17:44, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
2008 жылғы барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша облыста оң өзгерістер байқалды
АҚТАУ. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/- Бүгін облыстық мәслихаттың кезектен тыс өткен ХІІ сессиясында баяндама жасаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдің 2008 жылғы даму қорытындысын жасады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Алдымен, экономика саласының дамуына тоқталайық, өйткені тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсарту мүмкіндіктеріміз экономиканың даму қарқынына тікелей байланысты. 2008 жылғы барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша облыста оң өзгерістер байқалды. Сыртқы факторлардың кері әсеріне қарамастан, 2008 жыл айтарлықтай ілгерлеу жылы болды деуге толық негіз бар. Экономиканың өсімі 20 пайызға таяды, ал жан басына шаққандағы жалпы аймақтық өнім өндірісінің көлемі 19 мың АҚШ доллары шамасында болды. Бұл көрсеткіш орташа республикалық көрсеткіштен (7 760 доллар) 2 есе артық (республика өңірлері арасында 2-орын), деді облыс әкімі.
«Жыл бойында облыс кәсіпорындары 1 трлн. 519 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімін өндірді. Бұл аса маңызды көрсеткіш соңғы 3 жыл ішінде 2 есе өскен. Былтыр екінші деңгейлі банктердің аймақтық экономиканы несиелендіруі 3 есеге қысқарды (2007 жылғы 133 млрд. теңгеден 2008 жылы 43,3 млрд. теңгеге дейін төмендеді). Соған қарамастан, бүгінде Қазақстанның жалпы өнеркәсіп өндірісінің 15 пайызы біздің облыс еншісінде. Мұнай өндірісінің жоспарланған көлемі артығымен қамтамасыз етілді (жоспар бойынша 17,4 млн.тонна болса, өндірілгені 18,2 млн.тонна). Табиғи газ өндірісі 2007 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артып, 4 млрд. текше метрге жетті. Соңғы үш жылда облыстың өнеркәсіп өндірісі саласындағы өңдеуші сектордың үлесі екі есе өсті, оның жалпы көлемі осы аралықта 4 есе артты. Ірі индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру жалғасып келеді. Мысалға, 2008 жылы Түпқараған ауданында теңіздегі мұнай операцияларын қолдау базалары іске қосылды, «Ерсай» ЖШС-нің теңіз портын кеңейту, толқын тоқтату құрылымының құрылысы мен жағалау айлағын кеңейту жұмыстары жасалды, «Каспиан сталь» металлургиялық зауыты, Ақтау металл бөлшектерін балқытып біріктіру зауыты, Ақтау болат құю зауытының екінші кезеңі және басқа да нысандар іске қосылды», деді Қ.Көшербаев.