12:07, 16 Қаңтар 2009 | GMT +5
2008 жылы коммуналдық қызметтердің инфляция құрылымындағы үлесі белгіленген шектен асқан жоқ
АСТАНА. Қаңтардың 16-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - 2008 жылдың қорытындысы бойынша, коммуналдық қызметтердің инфляция құрылымындағы үлесі белгіленген шектен асқан жоқ.
Бұл туралы бүгін Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде төраға Нұрлан Алдабергенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Алқада Агенттіктің 2008 жылғы басым міндеттерінің бірі - реттелетін қызметтер тарифтерінің өзгеруінен болатын жиынтық үлесті инфляциядағы белгіленген дәлізден, яғни 1,5 пайыздан асырмау болғанын айтқан Н. Алдабергенов, жыл қорытындысы бойынша, бұл көрсеткіш 1,022 пайызды құрағанын атап көрсетті. «Оның ішінде сумен жабдықтаудың үлесі - 0,047 пайыз, кәріз ? 0,01 пайыз, жылу ? 0,393 пайыз, ыстық су ? 0,072 пайыз, электр энергиясы 0,383 пайыз , таратушы желілер бойынша тасымалданатын газ ? 0,117 пайызды құрады», деді Агенттік төрағасы. Н. Алдабергеновтің айтуынша, жүктелген міндетті орындау үшін тарифтік және техникалық реттеу механизмдері пайдаланылған. Реттелетін қызметтер түрлері бойынша тарифтерді қайта қараудың кезеңдік кестесі әзірленген. Ал, тарифтерді өзгерту жөніндегі қабылданған барлық шешімдерді жергілікті атқарушы органдар үйлестіріп, өңірдің экономикалық мүмкіндіктерімен байланыстырған. «Қойылған міндеттерді орындауға тарифтерді төмендету, уақытша өтемдік тарифтерді енгізу, субьектілер қызметіне қаржылық және техникалық сараптама жүргізу сынды бақылау шараларын жүргізу арқылы қол жеткізілді», деді ол. Оның айтуынша, сыртқы ауа температурасы өзгерген жағдайда жылу энергиясының құнын қайта есептеу бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесінде тұтынушыларға 230 млн. теңгеден астам қаржы қайтарылған. Сондай-ақ инфляциядағы үлестің төмендеуі 2008 жылы қосымша құн салығы ставкасының 14-тен 13 пайызға дейін төмендетілуі есебінен қамтамасыз етілген.