақынның балаларға арналған өлеңдері 1972 жылы кітап болып жарыққа шықты. Оның «Мойындау», «Көктем келді, алақай», «Ақша қар», «Балқан таудың басында», «Үлкендерден үлгі аламыз», «Үшқара оттары» атты шығармалары бар. 38 жыл бұрын (1976) «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі Арман Оразбайұлы Қырықбаев дүниеге келді. Целиноград қаласында (қазіргі - Астана қаласы) туған. 1992 жылы Жезқазған облысы, Приозерск ауданының Шашубай кентінде (қазіргі - Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы) №7 мектебін бітірді. 1992-1996 жылдары Қазақ Мемлекеттік Экономикалық Университетінде «халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша оқыды. Еңбек жолын 1996 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ТМД және Балтия елдері басқармасының референті ретінде бастады. 1997 жылғы сәуір-мамыр айларында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ТМД департаментінде атташе болып қызмет атқарды. 1997 жылдың мамырында Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігіне атташе ретінде тағайындалды. 1999 жылғы наурыз-2000 жылғы шілде аралығында Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігінің үшінші хатшысы қызметін атқарды. 2000 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жолдамасымен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясына оқуға түсіп, оны тәмәмдағаннан кейін ТМД Комитетінің Орта Азия және Закавказья бөлімінде Екінші хатшы болып қызмет етті. 2002 жылғы қазаннан бастап «Корпорация «АВЕ» ЖАҚ Стратегия және маркетинг департаментінің директоры, кейін Корпоративтік даму департаментінің директоры. 2004 жылғы қарашадан 2005 жылғы наурызға дейін «К-МАРТ» ЖШС бас директоры міндетін бірлесе атқарды. 2005 жылғы наурыз-мамырда Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары, 2005 жылғы мамырдан 2006 жылғы сәуірге дейін Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту қорының директоры қызметтерінде болды. 2006 жылдың сәуірінен 2008 жылдың ақпанына дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі қоғамдық-саяси жұмыс және қоғаммен байланыстар департаментінің директоры, ал 2008 жылғы ақпаннан бастап 2010 жылғы қаңтарға дейін Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің төрағасы болып қызмет етті. 2010 жылдың қаңтарынан 2012 жылдың ақпаны аралығында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2012-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі. Министрлікте ақпарат, тіл саясаты, ішкі саясат мәселелеріне басшылық етті.
51 жыл бұрын (1963 жыл) Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Серік Балғатайұлы Өтешов дүниеге келді. Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Атасу кентінде 1963 жылы дүниеге келген. Қаржы және несие мамандығы бойынша Қарағанды мемлекеттік университетін аяқтаған. Жезғазған облысы қаржы бөлімінің бюджеттік бөлімінің аға экономисі болып жұмыс атқарды, әскерге шақырылды. Әскерден соң Жезғазған облысы қаржы бөліміне оралып, онда бас маманнан облыс қаржы бөлімі бастығының орынбасары лауазымына дейін жұмыс атқарды. 1995 жылы облыстық экономикалық байланыстар комитетінің төрағасы болып тағайындалды. 1996 жылы Жезқазған облыстық өнеркәсіп департаментінің бастығы болып тағайындалды. Сол жылы Жезқазған облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. 1997 жылдан бастап 1999 жылға дейін - Қарағанды облысы әкімінің қаржы басқармасы бастығының орынбасары, басқарма бастығы. 1999 жылдан бастап 2004 жылға дейін - Қарағанды облысы әкімінің орынбасары. 2004 жылдан бастап 2006 жылға дейін - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бағалау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2006 жылдан бастап 2010 жылға дейін - Қарағанды облысы қаржы басқармасының бастығы. 2010 жылы 16 ақпанында Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. 2006 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, мерейтойлық медальдармен марапатталған. 14 ғылыми жарияланымы бар. 63 жыл бұрын (1951-2006) ішкі қызмет полковнигі, инженер-гидролог КҮЗЕМБАЕВ Тілеуғали Отарұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1981-1997 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің аға инженері, Кәсіби-техникалық училище директорының орынбасары, Алматы қалалық атқару комитетінің қызметкері, арнайы комбинаттың бас энергетигі, директоры, Әуезов аудандық әкімшілік басшысының орынбасары, Қазақстан Инженерлер одағы атқару комитетінің төрағасы, ҚР Инженерлер академиясының вице-президенті. 1997-1999 жылдары - ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы төрағасының кеңесшісі. 1999-2004 жылдары - Алматы облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, Қаржылық қамтамасыз ету басқармасының бастығы. 2004-2006 жылдары - ҚР Жоғарғы соты жанындағы Сот әкімшісі жөніндегі комитет төрағасының орынбасары болған. 123 жыл бұрын (1891-1974) ағылшын физигі, Лондон корольдық қоғамының мүшесі, Нобель сыйлығының лауреаты ЧЕДВИК Джеймс дүниеге келді. Ол 1943-1945 жылдары Лос-Аламос (АҚШ) зертханасында атом бомбасы жобасын жасау жұмысымен айналысқан ғалымдар тобын басқарған. Ғалымның негізгі еңбектері атом ядросы физикасына арналған. 97 жыл бұрын (1923- 2003) испандық «Чупа Чупс» компаниясның негізін қалаушы Энрике БЕРНАТ дүниеге келді. 59 жыл бұрын (1955) голливуд композиторы Томас НЬЮМАН дүниеге келді. 43 жыл бұрын (1971) австралия әншісі, актер, фотомодель, дизайнер Данни МИНОУГ (Даниэль Джейн Миноуг) дүниеге келді.