20 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 20 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады
Бибігүл АСЫЛОВА, ҚР Конституциялық Соты Аппаратының басшысы
1975 жылы Көкшетау облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген, экономист (1996).
Еңбек жолы: Көкшетау облыстық қаржы басқармасының 1 санатты маманы, жетекші маманы (1996-1997); Солтүстік Қазақстан облыстық қаржы басқармасының баяндамашысы, бас маманы (1997-1998); ҚР Қаржы министрлігі Білім, ғылым, мәдениет, спорт және БАҚ департаменті білім және ғылым бөлімінің жетекші, бас экономисі (1998-2001); ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік органдарды қаржыландыру департаменті Білім, ғылым, мәдениет, спорт және БАҚ департаменті білім және ғылым басқармасының бастығы (2001-2002); ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік органдарды қаржыландыру департаменті білім, ғылым, мәдениет, спорт және БАҚ басқармасы бастығының орынбасары (2002); ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Әлеуметтік саланың шығыстарын жоспарлау департаменті білім, ғылым, мәдениет, спорт және БАҚ басқармасының бастығы (2002-2004); ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Экономика және қаржы департаментінің директоры (2004-2007); ҚР Статистика агенттігінің Ішкі әкімшілік департаментінің директоры (2007-2009); ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры (2009-2010); ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Әлеуметтік саланы дамыту департаментінің директоры (2010); ҚР Қаржы министрлігінің Әлеуметтік саладағы бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау, атқарылуын талдау және іске асырылуын бағалау департаментінің директоры (2010-2013); ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Әлеуметтік саланың бюджеттік бағдарламаларын жоспарлау департаментінің директоры (2013-2014); ҚР Қаржы министрлігі Әлеуметтік сала бюджеті департаментінің директоры (2014-2016); ҚР Білім және ғылым вице-министрі (2016-2022); Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі (2022-2026).
2026 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Шайх-Хасан ЖАЗЫҚБАЕВ, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары
1976 жылы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында туған. Ресей Федерациясындағы Н. Н. Воронов атындағы Пенза әскери-артиллериялық инженерлік училищесін «Жылу және импульстік машиналар инженері» мамандығы бойынша (1999); Ұлттық қорғаныс университеті, «Әскери және әкімшілік» мамандығы бойынша (2013); Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясы, «Ұлттық қауіпсіздік және мемлекеттік қорғаныс» мамандығы бойынша (2019) бітірген.
Еңбек жолы: 74261 әскери бөлімі РАВ қызметі бастығының көмекшісі (1999-2004); 28079 әскери бөлімінің рота командирі (2004-2006); 89427 әскери бөлімінің «Қазбат» қазақстандық бітімгершілік батальонының инженер-сапер отрядының (арнайы мақсаттағы) қамтамасыз ету тобының командирі (2006-2007); 89427 әскери бөлімінің қазақстандық «Қазбат» бітімгершілік батальоны командирінің орынбасары (2007-2008); 28079 әскери бөлімі штаб бастығы — батальон командирінің орынбасары (2008); 28079 әскери бөлімінің қазақстандық бітімгершілік батальонының командирі (2008-2013); 61993 әскери бөлім командирінің бірінші орынбасары — штаб бастығы (2013); 61993 әскери бөлім командирі (2013-2016); Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысы басқармасы жауынгерлік даярлық бөлімінің бастығы — командирдің орынбасары (жауынгерлік даярлық бойынша) (2016-2017); Штаб бастығы — «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары (2019-2021); «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы (2021-2024).
2024 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.
ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
Есенғали БЕЙСЕБАЕВ, Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары
1983 жылы Шымкент қаласында туған. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген (2004).
Еңбек жолы: Шымкент қалалық полиция департаментінің Сарыағаш, Әл-Фараби және Еңбекші аудандық ішкі істер бөлімдерінде, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің тергеу бөлімінде әртүрлі лауазымдарда қызмет еткен (2005-2016); Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек аудандық ішкі істер департаментінде және Түркістан облысы полиция департаментінің Көші-қон қызметі департаментінде басшылық қызметтерді атқарған (2016-2023); және Түркістан облысы полиция департаментінің Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің бастығы қызметін атқарған (2023-2026).
Қазіргі қызметіне 2026 жылдың сәуірінде кіріскен.
Марат ОМАРОВ, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасы
1988 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебін бітірген.
Еңбек жолы: Лондон қаласында (Ұлыбритания) «Digiet Limited» IT компаниясында бизнес-сарапшы (2009); «Digiet Limited» IT компаниясының коммерциялық директоры (2010-2012); ҚР Экономикалық даму және сауда; Экономика және бюджеттік жоспарлау; Ұлттық экономика министрінің кеңесшісі (2012-2014); ҚР ҰЭМ тарифтік және институционалдық саясатты қалыптастыру департаменті директорының орынбасары (2014-2016); «Қазақтелеком» АҚ басқарушы директоры (2016-2017); «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма төрағасы, QazTech Ventures» АҚ басқарма төрағасы (2017-2019); «Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры — басқарма мүшесі (2019-2020); Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары (2020-2022).
Қазіргі қызметін 2022 жылдың тамыз айынан бері атқарып келеді.
«ҚР Конституциясына 20 жыл» (2015), «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016) медальдарымен марапатталған.
Ғани ҚҰЛЖАНОВ, театр және кино актері, тележүргізуші, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері
1965 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданында туған. Қызылорда қалалық музыкалық училищесін, Алматы мемлекеттік театр және кино институтын бітірген. 1990-2007 жылдары М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қызмет атқарды.
2017-2013 жылдары жас көрермен театрының бас директоры, 2013 жылдан бастап Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртісі болды.
М.Мақатаевтың «Қош, махаббат» спектаклінде Айбар, М.Байджиевтің «Қалындық пен күйеуінде» — күйеу, У.Шекспирдің «Асауға тұсауындағы» — Гортензио, М.Әуезовтің «Айман-Шолпанындағы» — Арыстан, Е.Замятиннің «Еділ патшасында» — Вегила, Ғ.Мүсіреповтің «Махаббат туралы аңызында» — Қодар, Иран Ғайыптың «Шынғыс ханында» — Сүбітай, «Абылай ханында» — Әбілмансұр, Қ.Аширдың «Қабыл — Адам Ата перзентінде» — Абыл, Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесінде» — Құмар, Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» — Эрих Кламрот, У.Шекспирдің «Гамлетінде» — Король Клавдий, Д. Исабековтің «Әпкесінде» — Омар, Шахимарданның «Қазақтарында» — Қасымсұлтан, Ш. Айтматовтың «Ақ кемесінде» — Оразқұл, Ә.Нұршайықовтың «Қан мен терінде» Тәңірберген рөлдерін ойнап, «Қазақфильм», «Қырғызфильм», «Өзбекфильм», Ресей киностудяларында киноға түскен.
«Тоғысқан тағдырлар», «Қара шегіртке», «Дневной дозор», «Ләйләнің зары», «Жас ұлан» фильмдерінде басты рөлдерді сомдаған.
Жұмақан Маусымбайұлы КҮДЕРИН, қазақтың алғашқы биолог ғалымдарының бірі, қоғам қайраткері
Семей облысы Аягөз қаласында дүниеге келген. 1918 жылы Лепсі қаласында Кеңестердің І съезінде делегат және Жер комиссары болып сайланған. 1920 жылы «Қытайға кеткен қазақтарды қайтару» комиссиясында жұмыс істеп, оның тікелей араласуымен Қытайдан 6 мың жанұя еліне қайта оралды. 1921 жылы Жетісу өңірін жайлаған тырысқақ індетіне қарсы емдеу жұмыстарына қатысты. 1924-1930 жылдары Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетінде оқыған. Осы университетте оқып жүріп, Түркістанның табиғи ресурстары мен осы өңірді аудандарға бөлуді зерттеумен айналысқан экспедицияға қатысты. Ол «Қытайдағы босқындар өмірі», «Қазақтардың ата-тегі туралы материалдар» атты этнографиялық еңбектердің, «Ботаника», «Қой мен оның жүні», «Кендір» секілді биологиялық еңбектердің авторы. Ең құнды еңбектері — араб және латын әрпімен тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрген «Орта Азиядағы жыландар түрі» және «Өсімдіктану» оқулықтары. 1930 жылы ғалым тұтқындалып, Ресейдің Воронеж қаласына жер аударылды. 1935 жылы тұтқыннан босаған ол Алматыға оралып, ҚазКСР Жер Халық комитетінің Мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, «Каучуконос» тресінде нұсқаушы агроном болды. 1937 жылғы мамырдың 22-інде қайтадан тұтқынға алынып, 1938 жылғы наурыздың 7-сінде ату жазасына кесілді. 1990 жылы маусымда ақталды. Алматыда бір көше Күдерин есімімен аталады.
Сайым БАЛМҰҚАНОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, халықаралық Бейбітшілік сыйлығының лауреаты
1923 жылы Ақтөбе облысының Темір ауданында дүниеге келген. Алматы медицина институтын (қазіргі Алматы мемлекеттік медицина университеті) бітірген. 1946-1953 жылдары Хирургия институтының аспиранты, ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, 1953-1960 жылдары Алматы медицина институты рентгенология және радиология кафедрасының меңгерушісі, 1960-1962 жылдары Өлкелік патологиялық ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, 1962-1995 жылдары Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, директоры, зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1996 жылдан осы институттың құрметті директоры атанған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері онкология және радиология, сәулемен емдеу мәселелеріне арналған. Қатерлі ісікті анықтау, одан сақтану әдістерін жетілдіру, уытты ісіктерді хирургиялық жолмен және жаңадан шыққан радиомодификаторларды пайдаланып, сәулемен емдеу әдістерін тапты. Осының нәтижесінде әйелдер кеудесіндегі қатерлі ісік ауруынан айығып кету көрсеткіші, басқа органдарға түскен қатерлі ісіктің айығып кету көрсеткішіне қарағанда 1,5 есе жоғары болады. Республикада клиникалық онкология және радиологияның жаңа бағыттарын қалыптастырып, оларды одан әрі дамытты.
1954-1960 жылдары орын алған Семей ядролық полигонындағы жарылыстардың жергілікті тұрғындар денсаулығына әсерін зерттеуге қатысты. Бірақ бұл мәліметтер 1990 жылдан кейін ғана жарық көре бастады.
«Мегавольттік сәулемен емдеу», «Природные фенолы — перспективный класс противоопухолевых и радиопотенцирующих соединений», «Злокачественные опухоли костей. Вопросы теории и прогнозирования», «Ядерный полигон моими глазами», «The radiation situation and Population health status in some towns of Semipalatinsk Province» атты ғылыми еңбектердің авторы.