20 наурыздан бастап Жошы хан туралы фильм кинотеатрларда көрсетіледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM - 20 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында «Жошы хан. Ұлы ұлыстың әміршісі» атты жаңа деректі-көркем фильм жарыққа шығады.

20 наурыздан бастап Жошы хан туралы фильм кинотеатрларда көрсетіледі
Фото: Майя Бекбаеваның жеке мұрағатынан

Фильм белгілі журналист әрі продюсер Майя Бекбаеваның бастамасымен Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің қолдауымен түсірілді. Көрермен деректі-көркем фильм арқылы Алтын Орданың негізін қалаушы, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан дәуіріне үңіледі.

Фильмнің бас продюсері және сценарий авторы Майя Бекбаева түсірілім өткен жылдың тамыз айында өткенін және шамамен бір айға созылғанын атап өтті. Ал кинотуындының сценарийін жазуға жарты жылдан астам уақыт жұмсалған. Айтуынша, тақырыпқа ену үшін терең зерттеу мен тарихшылардың кеңесі қажет болған.

- Жарты жыл сценарий жазылды, бір ай дайындық жұмыстарына кетті және түсірілім шамамен бір айға созылды. Одан кейін фильм постөндіріс сатысында болды, қазір толықтай дайын. Біз премьера үшін 20 наурызды арнайы таңдадық, өйткені бұл балалар үшін көктемгі демалыс басталатын уақыт. Бағасы қолжетімді болады. Бұл – комедия емес, ағартушылық, танымдық туынды. Бұл –біздің тарихымыз және оны білу өте маңызды, - деді Майя Бекбаева.

Продюсердің айтуынша, фильм түсіру идеясы өткен жылы Ұлттық Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың 800 жылдығына атап өтілетінін жариялағаннан кейін туындаған.

- Бұл дәл көркем фильм деуге келмейді, жаңа формат — деректі-көркем жоба, көркем сахналарды қамтитын журналистік авторлық туынды. Көрерменге бұл формат қаншалықты ұнайтынын білу өте қызық. Егер адамдар киноға қуана келсе, онда біз жобаларды осы бағытта түсіруді жалғастырамыз. Бірақ мен бұл жобаға қатты сенемін, - деді ол.

Фильмді түсіру үшін кино команда белгілі түркітанушы Тимур Козыревпен кеңесіп, сол кісінің көмегімен диалогтарды түркі және моңғол тілдерінде жазған. Фильмде бұл диалогтар сақтала отырып, орыс тіліне дубляждалған, сондай-ақ тілінде субтитрлер қойылған.

- Біз фильм үшін орыс тілін таңдадық, өйткені ол әртүрлі платформалар мен интернетте таралады. Біздің фильмді орыс тілді аудитория, соның ішінде ТМД елдерінде көргеніне мүдделіміз. Сондай-ақ бұл қазақ тілін білмейтін, Қазақстанда тұратын орыс тілді аудиториямызға қажет. Олар біздің тарихымызды білуі үшін біздің идеологияның табалдырығынан тыс қалмауы маңызды, - деді ол.

Кастинг Алматы мен Астана қалаларында өткен және онлайн-кезеңнен басталған. Актерлер диалогтарды жазып, бейнежазбалар жіберген, кейін командамен жеке кездесіпті.

- Біздің режиссер Архат Ордабайдың кеңесі бойынша бас кейіпкер – Жошы ханның рөлін жас актер Шынғыс Бейбітұлы сомдады. Шыңғыс ханға келетін болсақ, шешімді бірден қабылдадық. Оның рөлі талантты актер Болат Ұзақовқа бұйырды. Бақытымызға орай, оның түсірілімге уақыты мен мүмкіндігі болды, біз оны жобаға қуана шақырдық, - деді Майя Бекбаева.

Еске салайық, бұған дейін Жошы хан туралы халықаралық тарихи сериалдың түсірілімі басталғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар