200-ден 200 мың теңгеге дейін: Отандастарымыз су тасқынынан зардап шеккендерге көмек жинауда

көмек
Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жеке тұлғалардан 500 млн теңгеден астам қаражат жиналған. Бұл туралы «Біз біргеміз» жалпыұлттық телемарафоны барысында «Қазақстан халқына» қорының ресми өкілі Марат Мұхамедсалиев айтты.

«Студияға шығар алдында әріптестерімнен деректерді нақтылаған едім. Осы уақытқа 4 млрд 770 млн теңге жиналды. Бұл — 1 сәуірден бастап түскен қайырмалдық қаражат. Олардың ішінде ірі сома да бар. Мәселен, Aqniet Group 1 млрд 300 млн, Халық банк 950 млн теңге аударды. Ірі құрылыс компаниялары, логистикалық сектор да аударып жатыр. Ал жеке тұлғалардың үлесіне шамамен 500 млн теңге тиесілі. Яғни, ол сіз бен біз сияқты қарапайым адамдардан түскен ақша»», — деді «Қазақстан халқына» қорының ресми өкілі Марат Мұхамедсалиев.

Оның атап өтуінше, су тасқынан зардап шеккендерде үй салуға қаражат бөлу үшін қор мен облыс әкімдіктері арасында меморандум жасалады.

Яғни, бұл ретте жергілікті атқарушы орган тапсырыс беруші болады. Жаңа үйдің қай жерде салынатындығына, оның кімге берілетіндігіне қатысты хаттама жасалып отырады. 

Ал «Халық» қайырымдылық қорының атқарушы директоры Нариман Әбілшайықов Тимур Құлыбаев бөлген 30 млрд теңгені қоса алғанда 31 млрд теңгеден астам қаражат су тасқынымен күреске және оның салдарын жоюға жұмсалатынын айтады. 

«Бүгінде әрбір азамат „Хоум“ банк қосымшасынындағы төлемдер-қайырымдылық бөліміне кіріп, одан „Халық“ қайырымдылық қорының реквизитіне қаражат аудара алады. 1 сәуірден бері Инстаграмдағы парақшамызда бұл ақпаратты жариялап келеміз. Бүгінге дейін азаматтарымыз 12 млн теңге аударды. 200 теңгеден астам 200 мың теңгеге дейін қаражат аударған отандастарымыз бар. Жалпы, бүгінге дейін „Хоум“ банк қосымшасында 6 мыңнан астам транзакция жасалды», — деді ол.

Жалпы, еліміздің мецанаттары 200 млрд теңгеден астам қаражат жинады. Бұл қаражат су тасқынан зардап шеккен өңірлерде үйлер, мектептер, балабақшалар, жолдар салуға жұмсалады.

«Қазақстан халқына» қоры мен басқа да қорлардан 15 млрд теңге қаражат түсті.

Мұнан бөлек, Қаржы министрлігінің мәліметінше, Үкімет резервінде тағы 55 млрд қаражат бар.

Қаражаттың барлығы су тасқыны салдарын жоюға жұмсалады.

Жиналған қаражатттың әр тиының мақсатқа сай жұмсалуын жемқорлыққа қарсы қызмет жіті бақылауында ұстайды.

Соңғы жаңалықтар