«20 миллионға жетудің жолы бар ма?»- республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 3 сәуір, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Команда есебі табылған амал ма?» атты мақала жариялап, үлкен мәселе көтерді.

Басылымның жазуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білдей мекемеге білікті деп тағайындаған азаматтардың бара салып өз командасын жинайтынын әлденеше рет сынға алған еді. Бірақ тізгін-шылбырды қолға ала салып, бар билік менде деп төңірегіне тамыр-танысын, жақын-жұрағатын, тағы басқаларды жиятындар айылын тартар емес. Ел көріп, біліп, отырса да олар Президент сөзін сырттай қабылдағанмен, ішкі есептерінен жаңылмай келеді.

 Сондай-ақ осы басылым Парламент Сенатының депутаты, экономика ғылымының докторы Елеусін Сағындықовпен болған «Қазақстандық дамудың жаңа тұжырымдамасы» атты сұхбатты жариялады. Депутат онда Мемлекет басшысының биылғы жылы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында көрсетілген міндеттерге және оларды жүзеге асыруға қатысты ойларымен бөліседі.

***

«Айқын» басылымының бүгінгі санында «20 миллионға жетудің жолы бар ма?» атты мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, 2020 жылға қарай қазақтардың саны 20 миллионға жетпейді. Кеше Парламент алдында есеп берген Статистика агентігінің басшысы Әлихан Смайылов осындай көңілсіз мәлімдеме жасады. Ғалымдар Қазақстан тұрғындарының қатары елеулі өсіп жатқандығын анықтапты. Бір қуантарлығы, бұл бақуатты Қазақ еліне қаптап қоныстанушы мигранттардың емес, негізінен, халқымыздың өзінің табиғи өсімінің есебінен болып отыр екен. Ал бір қынжылтарлығы, соның өзінде, Статистикалық агенттіктің есептеуінше, қазақстандықтардың саны 7 жылдан кейін 18,7 миллионға әзер жетпек.

Осы басылым бетінде жарияланған «Енді атқарған жұмысына қарай ақша алады» атты мақалада еліміздің кардиохирургтары АҚШ-тағы әріптестерімен бірдей жалақы алатындығы айтылған. Бұны кеше «Қазақстандық интервенциялық кардиологтар және рентгенхирургтер қоғамы» республикалық бірлестігінің тұңғыш съезінде Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов мәлімдеген. Оның сөзінше, Денсаулық сақтау министрлігі дәпігерлердің еңбектерін лайықты бағалау мақсатында, олардың айлық жалақыларын көтеру мәселесіне шындап кірісіп жатыр. Бұл үшін арнайы бағдарлама да әзірленген. Сондықтан болашақта отандық дәрігерлердің айлықтары атқарған жұмыстарына сай болады.

***

«Тестінің төменгі межесін 60 ұпайға көтеруге қатысты ұсыныс қабылданған жоқ». Білім және ғылым министрлігі, Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиевтің «Алаш айнасы» басылымына берген сұхбаты осындай тақырыппен жарияланды. Орталық директорының айтуынша, негізінен бірыңғай ұлттық тестілеу кезінде көбінесе техникалық қателер болады, Мәселен, өткен жылы тестіге 126 мың бала қатысты. Демек, олар үшін 126 мың тест кітапшасы басылды. Ол кезде 108 қате табылды. Оның басым бөлігі - техникалық қателер. «Тест кітапшасын бастырған кезде, тестінің жауабы дұрыс басылмай немесе мүлдем көрсетілмей қалған. Ал тестінің мазмұны бойынша, кеткен қателер көп емес. Олар көбінесе тарих, математика және қазақ тілі сияқты міндетті пәндер бойынша жиі кездеседі»,-дейді Қ.Әбдиев. Оның ұлттық бірыңғау тестілеуге қатысты мәліметтерімен «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санынан таныса аласыздар.

***

«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл 15 миллион тонна астық жинаймыз деп жоспарлап отыр. Ресей 100 миллион, Украина бұдан екі есе аз астық жинамақ. Алайда бұл мәліметтер әзірге тек орташа мөлшермен алғандағы есеп. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жерді игеру департаментінің бастығы Анна Буцьтің сөзінше, Қазақстанның күрт өзгеретін климаттық жағдайында нақты болжам жасау қиын. Ал әзірге егін егу науқаны жоспарға сай жүріп жатыр. Дәнді дақылдарды биыл 16,3 миллион гектарға егу жоспарланып отыр. Бұл мәселелердің барлығы кеше РИА «Новости» агентігінің Астанадағы өкілдігінде өткен Астана-Мәскеу-Киев телекөпірінде көтеріліп, «Казахстанская правда» басылымында «Посевная: все по плану» атты тақырыппен басылды.

Соңғы жаңалықтар