11:32, 29 Қаңтар 2009 | GMT +5
2008 жылы бюджетке 4 трлн. теңгеден астам түсім түсті - Б. Жәмішев
АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - 2008 жылы бюджетке 4 трлн 034,5 млрд. теңге түсті, сөйтіп 2007 жылмен салыстырғанда өсім қарқыны 139,9 пайызды құрады.

Бұл туралы бүгін Қаржы министрлігінің былтырғы жылдың қорытындысына арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде министр Болат Жәмішев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Өткен жылы экспорттық баж салығын есептемегенде, мемлекеттік кірістердің орындалуы небәрі 92 пайызды құрады, сөйтіп жоспардан 326 млрд. теңгеге ауытқу болды. Ал, 2007 жылға қарағанда өсім қарқыны бар-жоғы 1,5 пайызды құрады. Яғни, бюджеттің орындалуы мұнайға дер кезінде экспорттық кедендік баж салығын енгізудің арқасында қамтамасыз етілді», деді алқада Б. Жәмішев.Оның айтуынша, заемдар түсімін есептемегенде, 2008 жылы мемлекеттік бюджетке 4 трлн. 040,5 млрд. теңге түсім түсті. Ал мемлекеттік бюджеттен 4 трлн. 373,8 млрд. теңге шығындалды. «Былтырғы жылы бюджет тапшылығы 359,5 млрд. теңге көлемінде жоспарланғанымен, іс жүзіндегі тапшылық 332,2 млрд. теңге сомасында қалыптасты», деді министр. Б. Жәмішев өткен қаржылық жылдың бюджетін орындау экономикадағы жағдай күрделіленген тұста қамтамасыз етілгенін, соған қарамастан тұтастай алғанда министрлік бюджеттің жоспарланған параметрлерін орындай алғанын атап өтті.