10:33, 13 Қаңтар 2009 | GMT +5
2009-2010 жылдардағы Ұлттық банктің басты міндеті ? еліміздің қаржы саласындағы тұрақтылығын қамтамасыз ету - Ә. Сәйденов
АСТАНА. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында әзірленген шаралар жоспарына сәйкес алдағы уақытта елімізде ақша-несие саясаты жеңілдетілетін болады. Бұл туралы бүгін Үкімет мәжілісінде ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Әнуар Сәйденов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Жоспарға сәйкес біз екінші деңгейдегі банктердегі кепілдік және кепілдігі жоқ несиелерді беру, Ұлттық банк пен оған қарасты мекемелердің осы банктердегі депозиттерін ашу мәселесін әрі қарай қарастыратын боламыз. Сондай-ақ Ұлттық банктің алдағы жылдардағы негізгі міндеті теңгенің тұрақтылығын немесе оның бүгінгі курсының біркелкі өзгеруін қамтамасыз ету болмақ. Осы кезде отандық алтын қорын сақтау мәселесі басты назарда болмақ. Айта кетейік, еліміздегі қаржы операцияларының көлемі екінші деңгейдегі банк қорының 50 пайызынан аспайтын болады», деді Ә. Сәйденов. Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасының айтуынша, елімізде инфляцияның алдын алу шаралары атқарылмайтын болады. Себебі бүгінде отандық экономикада инфляциялық қысым жоқ.