2008 жылы ауылды аумақтарды дамытуға 218,7 миллиард теңге бағытталды - ҚР АШМ
АСТАНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат/Руслан Ғаббасов/ - Өткен жылы қаржыландырудың барлық көздерінен ауылды аумақтарды дамытуға 218,7 миллиард теңге бағытталды.
Оның ішінде республикалық бюджеттен 106,9 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 98,7 миллиард теңге, сондай-ақ 13,1 миллиард теңге басқа да қаржы көздерінен бөлінген. Бұл туралы бүгін Астанада ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ауылдық аумақтар істері жөніндегі комиттет төрағасы Санат Тұңғышбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2008 жылы ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы аясында республика бойынша орташа есеппен алғанда ауылдың бір тұрғынына барлық қаржы көздерінен 28,9 мың теңге бағытталды. Бұл көрсеткіш 2007 жылмен салыстырғанда 14 мың теңгеге артық», - дейді ол.
Оның айтуынша, 2008 жылы республикалық бюджет шығыстарының 36 пайызы ауылдық білім беру саласына, 18 пайызы жергілікті маңызы бар жолдарды дамытуға, 17 пайызы денсаулық сақтау саласына, 16 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етуге, 13 пайызы басқа да шараларға жұмсалған.