12:37, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
2009 жылы денсаулық сақтау мекемелеріне қымбат құрал-жабдықтарды сатып алуды тоқтата тұру қажет - Үкімет басшысы
АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов 2009 жылы денсаулық сақтау мекемелеріне бағасы қымбат құрал-жабдықтарды сатып алуды тоқтата тұруды тапсырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазіргі экономикалық жағдайды ескере отырып, 2009 жылы біз денсаулық сақтау саласының алдында тұрған маңызды проблемаларды шешуге басымдық беруіміз керек. Менің ойымша, бағасы қымбат құрал-жабдықтарды сатып алуды осы жылы тоқтата тұруға болады», деді алқада Премьер-Министр. «Белгілі бір қайшылықтар бар. Кез-келген медициналық қызметкер ресурстарды бағасы қымбат заманауи жабдықтарды сатып алуға жұмсағысы келеді. Бұл құптарлық ниет. Алайда, ол ниет әрқашан күткендегідей нәтиже әкелмейді. Қазіргі заманғы озық құрал-жабдықтарды сатып алуға болады, бірақ оны іске қосып, жұмыс істете алатын тиісті маман жоқ болса, ол ауруханада немесе емханада ескерткіш сияқты тұра береді», деді өз сөзінде Үкімет басшысы.
«Салаға қомақты қаржы бөлінуде, ауруханалар көптеп салынып жатыр. Ендігі мәселе қаржының тиімді игерілуіне келіп тіреліп тұр. Бөлініп жатқан қаржы әрқашан және барлық жерде бірдей тиімді игеріліп жатқан жоқ», деді Премьер-Министр.