20 желтоқсан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 20 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.

20 желтоқсан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

20 желтоқсан СЕНБІ

Адамдар ынтымақтастығының халықаралық күні. Кедейшілікті жоюмен күрес жөніндегі БҰҰ-ның бірінші онжылдығы шеңберінде 2005 жылғы желтоқсанның 22-інде Бас Ассамблея жыл сайын желтоқсанның 20-ы Адамдар ынтымақтастығының халықаралық күні деп шешім шығарды. Бұл шешімді қабылдау кезінде Бас Ассамблея Мыңжылдық декларацияда ынтымақтастық XXI ғасырдағы халықаралық қатынастар негізі болып табылатын түпкілікті және салалы құндылық деп танылғанын еске салды.

Ресей Федерациясының қауіпсіздік органы қызметкерлерінің күні.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

6 1 жыл бұрын (1953) Ақмола-Павлодар темір жол желісі пайдалануға берілді.

4 4 жыл бұрын (1970) Сұлтан Қожықовтың қазақтың ұлттық кинематографиясы алтын қорының мұрасына айналған әйгілі кинотуындысы «Қыз Жібек» экранға шықты.

Фильм кезінде бір-бірімен жауласқан қазақ тайпаларынан шыққан жігіт пен қыздың трагедиялық махаббаты жөніндегі қазақ халық эпосына негізделген. Туынды көпшілік қауымның көзайымы, нағыз халық киносына айналды және әлемнің 70-тен астам елінде тамашаланды.

Туындының басты рөлдеріндегі Төлеген мен Қыз Жібектің рөлдері сол уақытта небәрі 17-ге толған жас актерлер Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешоваға бұйырды. Фильм Алматы облысының Күрті ауданында, Іле өзенінің жағасы мен Жаркентте түсірілді. Қазақтың ең танымал фильмдерінің бірін шығарғаны үшін режиссер Сұлтан Қожықов Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Үздік кинотуындының сценариін жазған Ғабит Мүсірепов болатын.

2 3 жыл бұрын (1991) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңы қабылданды.

20 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының үлкен залында Орта Азияның көрнекті ғалымы Ұлықбек Мұхаммед Тарағайдың 600 жылдығына (1394-1449) арналған ғылыми конференция болып өтті.

1 2 жыл бұрын (2002) Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен БҰҰ-ның мемлекеттік қызмет күні бекітілді.

9 жыл бұрын (2005) Шығыс Қытай теңізінің үстіне салынған құрлық пен аралды қосатын әлемдегі ең ұзын көпір құрылысы аяқталды. «Дунхай» деп аталатын көпірдің жалпы ұзындығы Шанхай қаласының шетінен Шэнсы аралы архипелагына дейінгі 32,5 шақырымды алып жатыр. Көпір құрылысы Шанхай қаласының қаражатына салынған. Жобалаушылардың айтуынша, көпір 12 балдық тайфун күшіне төтеп береді және автөліктер сағатына 80 шақырымдық жылдамдықпен жүре алады.

9 жыл бұрын (2005) Елбасы «Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымы шеңберінде құпия ақпараттарды сақтауды өзара қамтамасыз ету жөніндегі Келісімді бекіту туралы» Заңға қол қойды. Онда Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымына қатысушы мемлекеттердің қызметінде пайдаланылатын құпия ақпараттарды қорғау саласындағы ынтымақтастықтың құқықтық негіздері айқындалады. Мемлекет басшысы сонымен қатар «Қазақстан Республикасы мен Швеция Корольдігі Үкіметі арасындағы халықаралық жолаушылардың автомобильдік тасымалы және жүктер туралы Келісімді бекіту туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Норвегия Корольдігі арасында қосарланған салық салуды болдырмау жөніндегі және кіріс пен капиталға салынатын салықты төлеуден жалтаруды жою туралы Конвенцияны бекіту туралы» Заңдарға да қол қойды.

8 жыл бұрын (2006) Румыния елордасында Бухарест университетінің, Экологиялық университетінің және Спиру Харет университетінің профессоры А.Караджидің «Қазақстан - Орталық Азияның барысы» атты кітабының таныстырылымы өтті. «Михай Эминеску» Халықаралық баспа қоры Қазақстанның Бухарестегі дипломатиялық миссиясының қолдауымен шығарылған кітапта Қазақстан, оның туристік жетістіктері туралы мәліметтер, сондай-ақ республиканың байырғы кезеңнен қазіргі дәуірге дейінгі қысқаша тарихы берілген.

8 жыл бұрын (2006) Астанада Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшілігінің ресми ашылу салтанаты өтті.

8 жыл бұрын (2006) Алматыда олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов туралы кітаптың таныстырылым салтанаты өтті. Бекзат Саттарханов (1980-2000) - 2000 жылғы Сиднейдегі Олимпиада ойындарының чемпионы, «Барыс» орденінің бірінші дәрежедегі кавалері. Кітап «Қазығұрт» баспасында басылып шыққан, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған. Отбасылық мұрағаттан алынған суреттер және көптеген спорт журналистерінің фото суреттері пайдаланылған. Фотоальбом чемпионның спорттағы «шыңға жеткен» жеңістері хроникаларынан басталады. Кітаптың таралымы - 3000 дана.

7 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекттік шекараны күзету жүйесін жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік шекара мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға, сондай-ақ халықты әлеуметтік қорғау деңгейін арттыруды қарастырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамту және еңбек мәселелері жөніндегі өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды. Елбасы сондай-ақ 1994 жылғы сәуірдің 15-індегі «Еңбек миграциясы және еңбекші-мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы бекіту туралы» және «Қазақстан Республикасының үкіметі мен Польша Республикасының үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісімді бекіту туралы» Заңдарға қол қойды.

6 жыл бұрын (2008) Қазақстандағы балалар хирургиясының негізін қалаушы, балалар хирургиясы мен педиатрия институтының директоры, медициналық ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының академигі Қамал Ормантаевқа «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді.

5 жыл бұрын (2009) Алматыда белгілі журналист-зерттеуші, жазушы Жарылқап Бейсенбайұлының «Шоқан» атты кітабы жарық көрді.

Жарылқап Бейсенбайұлы 1969-1990 жылдары «Жас Алаш» газетінде қызмет істеді. 1990-1997 жылдары - «Ана тілі» газетінің тұңғыш бас редакторы. 1997-2010 жылдары - «ҚазАқпарат» ҰК» акционерлік қоғамы Қазақ редакциясының бас редакторы қызметтерін атқарған. 2010 жылдан бастап - «ҚазАқпарат» ҰК» акционерлік қоғамы Төте жазу сайтының жетекшісі болды.

Оқырман қауымға ол «Буырқанған бояулар», «Әдеп әлемі», «Қазақ шежіресі», «Арғы түрктер ақиқатының ізімен» атты кітаптарымен таныс.

2 6 жыл бұрын (1988) Вена қаласында өткен нашақорлықпен күрес жөніндегі халықаралық конференцияда БҰҰ-ның есірткі заттарды заңсыз таратуға қарсы күрес туралы конвенциясы қабылданды.

4 жыл бұрын (2010) Ржевте осы қала түбінде шайқасқан қазақстандық жастардан құрылған 100-ші және 101-ші атқыштар бригадасы жауынгерлерінің мемориалы салтанатпен ашылды.

4 жыл бұрын (2010) Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасында белгілі ғалым, академик Әжес Сейтешевтің 30 томдық педагогикалық шығармаларының таныстырылымы болды.

4 жыл бұрын (2010) Қазақстанда тестілік режимде спутниктік хабар тарату іске қосылды.

3 жыл бұрын (2011) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ТМД мемлекет басшыларының бейрәсми мерейтойлық отырысына қатысты.

3 жыл бұрын (2011) ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы барысында Ұйым төрағалығы Қазақстанға көшті.

3 жыл бұрын (2011) Астана әкімдігі Еуропалық сапа менеджменті қорының сертификатына ие болған Қазақстандағы алғашқы мемлекеттік орган болды.

3 жыл бұрын (2011) ҚХР ШҰАӨ делегациясы ҚР Ұлттық кітапханасына Қытай туралы - оның тарихы, танымал қайраткерлері, туризм, көрнекі орындары, дәстүрлері мен халықтық кәсіпшілігі туралы кітаптарды сыйға тартты. Барлығы 48 атаудағы 216 кітап берілді.

2 жыл бұрын (2012) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесіп, 2013-2015 жылдарға арналған ҚР мен РФ Үкіметтері арасындағы өзара бірлескен іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды.

2 жыл бұрын (2012) «Меломан GRAND» дүкенінде Қазақстан ескерткіштері мен тарих, мәдениет және география көрнекті орындарының «Алтайдан Каспийге дейін» Атласы таныстырылды.

1 жыл бұрын (20103) Алматыда Жамбыл атындағы филармония ғимаратында «Президенттің сыныптастары» кітабының таныстырылымы болды.

1 жыл бұрын (2013) Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ-ға «Парыз» сыйлығының гран-приін тапсырды.

1 жыл бұрын (2013) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік сарайында 2013 жылғы инвестициялық жобалардың таныстырылымына арналған жалпыұлттық телекөпірге қатысты.

ЕСІМДЕР

101 жыл бұрын (1913-1989) актер, Қазақстанның халық әртісі, Жамбыл облыстық драма театрының негізін қалаушылардың бірі СӘКИЕВ Шәріпбай Қашқынбайұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысының Байзақ ауданында туған. Ташкенттің театр-көркемсурет институтының режиссерлық бөлімін бітірген. Сахналық өнер жолын 1936 жылы бастаған. Жамбыл облыстық драма театрының сахнасында ойнаған рөлдері қатарында Кебек, Есен, Еспембет, Жантас, Тәнеке, Қобыланды, Жабай, Арыстан (М.Әуезов «Еңлік - Кебек», «Түнгі сарын», «Қара қыпшақ Қобыланды», «Қарагөз», «Айман - Шолпан»), Қодар, Қозы, Ақан, Амангелді (Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Ақан сері - Ақтоқты», «Амангелді»), Алдар көсе (Ш.Құсайынов «Алдар көсе»), Жәңгірхан (М.Ақынжанов «Исатай - Махамбет»), Абай (М.Әуезов пен Л.Соболев «Абай»), Ипполит, Дудукин (А.Островский «Мысыққа күнде той бола бермес», «Жазықсыз жапа шеккендер»), Фердинанд (Ф.Шиллер «Зұлымдық пен махаббат»), Скапен (Ж.Мольер «Скапеннің айласы»), т.б. бар. Режиссурамен шұғылданып, бірқатар спектакльдер қойған. 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан.

«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.

100 жыл бұрын (1914-1979) Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, актер ТҰРСЫНОВ Жүсіпбек дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Павлодар облысында туған. 1937-1951 жылдары Ақтөбе мен Жамбыл облыстық драма театрларында қызмет еткен. 1952 жылдан - Шымкент облыстық драма театрының актері. Махамбет (М.Ақынжановтың «Исатай-Махамбет»), Жантық, Жағыпар (Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» және «Амангелді»), Арыстан, Көбей, Керім (М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» және «Еңлік-Кебек», М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай»), Боқай (С.Адамбековтің «Біздің үйдің жұлдыздары»), Базарбай (Ә.Ордабаев пен Қ.Шаниннің «Сенім күші»), Қатай (С.Жүнісовтің «Ажар мен ажал»), Қарасай (Б.Майлиннің «Шұға»), Әли (Р.Ғамзатовтың «Тау қызы»), Подколесин (Н.Гогольдің «Үйлену») сияқты күрделі де қиын образдарды сомдады. Қызыл Жұлдыз орденімен және медальдармен марапатталған.

90 жыл бұрын (1924-1975) ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор БЕРЖАНОВ Қартбай Бекемұлы дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында туған. Қазақ педагогикалық институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының оқытушысы, доценті, проректоры, Алматы облыстық білім беру бөлімінің меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыты - революцияға дейінгі Қазақстандағы оқу-ағарту ісі мен жаңа кезеңдегі (1917-1941) Қазақстан мұғалімдерінің қоғамдық, мәдени-ағарту қызметі. «Педагогика тарихы» атты жоғарғы оқу орындарына арналған қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтың авторы.

8 6 жыл бұрын (1928-1988) жазушы, филология ғылымының докторы ДҮЙСЕНОВ Мырзабек дүниеге келді.

Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетін, Қазақ КСР Ғылым академиясының аспирантурасын бітірген. Ұзақ жылдар бойы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы жанындағы М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі болған. Қазақ кеңес әдебиеті тарихының очеркін, қазақ әдебиеті тарихын жазуға белсене қатысқан. М.Қаратаевпен бірге орта мектептің орыс сыныптары үшін «Қазақ әдебиеті хрестоматиясын» құрастырған. «Мен қалай торғай болдым?», «Жолың болсын», «Қалыңдық», «Ана махаббаты», «Гүлжан сүйеді», «Меймандар», «Ант», «Үміт», «Біз күн перзентіміз», «Әдебиеттегі мазмұн мен түрдің бірлігі», «Ілияс Жансүгіров», «Ақын мұраты», «Ұлы Октябрь шуағы» (Т.Кәкішевпен бірігіп), «Халық ақындары творчествосының көркемдік сипаты», «Бір аспанның астында», «Ғасырлар сыры» әңгімелер жинағының, 10-нан астам повестердің, монографиялардың авторы. «Гүлжан», «Ана махаббаты» повестері орыс тіліне, «Емтихан» повесі өзбек тіліне аударылған.

7 6 жыл бұрын (1938) ақын СЕКСЕНБАЕВА Әдия дүниеге келді.

Шығыс Түркістанның Шәуешек қаласында туған. Абай атындағы Қазақ педогогикалық институтының филология факультетін бітірген. «Білім және еңбек», «Қазақстан әйелдері» журналдарының аға әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1980-1994 жылдары «Жазушы» баспасының редакторы, аға редакторы, бөлім меңгерушісі болған. 1994 жылы зейнет демалысына шыққан. 1969 жылы «Жас керуен» жинағына ақынның бір топ өлеңдері енген. 1983 жылы оның жырлары «Шуақ» деген атпен «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Көркем аударма саласында монғол, қарақалпақ, татар, башқұрт, түрікмен, орыс, латын, қырғыз ақын-жазушыларының әңгімелері мен өлеңдерін, татар жазушысы И.Салаховтың «Емендер тамыр жайғанда» романын қазақ тіліне тәржімалаған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталған.

72 жыл бұрын (1942) қазақтың белгілі жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ИСАБЕКОВ Дулат дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында туған. Жазушы, драматург. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген (1966). Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға редактор (1967-1968), Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор (1968-1970), «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі (1971-1976), «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі (1976-1980), Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлықредакциялық коллегияның бас редакторы (1980-1988), Қазақ теледидарының бас директоры (1988-1992), «Жазушы» баспасының директоры (1992-1995), Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ҚР Мәдениеттану ғылымизерттеу институтының директоры болып істеген. Қазір «Мәдениет» журналының бас редакторы. Алғашқы әңгімесі «Жолда», «Замандастар» атты жинақта 1963 жылы жарияланды. Кейін «Бекет» (1966), «Ащы бал» (1969), «Мазасыз күндер», (1970), «Қара шаңырақ» (1973), «Тіршілік» (1975) повестер мен әңгімелер жинақтары, «Қарғын» (1980) романы басылды. Таңдамалы повестері «Екі жиырма» (1983) деген атпен жарық көрді. Бірқатар шығармалары орыс тілінде аударылып, «Полынь» (1978), «Отчий дом» (1979), «Смятение» (1986), «Новоселье в старом доме» (1986) деген атпен басылды. Жекелеген туындылары венгр, неміс, поляк, чех тілдерінде жарияланды. «Ректордың қабылдау күндері» (1975), «Әпке» (1977), «Ертеңді күту» (1979), «Мұрагерлер» (1982), «Алыстан келген ананас» (1984), «Кішкентай ауыл» (1986), «Анасын аңсаған қыз», «Ескерткіш операциясы», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Бонапарттың үйленуі», «МұңлықЗарлық», «Амал мен айла» т.б. пьесалары республикалық, облыстық театр сахналарында қойылды. Таңдаулы пьесалар жинағы «Жеті желкен» деген атпен 1987 жылы жарық көрді. Жекелеген туындылары бойынша «Гауһар тас» (реж. Ш.Бейсембаев, 1975), «Дермене» (реж. А.Әшімов, 1986), «Тауқымет» (реж.Ұ.Қолдауова) көркем фильмдері түсірілді. Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлығының (1985, «Мұрагерлер» пьесасы үшін), ҚР Мемлекеттік сыйлығының (1992), Халықаралық ПЕН клуб, Платиналы «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты (2006).

64 жыл бұрын (1950) ҚР Білім және ғылым министрлігінің География институтының директоры МЕДЕУ Ахметқал Рахметоллаұлы дүниеге келді.

Талдықорған облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, географ. 1977-1978 жылдары - Қазақстан ЛКСМ Талдықорған облыстық комитетінің нұсқаушысы. 1978-1987 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясының геологиялық ғылымдар институтының инженері, кіші ғылыми қызметкері. 1987-2000 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясының География институтының ғылыми қызметкері, аға ғалыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, директорының орынбасары., бас ғылыми қызметкері. 2000-2001 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі. Қазіргі қызметінде - 2001 жылдан бері.

5 8 жыл бұрын (1955) Қазіргі заман өнері мұражайының (Астана қаласы) директоры ШИВРИНА Нелли Викторовна дүниеге келді.

Свердлов облысының Волчанск қаласында (РСФСР) туған. Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. 1973-1975 жылдары - Целиноград облысы Шортанды ауданының Елизаветград мектебінің мұғалімі. 1979 жылдан - Целиноград облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері, өлке тарихы, этнографиясы және археологиясы бойынша лектор, 1992 жылдан - Ақмола облыстық әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің мәдениет және спорт мәселелері бойынша бас маманы. Қазіргі қызметінде - 1999 жылдан бері.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Шапағат» (2007), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен марапатталған, «Мәдениет қайраткері», Польша Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.

5 4 жыл бұрын (1960) Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының директоры - көркемдік жетекшісі ӘБДІРАХМАНОВ Сәкен Сейітқалиұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Күләш Байсейітова атындағы Республикалық орта-арнайы музыка мектебін, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген.

1982-1998 жылдары - «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің әртісі, директоры. 1998-1999 жылдары Астана қаласы Мәдениет департаменті өнер бөлімінің бастығы. 1999-2002 жылдары - «Жастар» сарайының директоры, Конгресс-Холлдың көркемдік жетекшісі. 2002-2006 жылдары - Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының бас директоры. 2006-2008 жылдары - Астана қаласы Мәдениет департаментінің директоры. 2008 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.

Әбдірахмановтың қолдауы және ұйымдастыруымен «Наз» халық би театры, жасөспірімдер театры, Астаналық балет компаниясы сияқты жаңа ұжымдар пайда болды. «Астана самалы» атты үрлемелі оркестрлер фестивалі, «Серпер» халық аспаптарының халықаралық фестивалі, Нұрғиса Тілендиев атындағы «Өз елім» музыкалық фестивалі, «Шашу» халық би фестивальдарының бастамашысы болып табылады.

Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» «Астана» медальдарымен марапатталып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісіне ие болған.

5 2 жыл бұрын (1962) ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары БІЛІСБЕКОВ Нұрғали Дәулетбекұлы дүниеге келді.

Шымкент қаласында туған. Қазақ химия-технологиялық институтын, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Жоғарғы курстарын, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген.

1985-1988 жылдары - КСРО Сауда министрлігінің «ҚазҒЗИгипроторг» институтының инженері. 1988-1989 жылдары - Қазақстан ЛКСМ Совет аудандық комитетінің хатшысы. 1991-2000 жылдары - ҚР ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкері. 2000-2001 жылдары - ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бөлімінің бас сарапшысы. 2001-2007 жылдары - ҚР ҰҚК Экономикалық қауіпсіздік департаменті бастығының бірінші орынбасары, бастығы. 2007 жылы - ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары. 2009 жылы - ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті бастығының міндетін атқарушы. 2010-2013 жылдары - ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментінің бастығы. Қазіргі қызметінде - 2013 жылғы наурыздан бері.

ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, 2 медальмен марапатталған.

8 7 жыл бұрын (1927) Корея Республикасының бұрынғы президенті (1993-1998) Ким Ён Сам дүниеге келді.