2008-09 оқу жылы бойынша 7 мың 102 студент оқудан шығып қалған ? К. Шәмшидинова

АСТАНА. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылы ақылы негізде оқитын 9 мың 965 студент мемлекеттік білім гранттарына ие болды.

2008-09 оқу жылы бойынша 7 мың 102 студент  оқудан шығып қалған ? К. Шәмшидинова
Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында Партиялық бақылау комитетінің және Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында бөлінген мемлекет қаражатының пайдалануын бақылау жөніндегі комиссияның отырысы барысында Білім және ғылым вице-министрі Күләш Шәмшидинова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Тоқтала кететін жайт, бүгінгі күні республика бойынша жоғары оқу орындарында білім алатын студенттердің жалпы саны 633 мың 814 адамды құрайды. 2008-09 оқу жылының алғашқы жартыжылдығы бойынша 7 мың 102 студент оқудан шығып қалған. Яғни, биылғы жылы түрлі себептер бойынша оқудан шығып қалған студенттер саны жалпы жоғары оқу орындарында білім алатындардың 1 пайызына жуық болып отыр. Бұл - жыл сайынғы көрсеткішпен салыстырғанда едәуір төмен. Мәселен, Статистика агенттігінің мәліметтеріне сәйкес жылдарға бөліп қарастырсақ, 8-9 пайызды құрап келген», - деді К. Шәмшидинова. Вице-министрдің айтынша, жоғары оқу орындарының сырттай бөлімінде оқитындардың арасынан аталған кезеңде 245 студент оқудан шыққан. Бұл - жоғары оқу орындарындағы сырттай оқу бөлімінің студенттері санының 0,7 пайызы.