13:42, 29 Қаңтар 2009 | GMT +5
2008 жылы бюджетке қосымша құн салығы бойынша 109,4 млрд. теңге түспей қалды - Б. Жәмішев
АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - 2008 жылы еліміздің бюджетіне корпоративтік табыс салығы бойынша 23,8 млрд. теңге,

қосымша құн салығы бойынша 109,4 млрд. теңге түспей қалды. Бүгін Қаржы министрлігінің былтырғы жылдың қорытындысына арналған алқа мәжілісінде бұл туралы министрі Болат Жәмішев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, корпоративтік табыс салығы бойынша бюджетке қаржының түспей қалуының басты себебі ? кен-қазба секторындағы кәсіпорындардың аванстық төлемдерінің 10 есеге төмендеуінен, яғни 74 млрд. теңгеден 4,6 млрд. теңгеге дейін азаюынан болған. Ал, қосымша құн салығы бойынша салық іс-жүзінде 15 пайызға орындалмаған. «2008 жылы қосымша құн салығының өсімі 19 пайызға теңеледі деп жоспарланған еді, іс жүзінде өсім небәрі 1,9 пайыз болды. Бұл өткен жыл бойына қосымша құн салығының белсенді өтелуімен және импорттың тежелуімен байланысты», - деді министр.