2000 жылдық тарихы бар Шымкент қалай турист тартып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Jibek Joly телеарнасының «Таза қала» жобасы бұл жолы Шымкенттің туристік мекендерін назарға алып, олардың келушілерге қаншалықты қолайлы екенін саралады.
Көне шаһардың келбеті қандай?
Бағдарлама жүргізушілері алдымен «Шымқала» тарихи-мәдени кешеніне ат басын бұрды. Қошқар ата мен Бадам өзендерінің аралығында орналасқан көне шаһар орнында 2003-2020 жылдар аралығында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде аумақ 2021 жылдан бері ашық аспан астындағы мұражай ретінде келушілерге есігін айқара ашты.
Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында кешенге 5 мыңға жуық адам келген. Оның мыңға жуығы – шетелдік туристер.
– Еуропа елдерінен, Қытайдан, Германиядан келетін туристер көп. Кейде ғылыми мамандар да келіп жатады. Олар туристік нысанның жай-күйін саралайды. Бір турист 2023 жылы археолог ретінде келгенінде мұнда тіпті шөптің болмағанын айтты. Қазір көркі арта түсті деп айтады, – дейді музейдегі экскурсия жетекшісі.
Аумағы 4,5 гектарды құрайтын кешеннің ең биік нүктесінен Шымкент шаһары алақандағыдай көрінеді. Мұндағы мәдени қабаттардың тереңдігі 14 метрге дейін жетеді. Келушілер үшін бағыттаушы ақпараттық тақтайшалар орнатылған, жаяу жүргінші жолдары тегіс әрі ыңғайлы.
Демалыс орындары, шолу алаңдары мен дәмхана жұмыс істейді. Ал гидтер экскурсияны үш тілде жүргізеді.
– Шымкент – Өзбекстанмен шекаралас қала. Жалпы, Қазақстанның кез келген жерінде әдемі нысандар көп. Табиғаты да тартымды. Шымкент те мені қызықтырды. «Шымқала» кешенінде цистерна мен түрмесі бар қала таңғалдырды. Алайда қалада туризм қатты дамыған деп айта алмаймын. Бірақ мүмкіндік болса келу қажет. Оның үстіне бұл жерден Ташкентке немесе басқа елдерге сапарлауға болады, – дейді Қытайдан келген турист.
Ашық аспан астындағы мұражайды лас деуге келмейді. Аумағы күтіп ұсталған. Дегенмен қоқысын тастап кететін туристердің бары байқалады.
– Күнделікті кешкі сағат 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Нысан аумағының тазалығын қамтамасыз етуге тырысамыз. Бірақ туристер өзімен бірге тағам-сусындарын әкеліп, кейбірі тарихи нысанға тастап кетеді, – дейді Шымкент қалалық музейлер бірлестігі шаруашылықты қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Әйгерім Болатқызы.
Шымкент зообағы: жағдай бар, жауапкершілік ше?
Келесі нысан – Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағы болды. 1980 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан зообақ бүгінде өңірдегі ең танымал демалыс орындарының бірі саналады. Мұнда жануарлардың 306 түрі мекендейді, ал олардың жалпы саны 3500-ден асады.
Келушілер үшін қажетті жағдай қарастырылған. Аумағында 110 көлікке арналған екі тегін автотұрақ бар. Ақпараттық тақтайшалар мен QR кодтар орнатылған. Биолог мамандар экскурсия жүргізіп, жануарлар әлемі туралы мағлұмат береді. Тіпті мұнда Астана есімді керік те бар екен. Оны 15 жыл бұрын Оңтүстік Африкадан әкелген.
Соңғы жылдары зоосаябақта инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқын алған.
– Мемлекеттік саябаққа 2024 жылы 550 мыңнан аса келуші келді, 2025 жылы 716 мың адам тамашалауға келді. 4 мың шақырым аумаққа асфальт жабындысы төселді. 1000 шаршы метр аумақ брусчаткамен көмкерілді. Келушілерге жағдай жасалған, жаяу жүргінші жолдары да қарастырылған. Арнайы газон егілген аумақтар бар. Жаздық, қыстық қоршаулар жасалған. Заманауи дәретханалар іске қосулы, – дейді Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағының ғылыми-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Бағдат Әмзебек.
Жалпы аумақ таза әрі күтімді көрінеді. Дегенмен мәселе тек инфрақұрылымда емес, келушілер мәдениетінде де болып тұр. Ескерту тақтайшаларына қарамастан, кейбір тұрғындар жануарларды рұқсатсыз азықтандырып, қоқысты кез келген жерге тастап кетеді.
Ал санитарлық жағдайға келсек, бүгінде зоосаябақта бес дәретхана жұмыс істейді. Оның үшеуі жаңадан салынған. Сондықтан қазіргі қажеттілікті өтеп тұр деуге болады. Алайда жоспарланған нысандардың бірі әлі күнге дейін аяқталмай, ұзаққа созылған құрылысқа айналған.
– Өткен жылы тендер ұтқан мекеме бір дәретхананы салды. Содан соң келесісіне кіріскісі келді. Алайда оған мүмкіндіктері болмады. Қазір жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Енді құрылысты басқа мердігер қолға алмақ, – деп түсіндірді Шымкент мемлекеттік зоосаябағының директоры Зүлфия Ғаниева.
Шипалы өзеннің шырайы
Сапар Шымкенттің символына айналған «Қошқар ата» өзенінде жалғасты. Қаланы қақ жарып, ортасын бойлай ағатын өзен – табиғи нысан ғана емес, тұрғындар мен қонақтар жиі келетін демалыс орны. Әсіресе емдік қасиетімен танылған бұлақ суына жыл он екі ай келушілер көп. Буын, сүйек және ас қорыту жүйесі сыр берген жандар шипалы су іздеп осында келеді. Ал жаздың аптап күндерінде жағалаудан бос орын табу қиын. Кіру тегін болғандықтан мұнда жас та, жасамыс та көптеп жиналады.
2010 жылы «Қошқар ата» жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін алған. Аумағы 12 гектарды құрайтын бұлақ бастауын абаттандыру жұмыстары 2014 жылы қолға алынса, 2017-2018 жылдары өзеннің ескі қалашық маңындағы бөлігінде ауқымды жаңғырту жүргізілген.
Соның нәтижесінде келушілерге қолайлы жағдай жасалып, аумаққа күзетшілер мен учаскелік полицейлер бекітілген. Бүгінде бұл жер шетелдік туристердің де қызығушылығын тудырып отыр.
– Шымкентте күннің көзі мол. Климаты ұнады. Өткенде Сайрам-су және Ақсу шатқалына бардық. «Қошқар ата» бұлағындағы судың температурасы 12 ай бойы 13 градус мөлшерінде тұрады екен. Келушілерге жағдай жасалған. Бұл жақ та ұнады, – дейді Үндістаннан келген турист.
Әлемде қаланың дәл ортасынан бастау алатын өзендер өте сирек кездеседі. «Қошқар ата» – солардың бірі. Ол еш кедергісіз ағатын болса, 600 гектарға жуық жерді суландыруға қауқарлы. Бұлақтың емдік қасиеті туралы аңыз-әңгімелер аз емес. Сондықтан бастау көзінен су алып кететіндер жиі кездеседі.
Алайда табиғаттың сыйын бағалай бермейтіндер бар. Жағалауда қалған тұрмыстық қалдық пен өзен бойына тасталған қарбыз қабықтары соның дәлелі. Ем іздеп келгендердің бәрі бірдей табиғатқа жанашырлық таныта бермейтіндей әсер қалдырды. Тазалық мәселесімен қатар қауіпсіздік талаптарының қаншалықты сақталып отырғаны да назар аударуды қажет етеді.
Жасыл аймаққа артылған жүктеме
Келесі бағыт – Асанбай Асқаров атындағы Шымкент дендрологиялық саябағы. 117 гектар аумақты алып жатқан нысан ағаштар мен бұталардың ашық аспан астындағы музейіне айналған.
Саябақта келушілерге қажетті жағдайдың басым бөлігі жасалған. Қоқыс жәшіктері жеткілікті, дәретханалар жұмыс істеп тұр. Балаларға арналған ойын алаңдары, ерекше қажеттілігі бар жандарға бейімделген жаттығу аймақтары мен кітапхана да қарастырылған.
– Күніне 6-10 мың арасында келушілер болады. Демалыс күндері оның саны 30 мыңға жуықтауы мүмкін. Су жетпейтін аумақтар болатын. Олқылықты орнына келтіру үшін құбыр орнатылды, – дейді дендрологиялық саябақтың директоры Есдәулет Достияров.
Алайда адам қарасы көп болған сайын жасыл желекке түсетін салмақ артады. Кей жерлерде шөп сиреген. Сарапшылардың пікірінше, саябақтың әлеуеті жоғары болғанымен, шешімін күткен мәселелер бар.
– Келетін адамның саны шектен тыс көп. Дәретхана тапшылығы бар. Әкімдік сенбілік жасап тұрады, бірақ бұл жеткіліксіз деп есептеймін. Басқарушы компанияны ауыстыру керек. 3 жыл бойы су жүйесі жұмыс істемеді. Соның әсерінен 8 мыңға жуық ағаш суарылмай, қурап қалды. Қазір ретке келтіріп жатыр деп жатыр. Алайда парктің түбінде қаралмай қалған ағаштар әлі де бар. Көгалдандыруды күшейту керек, – деп санайды экобелсенді Алтай Ордабеков.
Экобелсендінің айтуынша, мегаполис үшін жасыл аймақтардың маңызы жыл өткен сайын артып келеді. Оның пікірінше, халық саны көбейген қалада саябақтар жеткіліксіз, сондықтан қолда бар жасыл кеңістіктерді сақтап қана қоймай, олардың санын көбейту маңызды.
Жоспар мен міндет
Бағдарлама барысында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек шаһардағы туризмді дамыту, қоғамдық кеңістіктердің жай-күйі мен қаланың келбетін жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, мегаполистің басты артықшылықтарының бірі – табиғи және мәдени нысандардың бір-бірімен сабақтасуы.
Әсіресе дендрологиялық саябақтың әлеуеті жоғары. Қала тұрғындары ғана емес, туристер де жиі баратын нысан бүгінде Шымкенттің визит карталарының біріне айналып отыр.
– Дендросаябақ – әлеуеті зор кешен. Нысанның іргесі қаланған уақытта мұнда әлемдегі 500 ағаштың түрі отырғызылған. Өкінішке қарай 2020 жылдарға қарай 214-ке дейін төмендеген. Дегенмен, былтырғы жылдан бері үздіксіз жұмыс жүргізіліп, оның саны 300-ден асты, – дейді Сәрсен Құранбек.
Қала әкімдігі өкілінің сөзінше, бағдарлама барысында көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайды. Атап айтқанда, «Қошқар ата» өзеніндегі санитарлық жағдай мен қауіпсіздік талаптарын күшейту алдағы кезеңдегі басым бағыттардың бірі болмақ. Сондай-ақ «Шымқала» тарихи-мәдени кешені мен Шымкент хайуанаттар бағында анықталған кемшіліктерді кезең-кезеңімен шешу жоспарланып отыр.
Сарапшылар қандай баға берді?
Бағдарламаның дәстүрі бойынша сарапшылар қорытынды жасады.
«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Едіге Әділханов Шымкенттегі туристік мәдениетке қатысты бірқатар ескертпе айтты. Оның пікірінше, қаладағы экомәдениет толық қалыптаспаған.
– Әр жерде қалған қоқыс экомәдениеттің ақсап тұрғанын байқатты. Бұл Шымкент тұрғындары үшін ғана емес, шетелден келген туристерге де жағымсыз әсер қалдыратыны анық, – дейді Едіге Әділханов.
Ал Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің ішкі талдау басқармасының басшысы Нариман Әлдібеков инфрақұрылым жағынан қалада айтарлықтай алға жылжу бар екенін атап өтті.
Дегенмен, туризмнің толық дамуы үшін қоғамдық мәдениет қатар қалыптасуы қажет.
– 2000 жылдан аса тарихы бар қалада тұрғын да, турист те көп. Сондықтан тазалық мәселесі алға шығады. Тұрғындардың экомәдениетін дамыту қажет. Бірлесе туризмді дамыту маңызды, – дейді сарапшы.
Ал экология және табиғи ресурстар министрлігі «Ұлттық энергия үнемдеу орталығы» АҚ басқарма төрағасы Елдос Абақановтың пікірінше, Шымкентте туризм біртіндеп дамып келеді және негізгі инфрақұрылым қалыптасқан.
– Шымкентте тазалық, қажетті инфрақұрылым қалыптасқан. Бұл өлкеге турист ретінде барған азамат ретінде мұнда туризмнің дамуы жақсы деп айта аламын, – дейді спикер.
Бағдарлама қорытындысында шырайлы Шымкент жалпы есеп бойынша 29 ұпай жинады.
Еске салайық, бұған дейін бағдарламада Түркістанның туристік әлеуеті таразыланды.